Білім • 20 Шілде, 2022

Техникалық университетте хирургиялық құрал-жабдықтар жасалуы мүмкін

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректорының мінде­тін атқарушы Сәуле Рахметуллина баспасөз брифингін өткізді. Журналистермен кездесуде жоғары оқу орнының басшысы уни­верситеттің 2021-2022 оқу жылындағы жетістіктерімен та­ныс­тырды.

Техникалық университетте хирургиялық құрал-жабдықтар жасалуы мүмкін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отыры­сын­да сөйлеген сөзінде: «Жал­пы, бәрімізге білім туралы көз­қа­расымызды өзгер­ту қажет. Гуманитарлық маман­дық­тар­мен әуестену кезеңі кел­мес­ке кетті. Басымдықты тех­ни­­ка­лық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркә­сіп­шілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет», деп техникалық мамандықтардың маңызын атап өткен болатын. Осыған орай техникалық мамандықтарға бө­лі­нетін грант саны 60 пайызға өскен. Батыс өңірлердегі түлек­тер үшін 10 мың грант қарас­ты­рыл­ған. Сонымен қатар университет ғылымын нығайту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бойынша нақты міндеттер қойылды. Алдағы уақытта грант­тық қаржыландыру арқылы ЖОО ғылымына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

– Университет жұмыс бе­ру­­ші­лер­мен, халықаралық дең­­гейдегі көшбасшысы кә­сіпо­рын­­дармен ты­ғыз байланыс орнатқан. Біздің тү­лектеріміз ERG, Volk­swa­gen, Simens, Microsoft, Rosneft, Росатом, Kaz­atom­prom, «Самұрық-Қазы­на», «ТМК», «ҮМЗ», «Каз­ми­нералс», Kazzinc, сияқты ірі компанияларда жұмыс істейді. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызды құрап отыр дейді, – Сәуле Жәдігерқызы.

Кейінгі кезде оқушылардың техникалық мамандықтарға қы­зығушылықтары төмендеп кеткені жасырын емес. Алай­да олар техникалық білім алған азаматтар жұмыссыз қал­май­тынын, жалақысы жоғары кәсіп­орын­дарда қызмет етуге мүм­кіндіктері мол екенін ескер­ге­ні жөн. Бұл ретте инженерлік білім алуға сұранысты арттыру үшін өзара байланысты үш модульді қамтитын үздіксіз ин­женерлік білім беру жүйесі құ­рыл­ды. Яғни PreUniversity бағдарламасы аясында Білім басқармасының қолдауымен тереңдетілген физика-мате­ма­ти­калық дайындықты көздейтін EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектебі құ­рыл­ды. Ол облыстың 27 мек­те­бінің балалары мен мұға­лім­дерін біріктірді. Бұл жобаның мақ­саты – аймақтағы мектеп оқу­шы­ларының шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін қол­дау, физика, математика пән­де­рі бойынша дайын­дығын күшейту.

– Демалыс уақытында балалар университет базасында немесе «Простор» жазғы кампусында білім алады. Қазір 30 бала оқып жатыр. Қосымша 70-ке жуық бала келесі екі маусым­да лагерьге баруды жоспарлап отыр, – дейді университет рек­то­ры­ның міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина.

Аталған университеттің білім беру базасы жылдан-жылға ны­ғайтылып келеді. Испания, Италия, Словения универ­ситет­­­терімен бірлесе отырып, тех­никалық мамандықтарға оқы­тудың заманауи әдістері әзір­лен­ген. Келесі жылы университет басшылығы Абай, Алматы және Түркістан облыстарына шығатын желілік инженерлік мектепті кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы жоба үміткерлерді техникалық бағытқа баулудың мектеп негізіндегі даярлық дең­гейін арттырады.

– Ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесі – ESG халықаралық стандарттары негізінде 10 стандарт әзірленіп, енгізілді. Менің ойымша, алға қойылған жос­парлар орындалады. Себебі үл­кен дайындық жұмыстары жүр­гізіліп жатыр, – дейді Сәуле Рахметуллина.

Техникалық университетте ғылым саласына көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, жоғары оқу орнында титаннан медициналық имплант өнімдерін шығару қолға алынған. Ендігі кезекте хи­рургиялық құрал-сай­­ман­дар шығару көзделіп отыр. Ол үшін Өскемендегі Д.Серікбаев атын­дағы ШҚТУ мен Семей медициналық уни­вер­ситеті арасында келісім жа­сал­ған.

– Семей медициналық универ­си­тетінің тиісті патенті бар. Олар бізге хабарласып, хирургиялық ота жасайтын құрал-саймандар жасауды ұсынды. Бірақ ол үшін тиісті жабдықтар қажет. Қазір екі университет бірлесіп, ақылдасып жатырмыз. Содан кейін қаржы бөлетін инвестор іздейміз, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина.

Аталған жоғары оқу орнында студенттер үшін қолайлы жағ­дайдың бәрі бар. Бас ғи­ма­рат пен жатақханаларда фитнес орталықтары ашылған. Студенттерге спортпен шұғыл­да­ну қолжетімді болуы үшін залдарға жаңа жабдықтар орна­тыл­ған. Алдағы оқу жылына серіктестердің ғылыми желісін кеңейту, зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейге көтеру, коммерцияландыру секілді ма­ңыз­ды міндеттер қойылып отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы