Әсіресе поэзия әлеміне салып кеткен өшпес өрнегі, мұқалмас мұрасы ерекше ақынның шығармашылығында айтылған қазақтың мұңына, қазақтың болашағына, теңсіздік пен әділетсіздіктің қанды шеңгеліне арандаған ұлтының уайымына қатысты толғамдар, толғанысты орамдар кешегі заманға ғана емес, дәп бүгінгі біздің кезеңге, біздің қоғамға арнап айтылғандай.
Ақындық табиғаты ешкімге ұқсамайтын, өзіндік жолы дара, өз алдына биік шыңға айналған Мағжан Жұмабаевтың басқасын айтпағанда, «Жатыр» деген бір ғана өлеңінен ақынның өз халқы үшін жанының қандай деңгейде күйзеліп, күңіренгенін аңғару оңай.
«Басқа жұрт аспан-көкке
асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі – ай, бірі – жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын
шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рахметіне қанып жатыр»,
– дейді ақын.
Сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың өткір мәселесіне өзегі күйіп отырып жазылған осы өлеңдегі айтылған түрлі түйткіл бүгінгі қоғамымызда бар екені, оның өңін бермей, еңсерілмей тұрғаны жалған ба? Оза шауып, төске өрлеп тұрған талай елдің қатарына қосыламыз деген талабымыздың тауы шағылып тұрғанын несін жасырамыз? Демек ақын өз өлеңі арқылы бүгінгі тірлігімізді уақыт талабына сай қамдауымыз керек екенін меңзеп тұрғанына шек келтіре алмаймыз. Бұдан біз ақынның тәні өлсе де рухы, жаны өз қазағымен бірге жасап келе жатқанын ұғамыз.
«Байларың мыңды айдаған
шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа
сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс –
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр.
Кең жері күннен-күнге құрып
жатыр,
Сұр жылан бар қан-сөлін
сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен күнге ұрып жатыр»,
– деген жолдардағы көрсетілген қынжылыс пен күйініш тудырар көріністер қазіргі қазақ қоғамында кездеспейді дегенге кім сенеді? Түрлі қитұрқы жолмен байып, сол дүниесінің арқасында билікке ұмтылып, қолы жеткен билігін одан әрі баюдың көзіне айналдырып жатқандар, кісі өлтіру, дау-дамай, ұрлық-қарлық, жеріміздің асты-үстінің қан-сөлін қалағанынша сорып семіріп, қарапайым халыққа шекесінен қарап жүргендер бүгінде аз ба?!
Мына төмендегі шумақ та бүгінгі қазақ қоғамына ой салуға тиіс.
«Шәкірттер медреседе
шіріп жатыр,
Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр.
Оқыған, дін іздеген байғұс шәкірт
Жемтікші құзғын болып
кіріп жатыр»,
дейді ақын.
Мойындауымыз керек, жарытып дін баға алмадық. Жас шәкірттер арасында тура жолға түсе алмай, әркімнің жетегіне еріп, айдауына көніп жүргендер қазіргі қазақстандық қоғамдағы өткір мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінде тұрғаны өтірік пе?
Өз заманында азаптың, қуғын-сүргіннің неше атасын көрген, «Жетсе егер қорқынышты қара түнім, Басса дерт, әлім құрып шықпай үнім, Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер, Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім», – деп өмірдегі бар үмітін өлеңмен байланыстырып, жауһар дүниелер қалдырған ақын Мағжан қазақ қоғамының бүгінгі биігінен қарап тұр.
Мағжанды оқу, Мағжанға оралу – ұлт рухын көтеру, түп тарихыңды білу, халық болып сақталып қалудың жолын іздеу, Алты Алаштың кіршіксіз таза, адал арманын түсіну, қазаққа шынайы қызмет етудің озық үлгісін білу, бұзық әрі бүкір пиғылдылардың жетегінде кетпеу амалына ден қою.
Әдебиет әлемі арқылы тәрбие ісіндегі олқылықтарды жою жұмысында Мағжанның поэзиясын кеңінен пайдалануды бір міндет ретінде қарастыру қолға алынуға тиіс. Бұл ел болашағы үшін аса маңызды.