Айырмашылығы тақымымызда ат емес, он алты адам қаз-қаз қона қалған ақ «Спринтер» көлігі. Алдымызда сексеннің сеңгіріне шықса да, сұңғақ бойын тік ұстап, сергек қимылдап, тың қозғалған Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, осы баспасөз турын ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Геральдикалық зерттеулер орталығының басшысы Асылбек Байжұмаұлы мен «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының төраға орынбасары Нұржан Игібаев мінген жеңіл көлік жол бастап бара жатты. Сонымен Қарағандыға дейін тақтайдай түзу жолмен зырғып барған біздің «аптығымыз» Қарқаралыға қарай құлдилай бергенде басылды. Жүргізуші жолдың қырық жамауынан жылдамдықты бәсеңдетуге мәжбүр болды. Десек те сәске түстен аса Қарқаралы шаһарының кіреберіс қақпасынан өттік. Астанадан ат арылтып, арнайы келе жатқан құтты қонақтарды Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын Қарқабат ананың еңселі ескерткішінің қасында қарсы алып, «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған баспасөз турын ұйымдастырушылар мен қатысушыларына өлкенің өмірімен танысуына қолдау білдіретінін жеткізді.
Қарқабат – ел анасы
Қаздауысты Қазыбектің арғы әжесі Қарқабат, Мейрам сопының сүйікті жары болған. Қарқабат күйеуінің аяғына сыз өтпесін деп, кебісін көдемен ұлтарақтап, дәрет алар құманын қойнына салып жылытқан деседі. Ажарына ақылы сай Қарқабаттың күйеуіне деген осынау сый-құрметі ақиқаттан гөрі аңызға ұқсайды. Алайда Мейрам сопы адал жарының осы асыл қасиетіне риза болып, «Ұрпағың өссін» деп ақ батасын берген екен. Дуалы ауыздан шыққан асыл сөз шындыққа айналып, Қарқабат анамыздан тараған ұрпақтар – Қаздауысты Қазыбек бастаған көптеген би, Әсет, Мәди, Қасым бастаған ақындар, небір батырлар, көсемдер мен шешендер, ал бертінде қазақ халқынан тұңғыш көкке көтерілген ғарышкер Тоқтар ағамыз елге танымал тұлғалар көшін салды. Алыстан мен мұндалап, барша қазақ баласына мейірімін төге қараған монумент қоладан қойылса да, аналық жылуын сыйлағандай әсер береді. Биіктігі тұғырымен қоса алғанда 7,5 метрді құрайтын мүсіннің авторы – белгілі сәулетші Бейбіт Мұстафин.
– Қазақта батырлығымен, қайсарлығымен тарихта қалған аруларымыз да, даналығымен, парасаттылығымен, асыл қасиетімен ардақталған аналарымыз да көп болған. Арыда Тұмар патшайым, бертінде Домалақ, Қызай, Болған аналарымызбен қатар Қарқабат есімінің аталуы да тегін емес. Ұрпағы Қарқабат анасының есімін ұранға қосып, атқа қонған. Қарқаралының кіреберісіне Қарқабат анамыздың ескерткішінің қойылуының да себебі осы. Ол жауға аттанған ұрпағына ақ батасын берген және жаудан қайтар ұлының жолын тосып, жанын шүберекке түйген қазақ елінің аналарының бар асыл қасиетін бір арнаға тоғыстырып, бейнесін сомдайды, – деп Қарқабат ана хақында сыр шертті Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Елдіктің нышаны – Елтаңба
Еліміздің егемендігін, әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде өз алдына дербес мемлекет екендігін айшықтай, айқындай түсетін рәміздеріміздің бірі, ен таңба – Елтаңба. Биыл қазақ мемлекетінің еңселі Елтаңбасының қолданысқа берілгеніне 30 жыл толып отыр. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы Қарқаралы ауданының әкімдігінде өткен кездесуде Елтаңбаның тарихына қысқаша тоқталып өтті. Шеңбер түрінде бейнеленген Елтаңбаның негізгі элементі – киіз үй. Шаңырақ қазақ елінің кеңестің одақ құрсауынан босап, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуымыздың айқын айғағы болса, аспанымыздың әрқашан ашық болуын меңзеген көгілдір түс аясындағы шаңырақ, кереге, босаға – шаңырағымыз биік, керегеміз кең, босағамыз берік болсын, елімізде шаңырақ көтерген отбасыларымыз көп болсын деген мағынада қойылған. Ал шаңырақты ұстап тұрған уықтар, автордың айтуынша, Қазақстанда тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты бейнелеп, ынтымақ-бірліктің нышанын білдіреді. Елтаңба ер қанаты аттың, онда да қарапайым емес, мүйізді аттың бейнеленіп, ал сол мүйіздің жеті бөлікке бөлінуі қазақтың қан тазалығын, тектілігін сақтап, жеті ата ұғымына аса мән беруін меңзейді. Жоғары жақтағы бес бұрышты жұлдыз, еліміздің жұлдызы биік, жарық болсын деген бата-тілектермен тұспалдасқан. Ал төрт жыл бұрын латын қарпіне ауыстырылып, «QAZAQSTAN» деп өзгертілген жазу мемлекетіміздің атауы екені дүйім жұртқа мәлім. Жандарбек Мәлібекұлы ағамыз Елтаңбамыздағы алтын немесе сары бидай түстес реңді байлықтың, әділдіктің және молшылық пен тоқшылықтың белгісі ретінде сипаттайды. Міне, осындай тарихи тұлғаны Қарқаралы төрінде қарсы алып, әңгімесін тыңдау бақытына ие болған аудан әкімі Ерлан Құсайын қазақы дәстүрмен ақсақал иығына шапан жапты. Сәулетші ағамыз да «Сыйға сый, сыраға бал» демекші, құтты қонағын Құдайындай сыйлаған Құсайын мырзаға Елтаңбаның тарихын үш тілде талдап беретін кітап сыйлап, кеудесіне Елтаңба төсбелгісін тақты.
