Қоғам • 21 Шілде, 2022

Қарағайды неге кесті?

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Моноқаланың мұңы бітпеді дерсіз, әйтсе де халықтың өтіні­шін жерге тастауға болмас. Бізге хабарласқан тұрғындар тілегін ескере отырып, мәселінің мәніне үңілуді жөн санадық. Текелі­дегі №8 мектептің маңында жайқалып тұрған көптеген қарағай ағашы түбірімен кесіліп кеткен. Ағаштардың құлап жатқанын көрген тұрғындар дабыл қағып, заңсыз шабылғанын жеткізді.

Қарағайды неге кесті?

Білім ордасы басшысының бұл әрекеті ата-аналардың ашуын туғызған. Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Мек­те­пі­шілік іс-шараларда күн төбеден төнгенде оқушылар осы қиылған ағаштарды саялайды екен. Әрі білім шаңы­рағының көркіндей көзге ыстық көрінеді. Енді оқушылар мектеп ауласын таздың басындай тықырлап тастағандықтан үзілісте көлеңке іздеп сенделмек. Бұл – «атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деп түйсінген қазақтың дүниетанымына жат әрекет. Мұ­ны бізге жиналған бір топ тұрғын айтты.

«Мектеп маңындағы ағаштар заңсыз кесілді. Бұл дұрыс емес. Нақты бір шешім шықса үндемес едік. Мектеп басшыларының қарағайлардың балаларға қауіп төндіріп тұрғанын, болашақта мұнда шырша ағашы егілетінін айтып жатыр. Егер тамырын алып қарасақ, қарағайдікі жайылып, шыршанікі тік өседі. Яғни шырша ағашы одан да қауіпті», дейді қала тұрғыны Екатерина Тусупбаева.

Шаһар тұрғындарының бірқатары «қауіпсіздікті ойласа, мектепке қарама-қар­сы орналасқан жатақхана ауласын­дағы құлайын деп тұрған қарағай­ларды неге шаппаған» деп ренішін біл­дірді. Тіпті кейбірі мектеп басшылығының іс-әрекетін ақтап әлек. «Білім ошағы басшысының ағаштарды рұқсатсыз кескені дұрыс емес шығар, бірақ ол ең алдымен қауіпсіздікті ойлады», деп біржақты қарамауға шақырды. Ал мектеп директоры Жанар Жақыпбекова өз кінәсін мойындап отыр.

«Кінәмді мойындаймын. Мектепте мыңнан аса бала оқиды. Кішкентай 30 балдырған ба­лабақшада жүр. 100-ден аса қызметкер бар. Оқушылар мек­тептің ауласында жүгіріп жүреді. Мен бұл жерде ағаштарды емес, балалардың, мектеп қыз­мет­керлерінің қауіпсіздігін көбірек ойладым», дейді Ж.Жа­қыпбекова.

Жалпы, мектеп ауласынан 16 қарағай, 7 қарағаш, 1 терек ке­сілген. Бұл мәселе әлі қаралуда. Білім ошағы басшысының кінәлі, кінәсіз екені жайлы нақты шешім жақын арада шығады.

 

Жетісу облысы