21 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

664 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
“ЖАСЫЛ ДАМУ” – ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАР Елбасының “Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сәйкес қамтамасыз ету қажет” деген сөзі Қоршаған ортаны қорғау минис­трлігінің экологиялық саясаты мен негізгі даму бағыттарын анықтап берді. Кәсіпорындар ең алдымен өздерінің эко­логиялық және әлеуметтік бағдарламаларын қысқартқандықтан да экономикалық дағдарыс көптеген елдерде экологиялық проблемаларды ушықтырып жіберді. Сонымен қатар, кейбір дамыған мемлекеттер (АҚШ, Франция, Жапо­ния) дағдарыстан шығудың жолы бюджет­тердің барлық деңгейлерінде нақ осы эколо-гиялық жобаларды барынша қаржыландыру деп тапты. Нәтижесінде экономика өсіп, жұмыс орындары айтарлықтай көбейді. Барлық ғаламдық проблемаларды Қазақ-стан да өткір сезінуде және оларды шешуден шет қалып отырған жоқ. Өткен жылғы қазанда Президент Н. Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сөз сөйлегенде қазіргі дағдарыс дүние жүзінің тарихындағы өзгерісті сәт деген ой айтты. Әлемнің дағда­рыс­тан кейінгі дамуының трендтерінің ішіндегі ең айқыны энергия үнемдейтін экономикаға ауысу, қауіпсіз, таза және сарқылмайтын дамуға көшу екенін атап көрсетті. Президент әлемнің ғылыми-техникалық көрінісін анық­тайтын негізгі бағыттардың ішінде экология­лық энергетиканы (жаңартылған энергия көз­дері, “жасыл энергетика”, отын элемент­тері, жоғары өткізгіштер, көміртегінің қос тотығын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері) және экологияны (парниктік газдардың шығарындыларын төмендететін технологиялар, суда тазалау, түрлі биосубс­танцияларды жылдам танып білу, биологиялық ыдырағыш пластикті ендіру, қоршаған ортаны ластаушыларды жоятын бактерияларды жасау) ерекше атады. Бүтіндей алғанда “Жасыл даму” идеоло­гиясы әлемдік қоғамдастықтың дамуын “эко­номикалық” — кейінгі 60 жыл және “жасыл”—болашақтағы 60 жыл — деп бөледі. Сондықтан бағдарламаның “Жасыл даму” атауының өзі оның экологиялық саясаттың қазіргі заманғы дамуының негізгі бағытын анықтайды. Біз дағдарыстан кейінгі дамудың шынайы жағдайын ескере отырып, бағдарламада басты назарды ең алдымен экономикалық құрал­дарды оңтайландыруға және оларды табиғатты қорғауда, экологиялық стандарттарға сай эколо­гиялық қауіпсіздікке жету мақсаттарында барынша пайдалануға аудардық. Мұндай бағыт Президенттің 2006 жылғы 14 қарашадағы Жарлығымен мақұлданған 2007-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ор­нықты дамуға көшу тұжырымдамасының та­лаптарына толықтай сай келеді. Тұжырымда­маның қағидатты параметрлері барлық экономикалық, экологиялық және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ “Жасыл даму” бағдарламасы үшін де нысан болып табылады. Біздің елде өндірістік және тұтыну қалдық­тарына қатысты мәселе күрделі күйінде қалып отыр. Жиналып қалған 22 млрд. тонна қалдық­тардың сыртында жылына 700 млн. тонна өндірістік қалдықтар жиналып отырады, олар­дың 250 млн. тоннадан астамы зиянды. Республикада 96 млн. тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған және ол жыл сайын 2 млн. тоннадан астамға көбейіп отырады. Қа­зақ­станда мұндай қалдықтар құрамына қарай бөлінбеген қалпы шығарылып, 97% табиғатты қорғау және санитарлық заңнама талаптарына сай келмейтін ашық қоқыс тасталатын жерлерге қоймаландырылады. Республикадағы қатты тұрмыстық қалдықтардың 5%-ы ғана қайта өңделіп, өртеледі. Барлық облыс орталықтарында, тіпті елор­дада да коммуналдық суағарларды тазалау ғимараттарының проблемалары әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Біздің қалаларымызда сумен айналымды жабдықтау