Құнанбай қажы мешіті
Ресми жиыннан шығып, ат басын бұрған келесі нысан – Құнанбай қажы мешіті болды.
«Мешітті жақсы көргенді, Құдай да жақсы көреді» демекші, Қарқаралы сілемдерінің баурайында мешіт салып, Меккеге барған қазақтарға түсетін үй салдырған Құнанбайдың көрегендігін, биік парасат иесі екенін дін орталығын қар тоқтап, су тимейтін қырат үстіне салуынан-ақ байқайсың. Мешіт құрылысы он тоғызыншы ғасырдың елуінші жылдарының басында салынып, пайдалануға берілген. Бұл діни орын еліміздегі ең көне мешіттердің бірі болып табылады. Бір қызығы, екі қабатты етіп салынған мешіт бір шеге қағылмастан ағаш бөренелері қиюластыра орналастырылып, шебер жасалған. Мешіт жанынан балаларды оқытатын медресе, жатын орындар, молдалар үйі салынған және бұл ғимараттардың құрылысын Құнанбай қажы өзі қаржыландырған. Құнанбай қажы мешітіне қатысты сан қилы алып қашпа әңгімелер де бар. Бір дерек көздерінен ғибадатхананы кітапхана етпекші болған дегенді көзім шалғанымды бар-ды. Кітаптарды сөрелерге орналастырып кеткен кітапханашылар екінші күні кітаптың ортада бір жерге үйіліп қалғанын көреді. Бұл оқиға екі-үш рет қайталанған соң, кітапхана жасау ойларынан айныған деседі сол кездің билік өкілдері. Ал енді бір деректе, «1924 жылы Имаш дейтін кісі мешіттің мұнарасын балтамен шауып құлатқан. Мұнараны жыққан бетте оның қолынан балтасы ұшып, өзі де жерге құлайды. Екі қолы көкірек тұсына қарай бүгілген күйінде ол, өзі құлатқан мұнараның жанында жан тәсілім болыпты. Тағы бір дереккөздері, ағаш мешітті өртеймін деп, іске кіріскен бір кісінің көзіне шоқтың ұшқыны тиіп, жанарынан айырылғанын имам аузынан естігендерін айтқан. Халқымызды дін исламнан алыстатып, атеизмді насихаттаған Кеңес үкіметі жылдары Құнанбай мешіті тұрғын үй, қойма, архив ретінде пайдаланып, киелі орынның тоз-тозы шыққан екен. Тек 1980 жылдары мешіт қалпына келтіріліп, дін өкілдеріне берілген. Осы кезеңде көне мешітке Қарақаралы атауын бермек болғанда, Дінмұхамед Қонаев атамыз Құнанбай қажы салдырған мешіт, сұлтанның атымен аталсын деген екен. Құнанбай қажы мешітінің діни, рухани орталық ретінде қайтадан бағының жанып, халыққа қызмет көрсете бастауы Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар. 2001-2002 жылдары ішінара, 2009 жылы толық реставрация жұмыстары жүргізіліпті. Ал қазіргі кезде көк күмбезді көркем мешіт Мұсылмандардың діни басқармасына қарайтын діни орталық және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап, қаймана қазақтың зиялы қауымдары бас сұғып, табаны тиген руханият орталығына өңірдің көркем табиғатын тамашалап, тарихымен танысуға келген қонақтардың кірмей кетуі кемде кем. Ал мешіт жанында баласы Абайдың иығына қолын салып, ойға шомған Құнанбай қажы бейнеленген еңселі ескерткіш мешіттің қадірін арттырып, ажарын аша түседі. Ел билеп, болыс болған Құнанбайдың да, хәкім Абайдың да өміртарихы Қарқаралының қасиетті топырағымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда қаладағы Құнанбай қажы салдырған ағаш мешіт пен Абай тоқтаған үй тарихи ескерткіш ретінде мемлекеттің қорғауына алынған.
