Ғылым • 19 Шілде, 2022

Талапшылдық пен табандылық табысы

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Рәтбай Мырзақұловтың есімі бүгінде отандық және шетелдік ғылыми ортада жақсы танымал. Ғылымда өзіңді мойындату оңай шаруа емес. Ғалымның өмір жолындағы әрбір жетістігі – тынымсыз ізденістің жемісі. Оны ғалымның өмірбаянынан байқаймыз.

Талапшылдық пен табандылық табысы

1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, Мәскеуден 125 шақырым жердегі «Біріккен ядролық физика институтына» сырттай аспирантураға түседі. Шәкірт бойындағы құлшынысты, ғылымға деген қызығушылықты байқаған ұстаздары оны ғылыммен айналысуға баулиды. Ұстаздарының еңбегі зая кетпей, 1988 жылы Біріккен ядролық зерттеулер институтының профессоры В.Г.Маханьковтың жетекшілігімен П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Әрине, қазір айта салу оңай болғанымен, ол кезде ресейлік ғалымдардың алдында ғылыми тұжырымыңды дәлелдеу табандылықты, қайсарлықты талап еткені анық.

Ғылым мен білім саласына 40 жылдан астам уақытын сарп еткен Рәтбай Мырзақұловтың есімі отандық ғылым көшбасшыларының бірі ретінде аталады. Бұл жетістікке жету жолында 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Теориялық физика» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Алыс-жақын шетелдік ЖОО-ларда оқытушылық қызмет етті. Атап айтсақ, АҚШ-тың Калифорния университеті, Жапония, Үндістан, Батыс Еуропа, Ресейдің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде жинақтаған тәжірибесі мен жұмыс істеген жылдары ғалым өмірінің жарқын белестері десек, қателеспейміз.

Р.Мырзақұлов 2006 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жалпы және теориялық физика» кафедрасының меңгерушісі, 6D060400-Физика мамандығы бойынша PhD диссертация қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестің төрағасы, «Теориялық физика Еуразия халықаралық орталығы» ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушы және директоры қызметін атқарып келеді. Ғалым 2010 жылы жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері атанды, тынымсыз ізденісі мен талапшылдығының нәтижесінде мемлекеттік ғылыми стипендияның 6 дүркін иегері болды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

 

НҰР-СҰЛТАН