Бизнес • 18 Шілде, 2022

Шағын индустриялық аймақтың шарапаты

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта аудандарда шағын индустриялық аймақтар ашылып, қарапайым тұрғындар кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Бұған дейін идеясы болса да, «бизнесімді жандандыру үшін қомақты қаражат керек» деп тәуекелге бара қоймайтын. Жобаның тиімділігі сол, кәсіпкерлерге тегін ғимарат үлестіріліп, өзге де жеңілдіктер қарастырылған.

Шағын индустриялық аймақтың шарапаты

Жақында Ақтоғай ауданында екінші шағын индустриялық аймақ өз жұмысын бастады. Былтыр Әуелбек ауылында тұр­ғын­дардың жеке ісін дөң­ге­ле­туіне мүмкіндік берілген еді. Қожамжар ауылында да осы іс­пет­ті орталық ашылып, кәсіп бас­тау­ға ниетті азаматтарға қо­лай­лы жағдай жасалды.

Қожамжар ауылының тұр­ғы­ны Шынар Түсіпбекованың мамандығы – тігінші. Бұған дейін тұрғындардан тапсырыс­тарды қабылдап, тұрмыстық қа­жеттіліктерді тігетін арна­йы орын бол­мағандықтан, бұл іс­пен үйін­де айналысқан. Ауыл­дастары мен жақын елді мекендердегі тұрғындарға көр­пе, жастық, қоржын тігіп, күн­де­­лікті нәпақасын тауып отырыпты. Әйтсе де, үйде тігін тігу ың­ғайсыздық тудыратыны бел­гі­лі. Ендігі жерде ол ауыл­дық әкімдік ғимаратының сол қана­тында ашылған ша­ғын индус­трия­лық аймақта жұмы­сын жал­ғас­тыратын болды.

– Тұрғындар тарапынан тігін­шілердің өніміне сұраныс жо­ға­ры. Әсіресе жазғы уақытта сырға салу, құдалық, мерейтой сынды тойларға қажет дүние­лер­ге тапсырыс жиі түсіп жатады. Одан бөлек, көйлек, жейде тігу сияқты жеке тапсырыс­тар болады. Бұған дейін оның бар­лы­ғын үйдегі қауырт тірліктің ортасында отырып дайындау сәл қолайсыздық тудырса, енді жарық әрі кең бөлмеде жұмыс істеуге жағдай қарастырылды. Ауылымыз өркендеп, шағын да болсын жеке ісін дөңгелетіп отырған тұрғындарға осындай мүмкіндіктің беріліп отыр­ға­ны­на қуаныштымыз, – дейді ол.

Қожамжардағы шағын ин­дус­­триялық аймақта тігін са­ло­ны­­мен қатар, фото-видео студиясы, шаштараз бен сұлулық салоны бар. Бұл ғимаратты жөндеуге аудандық бюджеттен шамамен 4 млн теңге жұмсалған. Жергілікті биліктің қаржылай қолдауы нәтижесінде қазіргі таңда төрт тұрғын ауылдастарына жайлы жерде сапалы қызмет көрсете алады. Алдағы уақытта шағын индустриялық аймақтан орын алған кәсіпкерлер бизнесін одан әрі дамыту үшін мемлекеттік бағ­дарламаларға қатысуға ниет­ті.

 

Павлодар облысы

Ақтоғай ауданы