01 Мамыр, 2014

Теңіз айлағының әлеуеті

900 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

интеграцияМүдделер мен мүмкіндіктер

Интеграциялық үдерістер бизнеске кең жол ашуда

«Еуразиялық экономикалық одақ 2030 жылға дейін үш мүше мем­­­ле­кеттің ІЖӨ-сін 25 пайызға және 600 миллиард дол­лар­дан астам өсіруге мүмкіндік береді».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Актау порты (5)

Ақтау теңіз айлағы – бұл транзиттік жүк және экспорттық-импорттық мультимодельдік тасымал жүйесіндегі «желілік орталық» болып табылатын Қазақстанның «Батыстағы қақпасы». Қазақстан Каспий теңізі бассей­ніндегі негізгі жүк тасымалдайтын мемлекет болып табылады. Соған сәйкес Каспий теңізімен жөнел­тілетін жүк айналымы көлемінде Ақтау айлағының үлесі 30 пайызды құрайды. Мәселен, 2014 жылдың І тоқсанында Ақтау теңіз айлағы арқылы жөнелтілген жүк көлемі 2,8 миллион тоннаны құрады. Оның ішінде, Иран бағытына металл және астық экспорттауды 20 пайызға өсіру қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда Ақтау теңіз айлағы құрғақ және паромдық жүк жөнелту бойынша өзінің толық жобалық қуатында жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, жыл сайын мұндай жүк көлемі артып келеді. Осыған байланысты Ақтау теңіз айлағының жүк жөнелтудегі әлеуетін арттыру мақсатында оны солтүстік бағытқа қарай кеңейту жөніндегі жоба іс жүзіне асырылуда. Атап айтқанда, 2012 жылы гидротехникалық қорғаушы қондырғылар пайдалануға беріл­ді. 2013 жылы жаңа теңіз айла­ғында теңіз түбін тереңдету жұ­мыстары басталды. Мемлекет-жеке-меншік серіктестігі негі­зінде өндірістік нысандар құрылысын салу мәселесі бойынша бірлескен кәсіпорындар құру арқылы инвестиция тарту жөнінде шешім қабылданды. Ақтау теңіз айла­ғының әлеуетін арттыру жөніндегі бұл кешенді жоба 2015 жылы аяқталады. Соның нәтижесінде теңіз айлағының жүк жөнелту мүмкіндігі жылына 20,5 миллион тоннаға дейін артады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.

Интеграция жемісі

Қазақстанның еуразиялық интеграцияға кірігудегі ең басты мақсаты  Достастық елдеріне қазақстандық тауарлардың айналымын және экспортын арттыру, қайта өңдеу саласына инвестиция тарту, өткізу рыногын кеңейту арқылы қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту болып табылады. Бұл ретте Қазақстан серіктес мемлекеттер рыногына қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шығарылуына шектеу келтіретін кедергілерді жою және темір жол, автокөлік инфрақұрылымына кірігуді қамтамасыз етуге барынша басымдық береді. 2013 жылы Қазақстанның Ресей және Беларусь мемлекеттерімен тауар айналымы 24 миллиард долларды құрады.

Барнаул, Таулы Алтай, Моңғолия арасы...