жүйесі мүлде жоқ болғандықтан су ресурстарының ысырап­пен пайдаланылатындығы да еш құпия емес. Премьер-Министр К. Мәсімовтің тапсыр­масымен түрлі салаларда қалдықтарды пайда­лану мәселесі бойынша ведомствоаралық жұ­мыс топтары құрылды. Қолданыстағы норма­тив­тік құқықтық актілерге ревизия жасалып, қолданыстағы заңнаманың қалдықтармен жұмыс істеу бөлігіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар дайындалды. Кадастр мен қалдықтар паспорттарының реестрі құрылды. Экологиялық кодекс және заңдық деңгейдегі қажетті актілер түріндегі қазіргі бар нормативтік база бізге жинақталған қалдық­тарды жою бойынша нақты іс-әрекетке көшуге мүмкіндік береді, бірақ мәселе әдеттегідей ақшаға келіп тіреледі. Бюджеттік қаржылан­дырудың жеткіліксіздігінен біз түсетін эко­логиялық төлемдерге барынша көңіл аудара­тын болдық. Жалпы экологиялық төлемдер 2008 жылы 74,7 млрд.теңгені, ал 2009 жылы 97,3 млрд. теңгені құрады. Мұндай үрдіс жер­гілікті жерлерде қоршаған ортаны қаржылан­дыруға жете көңіл бөлінеді деп үміттендірген еді. Бірақ, олай болмай шықты. 2009 жылы табиғатты қорғау іс-шараларына бөлінген қаржының жалпы сомасы 23,8 млрд. теңге немесе түскен экологиялық төлемдердің жалпы сомасының 23,8%-ы ғана болды. Шығыс Қазақстан облысында, Астана және Алматы қалаларында табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуына бөлінген қаржы жиналатын қаражаттан бір жарым есе көп, ал мұнайлы Батыс Қазақстан және Ақтөбе об­лыстарында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бө­лінген қаражат сомасы экологиялық төлем­дердің 5%-дайын ғана құрайды. Сонымен бірге елді мекендердің коммуналдық қалдықтарымен және ағынды суларымен қауіпсіз жұмыс істеудегі негізгі жауапкершіліктің жергілікті атқарушы органдар мойнына жүктелетінін де айта кету қажет. Сол сияқты, табиғатты қорғау іс-шараларын табиғатты пайдаланушылардың өз есебінен қаржыландыру 2006 жылғы 61 млрд. теңгеден 2009 жылы 147 млрд. теңге дейін айтарлықтай өскенін де атап өткен дұрыс. Біздің экологиялық инспекторлар ірі таби­ғатты пайдаланушылардың табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарларының орындалуына қа­таң қарап, қажет болса экологиялық рұқсат­тарды кері қайтаруға дейін баруда. Бұған Са­лық кодексіне тікелей ластаушы заттардың шек­теулі тізімін енгізу мен төлемдер мөлшері бекітілгеннен кейін экологиялық төлемдерді жинау жүйесін оңтайландыру да айтарлықтай әсер етті. Елбасы Шетел инвесторлары кеңесінің 18-ші отырысында өндіріс және тұтыну қалдық­тарын басқару жөніндегі ұлттық орталықты құруды тапсырды. Аталған тапсырмаға орай “Жасыл даму” өндіріс және тұтыну қалдық­тарын кешендік басқару жөніндегі орталықты құру мәселесі талқылануда. Оның негізгі мақсаты – таби­ғатты қор­ғау іс-шарала­рын іске асыру, қор­шаған орта­ны қорғау сала­сындағы кәсіп­керлікті дамыту, экологиялық иннова­цияларды енгізу, техно­логиялық ке­шен­дер мен эко­логиялық құрал-жабдықтар шы­ға­­ратын зауыт­тар салу. Біз барлық экологиялық құралдарды пайда­ла­ну­дамыз, мысалы, мұнайдан түскендер Ұлттық қорға жіберіліп, кейін “Жасыл даму” орталығы арқылы қалдықтар проблемаларын шешуге пайдаланылады. Сондай-ақ, экология­лық жобаларды қоса қаржыландыру халық­аралық донорлардың қызығушылығын арттырар еді. Осыған орай, “Жасыл даму” орталығының негізгі мақсаты таза технологияларды пайда­лану мен енгізуге, экологиялық бюджет пен “жасыл инвестиция” жүйесін құруға, өндірістік және тұтыну қалдықтарымен жұмыс жасайтын жүйені құруға бағытталған жаңа экономикалық “нишалар” жасау болып табылады. Алайда, аталған ұсыныстар экономика және қаржы министрліктері тарапынан қолдау таппаған­дықтан салық және бюджеттік заңнамаға елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Олардың ойынша, мұндай жағдай, жекелеген облыс­тарда салықтық түсімдердің жалпы көлемі қоршаған ортаға берілетін эмиссиялар ақысы­нан түсетін түсімдердің үлесінен жоғарылығын ескергенде, жергілікті бюджетті үлкен шығынға әкеп соқтырады. Сонда да біз өз бағдарла­мамызда барлық республикалық және жергі­лікті бюджеттен, сондай-ақ, табиғатты пайда­ланушының қаржысынан қаржыландырылатын өндірістік және тұтыну қалдықтарымен жұмыс жасайтын проблемалық нысандарды атап көрсеттік. Қазіргі уақытта “Мақсатты трансферттер” бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге 4 инвестициялық жоба іске асырылуда (Ақтөбе қаласында ТҒК қайта құру, Ақтөбе қаласында Елек өзенін та­за­лай­тын ғимарат кешенін қайта құру, Орал қа­ла­сында ТҒК қайта құру (1-ші кезек) және Маң­ғыстау облысы қайта құру және мо­дер­ни­за­циялау, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қ. ТҒК 1-ші ке­зек, Елек өзенін хроммен ластанудан тазалау). 2010 жылға жалпы сомасы 4,8 млрд. теңге шығыстар жоспарланып отыр және олар басталған жобаларды жалғастыруға, жаңаларды бастауға жұмсалады. Олардың қатарында Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылында құбыр жүйелерін салу, Ақтау қала­сында ТҒК-2 салу, Атыраудың сол жаға­лауындағы ТҒК, “Жамбыл облысы Тараз қаласындағы ағынды суларды толық биологиялық тазалау кешенін салу” нысаны бойынша жоспарлау-сметалық құжаттарды аяқтап, бекіту жұмыстары бар. “Жасыл даму” орталығына тұрақты органи­калық ластаушылардың алдын алу секілді қүрделі проблемаларды шешу міндеті жүктеліп отыр. Қазақстан 2007 жылы Стокгольм конвенциясын бекіткеннен кейін алдын-ала жасалған тексерулер бойынша жинақталған 200 мың тоннадан астам тұрақты органикалық ластаушыларды (ТОЛ) айналымнан алу және жою жауапкершілігін өз мойнына алды. Олар негізінен құрамында полихлордифенил (ПХД) бар өндірістік электроконденсаторлар мен жекелеген пестицидтер түрлері. Аталған жұмыс бастау алды. Осы жылы “Juwenta DB Gmbh” компаниясымен Дарьял-У нысанынан құрамында полихлордифенил (ПХД) бар қалдықтарды шығару аяқталады. Ғаламдық экологиялық қор (ҒЭҚ) ТОЛ жою­ды қолдауға үлкен көңіл бөлуде. ҒЭҚ және БҰҰ ДБ көмегімен Қазақстанда ТОЛ тексеру және Теміртаудағы Миттал Стил компания­сының жасаған конденсаторларын жою жөніндегі жоба іске асырылуда. ҒЭҚ Қазақ­станда арнайы зауыт салу арқылы ТОЛ-ды толығымен жою жөніндегі ТЭН дайындауға 15 млн. доллар грант сұраған біздің ұсынысы­мызды қолдады. Дүниежүзілік банкпен аталған мақсаттарға жеңілдетілген қарыз алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Киото хаттамасы қоршаған ортаны қор­ғаудың экологиялық-экономикалық механизм­дерінің бірден-бір тетігі болып табылады. Біз 2009 жылы Киото хаттамасын қолдау мақса­тымен 7 нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдадық. 2010 жылы квоталарды сатудың ішкі сұлбалары мен көміртегі бірліктерінің ұлттық регистрін құру үшін заң шығарушы құжаттарды әзірлеуді бастадық. Бұл төмен көміртекті технологияны ендірген және парниктік газдардың шығарындыларын қысқартуға қол жеткізген кәсіпорындардың артығын ішкі рынокта сатуына және модер­низация шығындарының орнын толтыруға мүмкіндік беру үшін қажет. Халықаралық рынокта сату Қазақстан Киото хаттамасының Б қосымшасына кіргеннен кейін ғана мүмкін болады. Бұл үшін 2010 жылы Копенгагендегі 5-ші Тараптар кеңесінде қазақстандық делегация Қазақ­станның ұсынысын егжей-тегжейлі қарастыру және аталған мәселені 2010 жылдың қарашасында болатын Тараптар кеңесінің кезекті сессиясының күн тәртібіне қою туралы шешім шығаруға қол жеткізуі тиіс. “Жасыл даму” бағдарламасын іске асыру әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттермен