Бизнес • 18 Шілде, 2022

Кәсіп бастаған келіншектер «Еңбек» бағдарламасына дән риза

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында тұр­ғын­­дардың әл-қуатын арт­ты­руға бағытталған мем­ле­кеттік жобалар жо­ға­ры деңгейде орындалып жатыр деуге әбден болады. Әсі­ресе халықты жұ­мыс­пен қамту және кә­сіп­кер­лікті дамытуға ба­ғыт­тал­ған «Еңбек» бағ­дар­­ла­ма­сы­ның жүзеге асуы же­місті.

Кәсіп бастаған келіншектер «Еңбек» бағдарламасына дән риза

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ал осы «Еңбек» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан абзал жандардың қатары Еңбекшіқазақ ауданында көбейіп келеді екен. Мысалға, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ажархан Тапай өзінің жеке кәсі­бін ашу үшін 200 айлық есеп­­тік көрсеткіш көлемінде грант ұтып алды. Көп­балалы ана өткен жылдың қыр­күйек айында халықты жұ­мыс­пен қамту орталығына барып, «Ең­бек» бағдарламасының екін­ші бағыты бойынша грант алу жолдарын қарастырып, жаңа идеясын жүзеге асыру мақ­са­тында кон­курсқа қатысқан. Нәти­же­сін­де, жобасын ойдағыдай қорғап шығып, 583 мың теңге көлемінде грант иегері атанды.

– Маған грантты қалай алу, конкурсқа қалай түсу керек екені жайлы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жақсылап түсіндіріп берді. Өзім – атамекенге оралған қандаспын. Біз Қытайда тұрған кезде ағаш өңдеумен айналыстық. Сол уақытта домбыра, астау жасайтынбыз. Сондықтан отбасымызбен келісіп, ағаш шеберханасын ашуға бел будық, – дейді көпбалалы ана Ажархан Тапай.

Жалпы, Ажархан Қытайдан елге көшіп келген соң отбасын асырау үшін түрлі салада жұмыс істеген. Ал кәсіп бастауды үйренгеннен кейін бағдарлама бойынша ұтып алған қаражатына ағаш өңдейтін станоктар мен қажет құрал-жабдықтарды сатып алды.

Сондай-ақ Есік қаласында тұра­тын көпбалалы ана Рәзина Асқанбай да «Еңбек» бағ­дар­лама­с­­ының игілігін көріп отыр екен. Рәзина да – Қытайдан орал­ған қандасымыз. Ол көрші елді косметологияның қыр-сырын оқып, меңгерген болатын. Ал елге келгесін өз ісін бастауды армандап жүрді. Бастапқыда қаржы тапшылығы қолбайлау болғанымен, өз ізденісінің арқа­сын­да мемлекеттік бағ­дар­лама арқылы бастапқы қара­жат алуға болатынын білген. Құжатты әзірлеп, бизнес жобасын жасаған Рәзинаға «Еңбек» бағдарламасы арқылы қолдау қаржы бұйырған. 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі ақша қолға тиген соң бірден космотолгия каби­нетін жасақтапты. Қазір Есік қаласындағы адам аяғы үзіл­мей­тін сұлулық салонының бірі – осы Рәзияның иелігінде.

Жалпы, аймақта қыз-келін­шек­тер кәсібінің дамуы жолға қойылғаны анық. Бұл бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының бастамасы баянды деуге толық негіз бар. Өңірде әйелдерді тігін ісі мен кондитерлік өнім өндірісі бойынша оқыту жолға қойылды. Деректерге назар салсақ, қазір тігін ісі бойынша 25 әйел және кондитерлік өндіріс бойынша 26 әйел жаңа мамандық меңгеруге кіріскен. Арнайы курс­­тарда кәсіп­керлер, көпбала­лы аналар, халық­тың әлеу­мет­тік осал топтарынан шық­қан әйел­дер білім алуда.

– Облысымызда әйелдер кә­сіп­­керлігі белсенді дамып келе­­ді. Былтыр дамыту орталығы ашыл­ды, онда кеңестер мен жо­ба­ларды сүйемелдеу түрінде қол­дау көрсетіледі. Оқыту әйел­дер кәсіпкерлігін дамыту орта­лығына өтініш білдір­ген­дер­дің ұсыныс­та­ры ескеріле отырып ұйым­дас­тырылуда. Тегін курс­ты тәмамдаған соң олар маман ретінде өз кәсібін ашуға немесе жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады, – дейді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Сәния Наурызбаева.

 

Алматы облысы