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Азия елдерінде мәдени мұраны өзектендіру» тақырыбында халықаралық әлеуметтік-мәдени және ғылым-білім жобасы аясында тарихи-танымдық мәдени форум өтті. Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы тарихи-мәдени бай­ланыс­қа орай тақырыбы ма­ңыз­ды бұл жиынды өткізуге Барнаулдың Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясы, Азия елдері мен Тынық мұхиты өңірінің музеология комитеті, Моңғолтану институты, буддология және тибетология, Моңғолия ғылым академиясының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер қатысты. Өңірден Қазақстан халқы Ассамблеясы жергілікті бөлімшесі, Павлодар педаго­ги­калық институты, облыстағы «Музейлер қауымдастығының өкілдері» қолдау көрсетті. Педа­гогикалық институт ғалым­да­ры­ның айтуынша, Ресей мен  Қазақстанның шекаралық өңір­лері бірлесіп жүзеге асыратын жоба 5 кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы Павлодарда өтсе, екіншісі Барнаулда, үшіншісі Бийскіде, қалғаны Таулы Алтай мен Моңғолияда жалғасын тап­пақ. Облыс орталығында өт­кен жобаның тұсаукесеріне Ресей, Қырғызстан, Германия, Моң­ғолия елдеріндегі ғылыми орта­лықтардың, музейлердің қызметкерлері қатысты. Жиын барысында, жалпы Азия елдері мәдени мұрасының өткен шежі­ресі, бүгінгісі, болашағы жайлы танымдық мәселелер орта­ға салынды. Жиын соңын­да делегация мүшелері педаго­ги­калық институттың «Архео­ло­гия-этнологиялық және па­леонтологиялық зерттеу» ғы­лы­ми-тәжірибелік орталығы мен музей кешенін аралады. Мұндай тарихи танымдық екі еларалық рухани жобаны жүзеге асыру Таулы Алтай, Моңғолия, Қазақстан арасындағы ежелден қалыптасқан ортақ мәдени мұраның мұнан кейін де көз қарашығындай сақталуына қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын аударуға бағытталғаны анық. Өйткені, бұл жобаның нәтижесі отандық және шетел­дік ғалымдар арасындағы ынты­мақтастықтың нығаюына, жас мамандардың ортақ мәдени мұра үшін қызмет жасауына, ізденісті арттыруға мүмкіндік туғызады деп күтілуде. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.