қатар Қазақстанның дайындағын қамтамасыз ету, Киотодан кейінгі үрдіс шеңберінде шыға­рындыларды қысқарту бойынша жауапкерші­лікті өз мойнына алу үшін төмен көміртекті экономиканы құруға бағытталады. Елде орасан зор жел, күн, геотермальдық энергия ресурс­тары бар. Қазақстан Үкіметі энергияны пайда­лануда балама көздердің үлесін 2024 жылға 5%-ға дейін көбейту міндетін алдына қойып отыр. Бұл парниктік газдардың шығарынды­ларының айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Копенгагенде біз басқа ауыспалы экономи­касы бар мемлекеттерді Қазақстан сияқты пар­никтік газдардың шығарындаларын қысқарту жауапкершілігін ерікті түрде өз мойнына алуға шақырдық, сондай-ақ дамыған мемлекеттер өздерінің технологиялық ресурстарымен даму­шы мемлекеттердің ұлттық бейімделу стра-тегиясын іске асыруға белсенді қатыса алатын және қатысуы тиіс халықаралық бейімделу стратегиясын жасап шығаруды ұсындық. Біздің еліміздің өзінің ерекше география­лық, саяси және тіпті көп конфессиялы тұрғы­да орналасуының арқасында Еуразиялық кон­ти­ненттегі экологиялық тұрақтылықты қамта­ма­сыз етуде аса маңызды рөл атқаратын­дығын атап өткен жөн. Қазақстан Еуропа мен Азия арасында саяси, мәдени және экономи­калық көпір бола тұра, континентте ландшаф­тық және экологиялық жүйелерді дамытуда ұқсас байланыстырушылық қызмет атқарады. Қазақ­стан аумағының көлемі, ауа-райы жағдайының әртүрлілігі, әсіресе аймақтағы су балансының ерекшелігі және олардың Қазақ­стандағы тұрақтылығына барлық Еуразия айма­ғының экологиялық жағдайы айтарлықтай тәуелді. Қазақстан ғаламдық экологиялық проб­лемаларды шешуге белсенді қатысады. Біз барлық негізгі халықаралық экологиялық тұжырымдамаларды ратификациялап, белсенді орындаудамыз. Бұл ең алдымен ауа райының өзгеруі, шөлейттенуге қарсы күрес, биология­лық алуандылық пен жердің озон қабатын қорғау жөніндегі ғаламдық тұжырымдамалар, сонымен қатар, БҰҰ Еуропалық экономика­лық комиссиясының шекарааралық тұжырым-дамасы мен Орхус тұжырымдамасы. Қазақстан Роттердам, Стокгольм және Базель тұжырымдамаларына сәйкес қауіпті химиялық заттарды бақылау, пайдаланудан алу және жою жөніндегі жауапкершілікті өз мойнына алды. Қазақстан Каспий бойындағы басқа мемлекеттермен Каспий теңізінің теңіз орта­сын қорғау бойынша Негіздемелік конвен­цияға қол қойды және 90% бекіре балықтар таралымы шоғырланған осы бірегей су қоймасын қорғау бойынша олармен белсенді жұмыс істейді. 2009 жылы Қазақстанда еуропалық мемлекеттермен, сондай-ақ қоршаған орта саласындағы жұмысты жан-жақты дамытуға бағытталған “Еуропаға жол” атты Мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қазақстан, XXІ ғасырдың күн тәртібіне (Рио-де-Жанейро, 1992ж.) қойылған, Мың­жыл­дық саммит декларациясында (Нью-Йорк, 2000ж.), Орнықты даму туралы бүкіләлемдік саммит (Йоханнесбург, 2002ж.) мәселелерін шешу бойынша міндеттерді өзіне алған әлемдік қоғамдастықтың толық қатысушысы болып табылады. Қазақстан “Еуропа үшін қоршаған орта” мен “Азия үшін қоршаған орта және орнықты даму” үдерістерінің белсенді қатысушысы және мүшесі болып табылады. ЭСКАТО БҰҰ мен ЕЭК БҰҰ комиссиясы деңгейіндегі белсенді рөлді ескере отырып, Қазақстан Астанада Азия-Тынық мұхиты аумағында 2010 жылы және Еуропа аумағында 2011 жылы қоршаған ортаны қорғау министр­лерінің екі аумақтық конференцияларын өткізу жөнінде шешім қабылдады. Осы конферен­цияларда қоршаған орта мен орнықты даму және олардың бірыңғай еуразиялық үдерістерге бірігуі бойынша Еуропа мен Азия үдерістерін жақындастыруды бастау ұсынылатын болады. ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, СПЕКА және басқалар шең­бе­рінде күшінде тұрған өңірлік бағдарлама­ларды ескере келгенде, мұндай бастаманы жүзеге асыру барлық мүдделі тараптардың (АҚШ, Ресей, ҚХР және Еуропа одағын қосқанда) өзара тиімді және ұзақ мерзімді ын­тымақтастықтары үшін негіз ретінде Еуразия аумағында көпжақты серіктестік қалып­тастыруға мүмкіндік береді. “Жасыл даму” біздің конференциялардың өзіндік брэнді болмақ. “Жасыл даму” бағдарламасы экологиялық апат аймақтарында экологиялық жағдайдың жақсаруы бойынша іс-шаралар жиынтығын алдын-ала қарастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасына және Қауіпсіздік Кеңесі отырысының шеші­міне сәйкес бұрынғы Энергетика мен минералдық ресурстар министрлігімен бірлесіп бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын 2009-2011 жылдары кешенді шешу бойынша бағдарлама жобасы әзірленді. Бағдарлама мақсаты бұрынға Семей ядролық сынақ полигоны мен оған кіретін аймақтардың радиациялық және ядролық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оның аймақтарының ерекшеліктерін ескере отырып полигон жерінің ең қауіпті ластанған бөліктерін реабилитациялық іс-шаралар өткізгеннен кейін ұлттық шаруашылық айналымға тапсыру және шаруашылық қызметтердің жүргізілуін ұйымдастыру. Аталған бағдарлама жобасы толықтай 2010-2014 жылдарға арналған “Жасыл даму” бағдарламасына кіреді. Мемлекеттер басшылары саммитінің қорытындылары бойынша Аралды құтқару халықаралық қоры құрылтайшылары Арал теңізі бассейнінің бағдарлама жобасына—3 (АТББ-3) кіргізу үшін Арал теңізі мониторинг жүйесінің дамуы мен биологиялық әртүрлілікті қалыптастыру мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар дайындады. Арал аймағын сауық­тыру, су ресурстары есебінің нақтылығын арт­тыру және осы нысандардың тәртібін басқару мақсатында, сондай-ақ, Кіші теңіз бөгетінің қирау қауіпі бар қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізі су ресурстарына гидрологиялық мониторинг жүйесін одан әрі дамытуды қарастырады. Арал аймағында халықты сауықтырудың экология­лық әдістері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Табиғи ортаның тозуын тоқтату мен “тарихи” ластануды жою мәселелері бойынша Орталық Азия үшін Ташкент қаласында құрғақшылық зардабын жұмсарту жөніндегі орталық құрылды. Дүниежүзілік банкпен бірігіп “Қарағанды облысының Шет ауданындағы құрғақ жерлерді басқару” жобасын жүзеге асыру құрғақ дала­лар­ды қайтадан қалпына келтіруде алғашқы табысты қадам болды. Бұл жоба құрғақ жерлердің тозуы мен шөлейттену үдерістерін тоқтатып көпжылдық шөптер егу жолымен жоғары өнімді азықтық мақсатта пайдаланы­латын жерлерге айналдыруды қарастырады. (Жобаның жалпы құны - 9,7 млн. АҚШ долл., соның ішінде 5,27 млн. ГЭФ грант қаражат­тары; 2,4 млн.- ҚР Үкіметі; 1,92 млн. –фермер­лердің нақты салымы; 100 мың – Ғаламдық механизмдер қаражаты). Бес жылдың ішінде қараусыз қалған 35 мың га жер қалыптастырылды, баламалы энер­гия көздерін (21 жел агрегаты, 10 күн батарея­лары мен 5 генератор) қолданумен 36 суат пункті ұйымдастырылды, 105 га тозған өріс пен отарлық телім қалпына келтірілді, мал ба­сы 125 % жоғарылады, пайда өсуінің төзімділігі және халықтың тұрмыс деңгейі жақсарды, бі­лікті және заңды сауатты фермерлер команда­сынан тұратын 9 ауыл­шаруашылық тұтыну­шылар кооперативтері біріккен 130 шаруа жасақталды; жалпы сомасы 1,5 млн. АҚШ долларына ауылша­руашылық техникасы мен жабдықтар алынды. 2010 жылы Қызылорда облысындағы суармалы аумақтарда осындай жоба дайындау жоспарлануда. “Жасыл даму” бағдарламасын іске асыру­дың Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі құрылымына, барлығымыздың ортақ үйіміз – Жер планетасын қорғаудағы халық­аралық үндеуге айтулы үлес қосатындығына үмітіміз мол. Нұрғали ӘШІМОВ, Қоршаған ортаны қорғау министрі.