Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жетісу облысы жаңадан құрылғандықтан, әлі де Алматы облысының прокуратурасы берген мәліметке сүйенуімізге тура келеді. Жалпы, екі аймақты қосқанда 120-дан астам мұғалім осы уақытқа дейін жалған дипломмен қызмет атқарып келген. Соның ішінде 53-і – жетісулықтар. Түйткілді тарқатар болсақ, Сарқан ауданында – 43 маман, Көксу ауданында – 2 маман, Текелі қаласында – 4 маман, Ескелді ауданында 4 маман құнды құжатты қолдан жасаған. Тіпті білім шаңырақтарында жұмыс істеп жүргендеріне біраз уақыт болған екен.
Облыстық прокуратура органдары қос аймақтағы қала, аудандардағы білім беру мекемелерінде қызмет атқару мен сапалы білім ұсынуларына қатысты талдау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, Сарқан, Қарасай, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орта мектептерінде 122 мұғалім жоғары оқу орындарының жалған дипломын пайдалану арқылы жұмыс атқарғандарын анықтаған. Ең қиыны, жалған құжаттар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің атын пайдалану арқылы жасалған екен. Қазақтың асыл тұлғасының есімін арқалаған аяулы қарашаңырақтың осындай ұятқа қалғаны елімізде білім саласында біраз былықтың бұғып жатқанын айғақтайтындай.
«Көрiнеу жалған құжатты пайдалану деректері бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта, қылмыстық қудалау органымен 41 маманға қатысты қылмыстық істер кінәларын мойындауларына байланысты және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына орай ақталмайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатылды және олар қызметтен босатылды. 81 маманға қатысты қылмыстық істер тергелу үстінде», дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Қанат Нұхаев.
Аймақта әшкере болған бұл жағымсыз жайтта нақты қай пәннің мұғалімдері жалған дипломмен сабақ бергенін жауаптылар жарияламады. Бұл ішкі құпия болып қалмақ.
Иә, ұстаз деген ұлы есімге күйе жағып, заңды белшесінен басқан мұғалімдерді облыстық білім басқармасы жоғары оқу орындарынан сұрау салу мониторингісі нәтижесінде анықтаған. Осылайша, бірегей білім ордаларының жалған құжаттарын бас пайдасына жаратып, соның нәтижесінде жалақы алып отырғандарға тұсау салыныпты.
«Маусым айында білім басқармасының бастамасымен облыстық прокуратураға барлық мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің педагог қызметкерлерінің арнаулы орта және жоғары білім туралы дипломдарының түпнұсқалығының сәйкестігін тексеру бойынша тізім мен хат жолданған. Тексеріс барысында көптеген заң бұзушылық анықталды. Ұстаз білім беруші ғана емес, ол – адамдықтың, мәдениеттіліктің, адалдықтың үлгісі, болашақ алдында үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан жалған мамандар ұлтқа дұрыс тәлім бере алмайды. Өз-өзімізді алдаудың қажеті жоқ», дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, кадрмен жұмыс, құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжан Елубаева.
Оның айтуынша, бүгінде аудан, қала прокуратуралары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін екі облысқа тиесілі барлық өңірде жалғасатын болады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздің Қылмыстық кодексiнің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасағандарға 2 мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп, не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Ал жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Жалпы, білім саласында біз білетін һәм білмейтін дау-дамай қаншама?! Соның бірі – осы жалған дипломның жайы. Министрлік бұл басбұзарлықпен алысып келе жатқанына көп бола қойған жоқ, тіпті атағы дардай ірі университеттердің де қызметін шектеді, жылдар бойы жиналған шетін мәселе оңайлықпен орнына келмесі анық. Амал қайсы, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Яғни 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Осы мәселені біржақты ету үшін, министр қазақстандық ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, электронды түрде берілетінін де жеткізген. Бірақ жалған диплом мәселесі әлі де әбігерге салуда.
Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған дипломдар сатылатын жасырын база бар екенін баяндап берген-ді.
«Қазір жалған диплом сатып алу туралы әлеуметтік желідегі жарнамалар ешкімді таңғалдырмайтын болған. Жалған дипломға қолжетімділік, бағасының арзан болуымен қатар, диплом сататындар жасанды құжатты ешкім түпнұсқадан ажырата алмайды деп сендіреді», деген министрлік.
Өкінішке қарай, қызығушылық танытқан адамды сендірудегі басты құрал – барлық құжаттың ресми бланкілерде басылып, нақты түпнұсқамен сәйкес келетіндігі. Тіпті дипломдарын тексеру кезінде түпнұсқадан еш айырмасы болмайды.
«Сатып алған диплом жұмыс істеу барысында жарамсыз екенін ескерсек, кәсібилік тұрғысына келген кезде ондай адамдар өз ісінің маманы бола алмайды. Міне, нәтижесінде құқық қорғау органдары анықтайтын жалған дипломдар саны жыл сайын артып келеді», дейді Қанат Нұқаев.
Естеріңізде болар, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Жалған диплом – жемқорлыққа жол ашады» атты мәжіліс өтіп, еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген біліксіз мамандардың диплом алу кезіндегі қитұрқы әрекеттері сынға алынған. Мониторинг кезінде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар анықталып, әр саланың жұмысына келтірген залал белгілі болған еді. Құны 265 мың теңге тұратын жалған диплом дайындау мерзімі бар-жоғы 1-2 күнге ғана созылады екен. Демек қалтаңыз қалың болса, кез келген мамандықты шыр айналдырып әкетесіз, әрине, заңнан қорықпасаңыз. Оларға қатысты мәліметтер ішкі істер органдарына берілген.
Атап айтқанда, Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде, Алматыдағы Спорт және еңбек академиясында, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде, Алматы технология және бизнес институтында оқыдық деп жалған дипломмен жұмыс істеген бес маман анықталған. Оларды заң тәртіпке салған еді.
Мұғалімдердің жалақысы көбейгеннен бері осы салада жалған құжат жасайтындар артты. Ақшаға қызыққан халық небір әрекетке барады. Шама бар, аймақта қатаң тексерулердің нәтижесінде білім саласында жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мұғалімдер жұмыстан босатылып жатыр. Әйтсе де бұл мәселенің бергі беті ғана. Осы орайда дипломды сатқан оқу орнына да, сатып алған адамға да жазаны қатаңдататын кез жеткен сыңайлы. Бәлкім сонда ғана білім саласына еніп кеткен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық ауыздықталар. Әйтпесе, баласын мұғалімге сеніп тапсыратын ата-анаға мұндай сыбайластыққа барғандар рухани қастандық жасағандай болмай ма?!
Жетісу облысы