Бекем байланыстар белгісі

«Біреуге біреу сүйеу» дейді халық даналығы. Бұл сөз әңгіме етпек мәселеміздің мәнін қысқа да нұсқа дөп білдіруімен ойға оралды. Қазіргі жаһандану заманында экономикалық қарым-қатынастардың тығыз қабысып, тұтасуы соны талап қылуын жұрт жақсы түсіне бастаған жай. Ал мұның өз мүдделері мен мүмкіндіктеріне жақындау жолын, яғни еуразиялық интеграция жолын таңдаған Кеден одағына мүше елдердің ежелден тамырлас шаруашылық байланыстарды тереңдетуге бағытталған жағымды жақтары, әсіресе, Қарағанды облысында айқын байқалып отыр десек, бұған нақты дәйектер аз еместігін айтуға болады. ggh(1)Соның бірін алға тартқанда, бірлескен «ҚазБелАЗ» кәсіпорны алдымен ауызға алынар еді. Бұдан төрт жыл бұрын Елбасы тұсауын кесіп, ісіне сәттілік тілеген жаңа үдерістегі өндірістің қуат-қабілеті күннен-күнге артуы білінеді. Атауы меңзеп тұрғандай, мұнда беларустік әйгілі «БелАЗ» ауыр салмақты жүк көліктерінің қосалқы бөлшектері, құрал-саймандары жасалумен бірге толықтай күрделі жөндеуден өткізіледі. Осы жылдар­да бұл бағытта атқарылған жұмыстар көлемі ақшаға шаққанда 1 млрд. теңгені құрауы қадам құт­ты­лығын бір айғақтаса, сондай-ақ, ке­лешегі кең екенін де көрсетіп отыр. Атап өтпеске болмайды, бұл өзі тау-кен өнеркәсібі ірі құ­­ры­лымдары тілеуінен шыққандай өндіріс орны бола қалды. Өйткені, «Қазақмыс» корпорациясы, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы секілді алыптардың кеніштерінде кен тасымалдауға қолданылатын алды – 220, соңы 45 тонналық «БелАЗ»-дардың біразы ескіріп-тозып, оларды қалпына келтіруге мүмкіндік жете бермейтін уақытта осындай кәсіпорынның құрылуы қажеттігі қатты сезілетін. Сол тілек іске асып, қиындықты жеңілдетті. Бұл ретте «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жеткілікті инвестиция бөліп, ынтымақтастыққа ықпал етуін атаған орынды. Бүгінде ойдағы жұмыс ырғағы қалыптасқан, кезектегі іс-шаралар аясы кеңейген зауыттың көмегі «БелАЗ»-ды қолданушылар бәріне бірдей тиіп жүр. Аталған жүк көлігіне қосалқы бөлшектер мен жабдықтар бұрынғыдай айлап қүтіліп жатпайды, жөнделу үшін алысқа жөнелтілмейді, жақын жердің өзінде тындырылады. Мұның сыртында алдын ала тапсырысқа сәйкес уақытша істен шыққандарды қолма-қол күрделі жөндеуден өткізетін арнаулы сервистік қызмет көрсету топтарының жұмысы қолайлы жағдайды одан сайын жақсартты. Бұлар Балқаш пен Жезқазғанның, Шұбаркөл мен Қаражалдың қай кеніштері болсын бұзылып қалған «БелАЗ»-дарға тез «жан» бітіре алады. Айта кету керек, бұл Қазақ­стан – Беларусь бірлескен кәсіпорны­ның алдағы үлкен міндеттерге арналған кешенді жобаларының бастауы ғана деуге болады. Ал түпкі мақсат тіпті зор. Былтыр жүк көтерімділігі 45 тонналық түрінің алғашқысы Қарағандының өзінде құрастырылса, «ҚазБелАЗ» бір­лескен кәсіпорны» ЖШС бас директоры Сергей Потылициннің айтуынша, оның жылына 30-33-ін шығаруға мүмкіндік бар. Одан үлкендері құрастырылатын уақыт та таяу. Еуразиялық экономикалық одақтың тетігі іске қосылу жылынан жергілікті тұтынушылардың бұл алып техника күшіне деген сұранымы бірте-бірте қанағаттандырыла бастайды. Жалпы алғанда, облыстың Беларусь Республикасындағы кәсіпорындармен байланысты орнықтырып, нығайтуының мысалы бір бұл ғана емес. Осы тараптағы ынтымақтастық Минск трактор зауытымен, «БелАгросервис» бірлестігімен, ауыл шаруашылығы саласының буындарымен қол жеткізілген келісімдер бойынша жалғасын тауып, дамып келеді. Мәселен, темір нар жасаушылар «Сарыарқа» еркін экономикалық аймағында тағы бір бірлескен кәсіпорын жұмысын ұйымдастыруға кіріссе, аграршылар Абай ауданындағы «Астро-Агро», «Шанс» шаруа қожалықтары көкөніс, картоп өсірушілері, ет-сүт өндірушілері әріптестерімен арадағы өзара пайдалы іс-қимылға ынталы. Өндірісті өңірдің металл бұйымдары, құрылыс материалдары тәрізді өтімді заттарымен қатар қой жүнін, жылқы етін, майлы дақылдарды тереңдетіп өңдеп, сыртқы рынокта бәсекеге қабілетті өнімдерді, коммуналдық шаруашылыққа арналған техникаларды бірлесіп шығаруға, машина жасау саласын қалыптастыруға бағытталған жобалар қыруар істердің негізгі арқауы болып табылады. Былтыр облыс делегациясының Беларусь Республикасында болған жұмыс сапарында біріккен байланыс өз кезегінде екі жақтан да инвес­тициялар құйылуын арттыр­ды. Интеграция игілігіне көз жет­кізушілер белсенділігі мен ықы­ласы күшейді. Күрмеуі қиын, сан түрлі иірімге толы көрінген жол­дың тиім­ділігін дәлелдеп, үлгілі із сал­ған «ҚазБелАЗ» бір­лес­­кен кәсіп­орнындай болуға ұмты­лу­шылар ұлғая түсуде бұл күнде. Ресей Федерациясы, Бе­ларусь са­лалас өндіріс орындары­мен қа­рым-қатынас қалпына түс­кен Қа­рағанды машина жасау кон­со­р­циумының, Пархоменко атын­дағы механикалық аспап­­­тар, Ақтау цемент, «Сан­тех­пром» сантехникалық бұйым­дар зауыт­тарының, «Қара­ған­ды кон­феттері» кондитер фаб­рика­сының шахталарға арналған көмір өндіру гидравликалық техникалары мен құрал-жабдықтары, іске ыңғайлы станоктары, сапа­лы цементі, тіл үйірген тәт­ті­ле­рі ресейлік, беларустік тұты­ну­­­шылардың үлкен сұранымына ие. Олар ке­дендік кедергілерге ұшы­рамай тапсырыс берушілерге же­ңіл жетеді. Облыс бойынша бұл елдер­мен импортқа қарағанда экспорт көлемінің 60 пайыздан асуы өнім өткізудің ұшан-теңіз рыногы ашы­луына қанаттандырып, ертеңгі алаң­сыз жұмысқа серпін беруде. «Әр нәрсенің сәті бар» деген осы болар. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.