01 Мамыр, 2014

«Сарыарқа» – Братина Кубогының иегері

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағандының «Сарыарқа» хоккей командасы бұрнағы күні Жоғары хоккей лигасы (ЖКХ) плей-офф сериясының финалдық матчының жалпы қорытындысында Түменнің «Рубин» жасағын 4:2 етіп ұтып, Братина Кубогының иегері атанды. Осылайша қарағандылықтар Ресейдің Жоғары хоккей лигасына қатысып жүрген шет­елдер жамағаттары арасында бірінші болып аталмыш белесті бағындырды. Кеншілер қаласы хоккейшілер ұжымын осынау зор жетістігімен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сол күні құттықтады. Айта кетуіміз керек, сериядағы алтыншы соңғы кездесу Қарағанды қаласында өтті. Аса тартыс үстінде өрнектелген матчтың ақырында алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл жалпы есептің 4:2 болуын қамтамасыз етті. Ал жеңімпаздардан шайбаны Сергей Елизаров пен Владислав Лукин салса, қонақтардан Александр Незнамов көзге түсті. Сол сияқты «Сарыарқаның» шабуылшысы Константин Макаров Братина Кубогының ең құнды ойыншысы атанды. Осы жеңісті серия аяқталған бойда Жоғары хоккей лигасының басқарушы директоры Герман Скоропупов қатарынан екінші жыл Братина Кубогының финалында шайқасып, оның соңғысында діттеген биігіне жеткен «Сарыарқа» клубын Құрлықтық хоккей лигасына (КХЛ) жіберуге дайын екенін білдірді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.