Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жер учаскелерін берудің заңдылығы туралы мәселе көтерген еді. Осы жиын барысында үш ауданда жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткен фактілер анықталды. Мәселен, Іле ауданында үш жер учаскесінің нысаналы мақсаты шаруа қожалығын жүргізуден өнеркәсіп нысанына өзгертілген. Дәл осындай екі факт Еңбекшіқазақ ауданында, тағы 2 факт Қонаев қаласында тіркелген. Анықталған жағдайларға байланысты облыс әкімі берілген жер учаскелерінің заңдылығына талдау жасауды тапсырып, аудан әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялайтынын ескертті.
– Мен ауыл шаруашылығы жерлерінің сегментациясына және оның нысаналы мақсатын өзгертуге жол бермеу туралы тапсырма бергенмін. Жалпы, 27 маусымнан 1 шілдеге дейін облыс бойынша 7,5 мың гектар жерде 578 учаске ұсынылған. Қазір жер беруді қатаң түрде қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес реттеу талабы алдымызда тұр. Жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жер учаскелері бекітілген құжаттары бар, дайындалған алаңдардан берілуі керек, – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жалпы, жер дауы Алматы облысының Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген аудандарында жиі көтеріліп отыр. Жақында бұл жайында Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев те мәселе көтеріп, депуттатық сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы Алматы облысындағы 1,5 миллион гектар шұрайлы жерге тек 30 адамға ғана иелік етіп отыр дегенді айтты. Бұл мәселенің қарапайым халық тарапынан наразылық тудырып отырғанын, тез арада шешімін таппаса, әлеуметтік дүмпуге әкеліп соғуы мүмкін екенін де мәлімдеді депутат. Анығында, жайылым мен шабындық алқаптардың, егістік жердің қалталы адамдардың жекеменшігіне өтіп кеткені жайлы әңгімелер жылдар бойы айтылып келеді. Соңғы кезде мұндай жағдайдың нақты дерегі Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудандарында белгілі бола бастады.
– Қалталы азаматтардың шағын тобы Алматы мен Жетісу облыстарындағы ең шұрайлы орманды алқаптарды, тау қойнаулары мен шабындықтарды тұтастай бауырларына басып, елден қызғыштай қорып отырғаны жанға батады. Халықтың наразылығы орынды. Өйткені олар үшін ата-бабадан қалған атамекеннің әр пұшпағы қасиетті әрі қымбат. Біз ел аралағанда халықтың жерге қатысты наразылығы жиі алдан шығады. Мәселен, Кеген, Нарынқол ауылдарында болғанда жұртты алаңдататын басты проблеманың бірі жер екенін барынша сезіндік. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорының 415 мың гектары 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 11 адам аңшылық шаруашылығына арналған 523 мың гектар жерді тұтастай қоршап алған. Жаркент өңіріндегі құйқасын тартсаң майы шығатын орманды алқаптардағы 78 мың гектар алты жеке тұлғаның меншігіне өтіп кеткен. Осы шекаралық ауданмен шектесетін Ұйғыр ауданындағы жағдай тіптен шектен шыққан. Мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік босалқы жерге жататын 415 мың гектар жер аңшылық шаруашылығын жүргізу үшін деген сылтаумен алты адамның арасында бөлініске түсіп кетіпті. Бұл көлем аудандағы орман алқаптарының 97 пайызын алады. Жоғарыдағы үш ауданда 1,5 миллион гектар жердің 30 адамның қолында екені анық, – дейді Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев.
Ал Райымбек ауданының тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы тіршілік көзі ғана емес, өмір сүру салты десе де болады. Дегенмен жергілікті халықтың айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін бұл саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік жоқ. Себебі егістік, жайылымдық жерлер жетіспейді. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жер бөлу мен оның пайдаланылуын, жалпы жер заңнамалары талаптарының сақталуын бақылаудың әлсіздігі бұған өз әсерін тигізіп отыр. Жерді тиімсіз қолдану, жауапсыздық салдарынан көптеген мәселе туындайды. Тіпті мал азығының жетіспеуіне, соған сәйкес мал санының азаюына әкеп соқтыратын салдарын айтпағанның өзінде, халықтың өмір сапасына, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің, аудан экономикасының даму қарқынына теріс ықпал етеді. Осыған байланысты, бүгінгі күні ауданда жер ревизиясын жүргізу бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Ондағы басты мақсат – пайдаланылмаған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару.
– Аудан тұрғындарының әл-ауқаты жермен тікелей байланысты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті мүлде пайдаланылмай жатқан жайттар да кездеседі, бірақ мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деп бұлай қарап отыруға болмайды ғой. Біз не мал басын көбейте алмаймыз, не картоп егістігін ұлғайта алмаймыз. Соның бәрі суармалы жер мен жайылымның жетіспеуінен туындап отыр. Осыған шара қабылдап, жерге ревизия жүргізсеңіздер, сонымен бірге жер учаскесін беру конкурсын ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын, – дейді бізге хабарласқан аудан тұрғыны Мақсат Ілиясұлы.
Жалпы, бұған дейін Мемлекет басшысының пәрменіне сәйкес аудан, қала әкімдіктері облыстық жер инспекциясымен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және заң бұзушылықты жою жұмыстарын жүргізуді бастаған болатын. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Алматы облысы мен Жетісу облысына қарайтын 16 аудан, 1 қаланың аумағындағы 450 мың га жерге жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350 жер учаскесі анықталған.
Айтпақшы, аудандағы су жетіспеушілігі ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін тағы бір күрделі мәселеге айналып отыр. Жалпы ұзындығы 141 шақырымнан асатын 8 магистралды каналды күрделі жөндеуден өткізу бұл мәселені шешуге оң ықпал етеді. Аудан тұрғындарының айтуынша, алдымен неғұрлым көп жер учаскесін қамтитын, мәселен, Казачий, «Жаңа жеміс», Дараты сияқты каналдарды бірінші кезекте жөндеу керек. Сонда 15 мың гектардай суармалы жер айналымға қосылады. Жобалық-сметалық құжаттамалар дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар, қымбатшылыққа байланысты түзету енгізу үшін қаражат қажет екенін айтады тұрғындар. Ал бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен облысқа 97 млрд теңге бөлінуге тиіс. Соның шамамен 40 млрд теңгесі ирригациялық жүйелерді, су қоймаларын қайта қалпына келтіру мен жаңғыртуға, салуға, сол сияқты жалпы егіс алқаптарының көлемін ұлғайтуға бағытталған мәселелерді шешуге жұмсалмақшы. Ал дәл осы Райымбек ауданындағы жобаға 6 млрд теңге қарастырылған екен.
Алматы облысы