Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер қатарынан оралғанымда жарқын қабақпен құшақ жая қарсы алған ағалардың бірі Қорқыт Байзақов болатын. Жасының үлкендігіне қарамастан бауырына тартып, қатарынан қалдырған жоқ. Ол кезде жас жігіттер үшін үлкендердің жанында жүру үлкен құрмет еді. Жатырқамай, айналасындағы жолдастарымен таныстырып, орталарындағы қуаныштар мен кездесулерден қалдырмауға тырысты. Кішіге ізет көрсетіп, ағалық қамқорлығын аямаған абзал азаматпен осылай таныстым. Тез араласып, бауырлардай болып кеттік. Қорқыт Байзақұлы қарапайым, кішіпейіл, қандай іс болмасын үлкен жауапкершілікпен қарайтын тындырымды азамат еді. Мінезі тік әрі кең-тін. Отбасында жайлы, балаларын еңбекқор, ұқыпты адал болуға тәрбиеледі. Өзі де қандай істе болмасын тиянақты, мұқият болды. Кейін мен білім іздеп, ауылдан жырақ кеттім. Оқуымды аяқтап елге келсем Қорқыт Байзақұлы Махамбет аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі екен. Сағынысып көрісіп, сыйластығымыз бұрынғыдан бетер арта түсті. Одан соң ағамыз жергілікті жоспарлау комитетінің төрағасы, 1952-1965 жылдары Чкалов атындағы кеңшардың партбюро хатшысы, Сарайшық селолық кеңесінің төрағасы жұмыстарын абыроймен атқарды. 10 жыл бойы «1 Май» кеңшарының кадр бөлімін басқарды. Соғыста болған ер-азаматтардың сүйсінерлік ерекше қасиеті – қан майдандағы ерліктерін айтып мақтанбайтын. Өзім де Ұлы Отан соғысына қатыстым. Бірақ, сарбаздармен әңгіме бола қалғанда «мен сөйттім», «мен бүйттім» болмаса «мен танк жардым» дейтін әңгімелер естілген емес. Қорқыт аға да біреу әдейілеп сұрамаса, соғыс туралы ашылып айта бермейтін. Әйтпесе, ағамыздың кеудесіне таққан «Қызыл Жұлдыз», жауынгерлік «Қызыл ту» ордендеріне, «Ерлігі үшін», «Берлин қаласындағы шайқасқа қатысқан үшін», «Варшава және Кенигсберг қалаларын жаудан босатқаны үшін» медальдарына, Украина және Белоруссия майдандарындағы, ерлік істеріне мақтанып, көкірек көтеруіне әбден болатын еді. Және ол өзі соған лайықты да болатын. Есесіне, Қорқыт Байзақовтың ерен ерліктерін ел аңыз етіп айтып жүрді. Қатардағы жауынгер болып қантөгіс ұрыстарға араласқан ағамыздың небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткергенін білетінбіз. Ол елінің абыройы мен бостандығын қанымен, жанымен қорғай білді. Қайтпас қайсар жауынгер кейін офицерлік курсты тәмамдап, рота басқарды, ұрыстарға араласты. Қиындықтан қаймықпай жол таба білетін командир атанды. Ұрыстарда екі рет жау оғы тиіп, қатты жараланса да қайтадан қанды шайқастарға кірді. Оның батылдығы туралы 1050-атқыштар полкінің командирі, майор Кульчий: «Жолдас Байзақовтың басқаруындағы взвод 1944 жылдың 29 маусымында қарсыластарға оқ жаудыра отырып, жаудың 13 солдатын жойды. Ол өзінің батыл да ержүрек істерімен және шебер басқарушылығымен полктың Днестр өзенінің оң жағалауын азат етуіне үлкен көмек көрсетті. Қ.Байзақовтың бұл ерлігі «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталуға әбден лайық», – деп жазды. Соғыстан аға лейтенант болып оралып, өңіріне жауынгерлік үш орденді қадап қайтқан солдат, сірә, осал емес шығар. Айта берсе, Қорқыт Байзақовтың азаматтық, ерлік істері өте көп. Соғыстан кейінгі кезде де ағамыздың аты қара қылды қақ жарған әділдігімен, дуалы ауыз өсиеттерімен және ұлағатты сөздерімен шықты. Әсіресе, жастар жағы көбірек жиналғанда қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді сол уақытта-ақ дөп басып айтып отыратын. Бүгінде қарап отырып таңырқаймын. – Адам өз атын кісілікпен, ізгілікпен шығарады. Кісілікке қонақжайлылық, жомарттық жатады. Ал, ізгілік – адамды алғысқа бөлейтін, өзің өлсең де атыңды өлтірмейтін ерекше қасиет. Адам боламын десеңдер, айналайындар, Абай аталарың айтпақшы, жамандық атаулыдан алыс болыңдар. Жамандықтың да түрі көп. Мысалы, ашу – ақылдың жауы. Ал, қорқақтық ездікке жетелейді, қорқақтықтың жолдасы – үрей, бұған кешегі соғыс кезінде көзіміз анық жетті. Жағымпаздық та сол қорқақтықтың ағайыны. Еріншектік пен жалқаулық – адамның аяғын бастырмас, көзін аштырмас, еңсені басып, жүнжітетін ауру. Кісі боламын десеңдер, күншілдіктен қашық жүріңдер. Құмардың құлы болудан сақ болыңдар! Құмардың құрты – ақша мен арақ, – деп үнемі айтып жүруші еді. Қорқыт Байзақовты білетіндер «үлкен жүректі азамат еді», «жомарт жан еді» деп әлі күнге дейін құрметпен еске алып отырады. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, әз ағаның асқақ тұлғасы мен ерлік істері, азаматтық болмысы мен парасатты бейнесі уақыт өткен сайын зорайып келеді. Орынғали ҚАРАСАЕВ, соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының құрметті азаматы.
Еліміздің бес өңірінде су тасқыны қаупі жоғары
Қазақстан • Бүгін, 22:47
Бурабайда шанаға отырып ағашқа соғылған қыз қайтыс болды
Оқиға • Бүгін, 22:12
40 градусқа дейін аяз: Елімізге арктикалық суық келеді
Ауа райы • Бүгін, 21:56
Астанада аязға байланысты бірінші ауысымдағы оқушылар қашықтан оқуға көшірілді
Елорда • Бүгін, 21:33
Қазақстанның Ұлттық футбол құрамасының бапкерлер штабы анықталды
Футбол • Бүгін, 21:16
Астана әуежайының ұшу-қону жолағы уақытша жабылады
Елорда • Бүгін, 20:49
Әлемдік экономиканың жаңа картасы: Қазақстан қай орында?
Экономика • Бүгін, 20:31
Қазақстан халық партиясы жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өткізді
Ата заң • Бүгін, 20:14
Bek Air ұшағы апаты: Алматы апелляциялық сотының шешімі өзгеріссіз қалды
Қоғам • Бүгін, 19:49
Шет ауданында жол қозғалысы шектеліп, 45 адам эвакуацияланды
Аймақтар • Бүгін, 19:37
Қарағанды облысында 800-ден астам көлік қар құрсауында қалып қойды
Аймақтар • Бүгін, 19:25
Студенттерді еден жууға мәжбүрлеген: Түркістанда жатақхана қызметкерлері сөгіс алды
Оқиға • Бүгін, 18:55
Ет қымбаттады: Еуропа, Азия және Таяу Шығыста бізден арзан
Қоғам • Бүгін, 18:35
Жалпыұлттық коалиция белсенділері үгіт-насихат жұмыстарын бастады
Ата заң • Бүгін, 18:25