Экономика • 21 Шілде, 2022

Рубльдің көптігінен қорқыныш жоқ

580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстанның ішкі нарығы рубльге толып қалды» деп дабыл қағып жатқандар көп. Меніңше, бұдан қорқудың қажеті шамалы. Нарық өзі реттеп, барлығын орнына қояды.

Рубльдің көптігінен қорқыныш жоқ

Қазақстан экспорттық тауарларының басым бөлігін Ресейге, Ресей арқылы Беларуське әрі қарай Еуропаға жібереді. Темір жол арқылы тасымалданатын экспорттық тауарымыздың 49 пайызы Ресейге жеткізіледі, 23 пайызы Ресей территориясы арқылы Еуропаға шығарылады. Сонда отандық өнімнің 72 па­йызы Ресей территориясы арқылы өтеді екен. Өкінішке қарай, қазір геосаяси жағдайға байланысты Ресей территориясы арқылы Еуропаға шығу мүмкін болмай тұр.

Қазақстандағы импорттың 44 пайызы Ресейдің үлесіне тиесілі. Негізінен біз машина жасау саласының өнімдерін аламыз. Бұған жеңіл автокөлік, ауыр техника, ауыл шаруашылығы техникасы, темір жол машинасы, энергетикалық машиналар, мұнай саласындағы машиналар кіреді. Қазір Ресейде автомобиль өндіру тоқтады. Машина жасау саласының өзге бағыттарында да мәселе көп. Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде астықты өңірлер осының салдарын сезінді. Өйткені біздегі ауыл шаруашылығында пайдаланылатын техниканың басым бөлігі Ресей, Беларусь өнімдері. Соларға қажетті қосалқы бөлшектер табылмай, шаруалар қиналды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың бейбіт қана өмір сүріп жатқан Қазақстан экономикасына тигізіп жатқан кері әсерін осыдан-ақ аңғаруға болады. 

Өкінішке қарай, мұндай кері әсерлер көбейе бермек. Соғыс ұзаққа созылған сайын Ресейдің өз басында экономикалық ресурстарға деген күрес басталады. Мысалы, металдан көлік, вагон, танк, автомат шығаруға болады. Соғыс кезінде әскери техникаларға деген сұраныс өсері даусыз. Ресурстың басым бөлігі сол салаға бөлінеді де, басқа бағыттарға жетпей қалуы мүмкін. Соғысқа қанша қаржы жұмсасаң да жетпейді. Осының бәрі машина жасау саласының өнімдерін шығаруға кесірін тигізуі мүмкін.

Ресейден біздің елге келетін импорт 44 па­йыздан 37 пайызға төмендеді. Көрсеткіш үш-төрт айдың ішінде 7 пайызға кеміген. Жағдай осылай жалғаса берсе, Ресейден алатын тауарымыз азаяды. Ресейдің өзі де импортты тоқтатуға мәжбүр. Олардың импорты екі есе төмендеді. Бұған санкция әсер етуде. Көп мемлекет Ресейге өнім бергісі келмейді. Одан кейін Ресейдің банк жүйесі SWIFT-тен толық ажыратылды. Салдарынан рубль конвертацияланбайтын болды. Ресейде біріккен кәсіпорындар көп еді. Оның бәрі жабылған соң, долларға деген сұраныс азайды. Миллиондаған ресейлік шетелде емін-еркін саяхаттайтын. Қазір Ресей азаматтары шетелге шыға алмайды. Шыққан күннің өзінде өздерінің карталарын пайдалану мүмкін емес. Сондықтан халық тарапынан да валютаға деген сұраныс азайып отыр.

Алайда Ресей мұнай-газын, басқа да өнімдерін экспорттау арқылы Ресей экономикасына келетін валюта жеткілікті. Десе де, қазір валютаға деген сұраныс жоқ. Тиісінше, рубль күшеюде. Экономикамыз тығыз байланысты болған соң рубльдің нығаюы теңгеге көп әсер етуде. Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз. Ортамызда шекара жоқ. Алыс-беріске, барыс-келіске шектеу қойылмаған. Сондықтан Ресей азаматтары Қазақстанға көптеп келуде. Олар рубльмен келіп, теңге сатып алады. Теңгеге осы жерден доллар алуға тырысады. Сол себепті Қазақстанда долларға деген сұраныс өсіп жатыр. Ресейден келіп зат алатындар көбейді. Демек бизнестегі қазақстандықтардың шетелден көбірек зат тасымалдауына қажеттілік туындап жатыр. Оның барлығы долларға деген сұранысты күшейтеді. Сұраныс неғұрлым өсетін болса, валюта да қымбаттай береді.

Рубль қымбаттаған соң, Ресейден келетін заттар бізге қымбатқа түседі. Бұрын бір затты 100 рубльге алатын едік. Ол кезде 1 рубль 6 теңгеге тең еді. Сонда 100 рубліңіз – 600 теңге. Енді дәл осы зат Ресейде әлі де сол 100 рубль тұрады. Бірақ біздегі бағам 1 рубль үшін 9 теңгеге тең. Демек 900 теңге. Ресейден әкелінетін заттар Қазақстанның ішкі нарығына келгенде қымбаттап шыға келеді. Бұл бағамға да, инфляцияның көтерілуіне де әсер етеді.

Ішкі нарықта рубльдің толып қалуы аса бір қауіпті дүние емес. Оны нарықтық экономика өздігінен реттейді. Біз бұрын рубль алуға қорықпайтынбыз. Себебі көп затты Ресейден алып келдік. Санкция басталғалы бері Қазақстанға Ресейден зат әкелуге шектеулер қойылуда. Ал шын мәнінде Ресейден алғымыз келетін заттар көп. Мысалы, астық, қант әкелуге болар еді. Өкінішке қарай, бізге қажетті заттарды алып келуге шектеу қойылған. Ерте ме, кеш пе шекара ашылады. Халық бәрібір жолын тауып, жиналған рубльді жаратады. Қазірдің өзінде Мәскеу биржасында Қытайдың юанына, біздің теңгеге деген сұраныс артуда. Мұны тиімді пайдаланған дұрыс.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

экономист