Өнер • 18 Шілде, 2022

Уақыттың суреті

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Қазақстан мен Мажарстан мемлекеттері ара­­сындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуы­на орай, Мажарстан өнер академиясының мүшесі, графика суретшісі, аниматор, жазушы, Кошут атындағы ұлттық сый­лықтың лауреаты Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесі ашылды.

Уақыттың суреті

Салтанатты рәсімде му­зей директорының міндетін атқа­рушы Айбек Сыдықов екі ел ара­сындағы мәдени байланыстың маңыздылығына тоқталды.  

«Әрбір елдің ұлттық тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бол­са да өнердің шекарасы, шеті мен шегі жоқ. Суретшілер тек өзіндік көзқарасы мен кез келген шабыт тудырған объектісі туралы түрліше көріп, сезінуі және өнер арқылы сөйлете алуымен ғана ерекшеленеді. Бүгін Ұлттық музейде ашылған «Суретке салынған уақыт» көрмесі түбі бір түркі жұр­тынан таралған қазақ және мажар ұлттарының өнераралық байланысын суреттейд», деді А.Сыдықов.

Өз кезегінде Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона алғысын білдіре отыра, көрменің маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Мажарстан арасында мәдени-гу­манитарлық және басқа да сала­лар бойынша тығыз ынты­мақтастық қатынастар тұрақты дамып келеді. Бүгінгі көрме де соның жарқын көрінісі. Өзім өнертанушы болмасам да, суретші әр детальға назар
аударту арқылы тұтастай бір бейнені көз алдыңа елестетеді. Иллюзияға толы туындылар көрер­­­мендердің көңілінен шығады де­ген ойдамын», деді Отто Иван Рона.

Аталған көрмеде «Жасырыл­ған бейнелер», «Айналар мен шағылулары», «Бос» сынды туындылар топтамасы қойылды. Су­ретші шығармашылығында ерекше орын алатын даңқты ана­­мор­фозалар да көрме қонақ­тары­ның назарына ұсынылды. Бұл – абстрактылы туындылар, олардың шынайы мағынасын тек қос мағыналы сурет төңірегінде тікелей орнатылған арнайы құрыл­ғылардың – конустық немесе цилиндрлік айналардың көмегімен тамашалайды.

Айта кетейік, Иштван Орос дәстүрлі сурет салу техникасында бейнеленген визуалды парадокс­тарды және кеңістіктік елестерді пайдалана отырып, күрделі опти­калық иллюзиялар жасайды. 1984 жылдан бастап суретші грек тілінен аударғанда «ешкім» мағынасын білдіретін «Утис» (Utisz) лақап атын қолданады.

Классикалық бейнелеу өнері мектебінің шәкірті бола отырып, Иштван Орос ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүр­лерді, сондай-ақ батыл жаңа­шыл идеяларды біріктіретін, өзін­дік ерекше, қайталанбас стиль жаса­ғанын байқаймыз.

Іс-шараға дипломатиялық қо­ғамдастық өкілдері, қоғам қай­раткерлері мен суретшілер, зия­лы қауым өкілдері қатысты.