01 Мамыр, 2014

Қондырғы іске қосылады

495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақтау мен оның төңірегіндегі ауылдар үшін ауызсу, ыстық су, электр энергиясы мен дистиллят өндіріп дайындайтын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қазір су тұшыту кешенін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жуырда аталмыш кәсіпорында өткен баспасөз мәслихатында өңірдің ауызсу тапшылығын жою жолында жасалған жұмыстармен танысудың сәті түсті. SONY DSC Кәсіпорында қазір 1980 жылдардан бастап, сол онжылдықтың соңына дейін қолданысқа енгізілген қондырғылар жұмыс істеп тұр. Қолданылу мерзімі 20 жыл деп белгіленген бұл қондырғылардың қазір қуаттылығы сыр беріп, су тұтыну көлемі артқан сайын өнімділікке қол жеткізуге өз әсе­рін тигізуде. Кешеге дейін кәсіпорын құрамындағы 6 су тұшыту қондырғысы аймақтың энергетикалық өндірісін, дистиллят өндіруді толық қамтып келген болса, тұрғындардың көбеюі, жаңадан өнеркәсіп орындарының құрылуы мен абаттандыру жұмы­сының кең көлемде қолға алынуы, сондай-ақ, тұрғындардың тех­ни­калық мақсаттағы сулар­дан бас тартып, оны ауызсу­ды тұты­нумен алмастыруы жұмса­латын шығынның ұлғаюына әкеп соқ­тырды. Нәтижесінде 2013 жыл­дың жазындағы көрсеткіш бойынша Ақтау қаласының өзінде ауызсуды тұтыну көлемі тәулігіне 48 мың текше метрге дейін жеткен. Өз кезегінде бұл «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алдына кешенді кеңейту, жарақтарды жаңғырту мәселесін қойды. Осы мақсатта 2008 жылы Израильде жасалған ГПТИ-1а,б қондырғыларын іске қосумен басталды. Тәулігіне 6000 текше метр дистиллят өндіретін қон­дырғылардың сапалық жағ­дайы оның өнімдерін тамақ өнер­кәсібінде емес, тек жылу-энергетикалық қондырғылардың технологиялық қажеттіліктері үшін пайдалануға мүмкіндік берді. Қо­сымша байқаулар мен таңдаулар жасап, бүгінгі күннің қажеттілігіне толық жауап беретін, яғни оның өнімдері тамақ өнеркәсібінде де қолдануға жарайтын қондырғы табу мәселесі туындады. Су тұ­шыту қондырғыларын, құрал-жабдықтарын өндіретін компания­лар арасынан таңдау франциялық «SIDEM» компаниясына түсті. Франция – аталмыш қондырғылар өндіруде әлемде алдыңғы қатарда көрініп, көшбасшылар санатында жүрген мемлекет. Қажеттіні тапқан соң, іске кіріскен қазақстандық тарап, яғни «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 2011 жылы Францияның «SIDEM» комапиясымен келісім­шартқа тұрды. Мақсат – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де ГПТИ-2, ГПТИ-3 жаңа қондыр­ғыла­рын орнату және іске қосу. Жарамдылық мерзімінің ұзақтығы экономикалық жағынан тиімді болып есептелетін екі қондырғының әрқайсысының тәуліктік өнім­ділігі 12000 текше метр дистил­лят құрайды деп күтілетін қон­дырғыларды орнатудың ал­ғашқы кезеңі аяқталды. 2013 жылы Ақтаудағы «МАЭК-Қаз­атом­өнеркәсіп» ЖШС дистиллят өндіру және өнеркәсіптік су-жылумен жабдықтау зауытында ГПТИ-2 жаңа су тұшыту қон­дырғысының монтаждау жұ­мыстарын аяқтау мен сынақ ретін­де іске қосу жүргізілді. Таяу күндері ГПТИ-2 су тұшыту қон­дырғысы толыққанды пайдалануға берілмек, ал ГПТИ-3 су тұшыту қондырғысы өнеркәсіптік іске қосылады. Баспасөз мәслихатында мә­лім болғанындай, жаңа су тұ­шыту қондырғыларын жаңарту бағытындағы белгіленген қаржы ретімен игерілген. Қазақстан Республикасы Та­биғи монополияларды реттеу жө­ніндегі агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен баспасөз мәслихатында кешенді кеңейту, су тұшытатын жаңа қондырғылар жайында егжей-тегжейлі әңгі­мелеп, сұрақтарға жауап берген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас инженері И.Чернецкий екі жаңа қондырғы іске қосылған соң ауызсу өндіру көлемі 13,1 пайызға артып, тәулігіне 64 мың текше метр өнім өндіруге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігін айтты. Бұл екпін Ақтау қаласы мен оның маңындағы ауылдардың ауызсу мәселесін алдағы бес жыл бойына толық қамтамасыз ететін болады. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.