Жәдігерлер сыр шертеді
1980 жылы Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі дәрежесін алған мұражай қоры Қарқаралының түгел тарихын жиыпты. Жеті залға бөлінген музейде 8300 жуық жәдігер бар екен. Жиырмасыншы ғасырдың 18-ші жылдары бұл ғимаратта Совдеп орналасқан. Көздің жауын алатын жәдігерлер қатарында сегіз тұтқалы темір сандық қаржы тасымалдауға қызмет еткен. Бір қызығы, сандықты ашудың өзіндік құпиясы бар. Сандықтың құлпы оңай ашылмайды. Кілт жанындағы көзге көрінер көрінбес қуыстағы құлыптың темірін басқанда ғана, кілтпен аша аласың. Бұл ұры-қарыдан сақтық үшін жасалған құпия көзі екен. Ал әдемі оюмен өрнектеліп жасалған буфеттің бояуы қаша бастағанымен, «мүсіні» мұқалмаған. Бір қарағандай ыдыс-аяқ, анау-мынау дүниені жинап қоятын жай буфет болып көрінгенімен, бұл мүліктің атқаратын тағы функциясы бар екен. Оның тартпасын керек кезінде жайып, жазу үстелі ретінде пайдаланса, қалған уақытта орын алмау үшін жинап қойған. Ал музейдегі балбалтастың қақ ортасында бокал бейнесінің қашалып, салынуы өркениет қазақ даласында ерте кезден болғанын айғақтайды. Енді бір бөлмеде, өзге емес өз жайын өзі айтқан ақиық ақын Қасым Аманжоловтың жұмыс үстелі, қолданған майшамы, ұстаған папкасы тұр. Үстел тұсына ақынның алғашқы қаламақысына сатып алған орман мен оның «тұрғындары» бейнеленген кілемшесі ілінген. Қазыбек би сынды талай бидің, Тәттімбет, Шөже, Мәди, Жүсіпбек сияқты тұғырлы тұлғалардың кіндік қаны тамған Қарқаралы кейін де Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, қазақтың өнер тарланы, сұлу да кербез Шолпан Жандарбекова, батыр тұлғалы Тоқтар Әубәкіровтей көптеген азаматын сыйлағаны, әлі де сыйлайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Арқаны кеңге салып аралауға уақыттың тапшылығы қолбайлау болған біз сәтін салса тағы бір келіп қуантамыз деп, музей қызметкерлерімен қоштасып, екінді кіре бере ауданды аралатып, бізге жол серік болған әкімнің орынбасары әрі өлкетанушы Сайлау Әбиұлының соңынан ердік. Бұл жолғы нысана Қарқаралыдан 17 шақырым жерде, яғни Қарағанды бағытындағы жол бойында жатқан көне қорғандар, Қызыл мола қыстағы, Балбалтас тарихы орындары.
Қорымдардың бүккен бар құпиясы
– Біздің болжам бойынша, адамдар Қарқаралы өңірін адамзат пайда болған сонау тас дәуірінен бастап мекен еткен. Оған өңіріміздің әр түкпірінен табылатын көне қорымдар дәлел. Жақында тауып алып, қоршап қойған мынау үлкен қорымға «мұртты қорым» деп ат қойдым. Бұл қорымдар үш дәуірге, ерте темір, орта ғасыр, қола дәуірге тиесілі екенін ғалымдар да айтып отыр. Бұл жерлерді өз бабаларымыз мекендеген. Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастыру үшін бұл қорымдарға археолгтер мен тарихшы ғалымдар бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Көне сақ, ғұн тайпаларының белгісі «Алтын адамның» бірнешеуі осы өңірден табылуы да тарихымыздың тереңнен бастау алатынын көрсетеді, – дейді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әбиұлы.
Оның айтуынша, көптеген қорымның қойтастары құрылыстар салғанда қолды болған. Дегенмен адамның қолы тимеген, үстіне жабылған тастары орнынан қозғалмаған қорымдар да бар екен. Осы қорымдарды қызғыштай қорғап жүрген Серік Жұмабек суыр қазып тастаған бір қорымнан сынған құмыраның бір бөлігі және садақтың ұшы шыққанын айтады. Ашық аспан астында қар-жаңбырдың салдарынан ба, құлап қалған балбалтасты дау құмырсқалардың мекеніне айналып, қарсылығын білдіріп, шағып алғанына қарамастан Бақытбек Қадыр есімді журналист орнынан қозғап, басқа ер-азаматтар қостап көтеріп қойды. Әріптестер әзілдесіп, «Бақытбектің балбалтасы» деген атау да беріп тастадық.
Түйін
«Бұл экспедицияның мақсаты – мемлекттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттап, журналистер мен ғалымдардың қазақ геральдикасының ертеден басталатын арғы-бергі тарихын зерттеу. Көнеден қалған тарихи ескерткіштер, 6-8 ғасырлардағы Түрік қағандығы мен 8-13 ғасырлардағы қыпшақ заманында жасалған Қарқаралы тас мүсіндерінің тарихи құндылығын зерттеуге назар аударту, көпшілікке насихаттау», – деген Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлын ізгі бастама келешекте жалғасын табатынын атап өтті.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
журналист