Қоғам • 21 Шілде, 2022

Фотошежіре сыр шертті

402 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұзақ жылдар театр мен кино саласында фототілші болып еңбек еткен Қалиғұмар Қабдешевтің туған жерінде жеке фотокөрмесі өтті. Бұған дейін көрмелері алыс-жақын шетелдерде өткенімен, Шығы­сында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Негізі, бұл көрме осыдан екі жыл бұрын ақсақалдың 80 жасқа толған мерейтойы қарсаңында өтуі керек еді. Оған коронавирус дей-тұғын кесел кедергі болып, кейінге шегеріле берген...

Фотошежіре сыр шертті

«Фотокөрме өткізіп, кітабымның тұсауын кесемін» деп сонау Алматыдан ат арытып, туған жеріне жеткен Қале­кеңмен тарихтан тарта әңгімелестік. Тым қарапайым адам. Әйтпесе, Марқакөлден шыққан фототілші ретінде есімі кеңінен танылар еді ғой. Атқарған жұмыстары да аз емес. Елдің, биліктің кешегі жүріп өткен жолы тасқа басылған таңбадай архивінде фото болып сақталған, кей­біреуі альбом болып қатталған. Бірақ «менің еңбегім бар» деп еш бұл­даған емес. Оның ішінде қарапайым адам­дардың тұрмыс-тіршілігінен бастап, Дінмұхамед Қонаевтың фотосуреттеріне дейін жинақталған.

Халық Қалиғұмар Қабдешевтің Күршім аудандық Мәдениет үйінде ұйым­дастырылған фотокөрмесінің ашылуына, «Суреттерде жарты ғасырлық шежіре» және «Өмірім мен өнерім» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналды. Көрмені тамашалап жүріп, туған жер десе, тебіреніп кетесіз, кезінде Алматыға қалай кетіп қалып жүрсіз, – дедім. Өмі­рін баяндап берсе екен дегенім ғой.

– Кішкентай кезім. Бір күні ауылы­мыз­ға Зайсан қаласынан спектакль келді. Шығаншиде (қазіргі Қазақстан ауы­лы) қойылым қоятындай жер жоқ болған ­соң біздің үйдің қабырғасына киізүй тікті. Сонда қыздардың кемпір, жігіттер­дің шал болғанын көріп таңғалдым. Кейін Садық Түкібаев басшылық ете­тін ­Жа­ңа­уыл орта мектебіне ауыстым. Садық мұғалім Сталин секілді киінетін. Өзі тарихтан сабақ берді. Мектепке де КазПИ мен КазГУ-ды бітірген мұ­ға­­лімдерді әкеледі. Сол тұстары сурет салу­ға құмартып, Шишкин, Айва­зов­скийдің картиналарын көшіріп сала бас­тадым. 1957 жылы 10-сыныпты тәмам­дадым. Суретші болайын десем, ағам мал дәрігері бол деп «зооветке» оқуға жіберді.

1963 жыл. Алматыда екінші курс­та оқып жүрмін. Сабақтан шығып, Абай даңғылымен келе жатсам, Шәкен Айма­нов кино түсіріп жатыр екен. Бір әйел мені шақырып алып, массовкаға кір­гізіп жіберді. Айманов өзі анадайда айғай­лап тұр. Мені әрі-бері жүргізді. Түсі­ріп болған соң үш сом ақша бер­ді. Сұрас­тырсам, «Перекресток» де­ген фильм екен. Содан әлгі әйел ертең сағат онда фотоларымды алып, «Қазақ­фильмге» келуімді өтінді. Бардым. Шә­кең өзі сөй­лесті. Содан хатшы қыз­ға «не штатный актер» деп бекіт деді. Ол қыз мені пойыздың вагоны тұр­ған павильонға алып барды. Іле-шала соңым­нан бұйра шашты, сырықтай бір жігіт кіріп келді де, «Асанәлі» деп қолын созды. Асанәлі Әшімовпен сол жерде таныстым, – деп әсерлі әңгімесін бастады.

а

– Сөйтіп жүргенде, Өзбекстанның Наманган қаласына әскерге аттандым. Үш жыл әскерде жүріп түсірген фото­суреттерім «Красная звезда» газе­тіне шық­ты. Елге келе сала «Шамшырақ» газетіне жұмысқа кірдім. Алдыңғы қа­тар­дағы жұмысшылардың фотосын «Ком­мунизм туына», «Социалистік Қа­зақ­станға» шығарып жүрдім. Өнер ордасы Алматыға 1973 жылы көштім. Себебі аудандық партия комитетінің және «Шамшырақ», «Маяк» газеті ұжы­­мының жолдамасымен журналис­тика факультетіне оқуға түстім. Бара сала жат­пай-тұрмай еңбектендім. Бір күні театр­дағы қойылымдарды түсіріп жүріп, Асанәлімен кездесіп қалдым. Қуан­ғанымызды-ай...

Иә, Асанәлі Әшімовпен әлі күнге де­йін дос. Қалиғұмар ақсақал А.Әшімов­тің театр мен кинода өткен әр сәтін қалт жібермей фотоға түсіріп, үлкен фотоальбом шығарған. «Өнердің ішіндегі ең ұзап кететіні – фото. Біз ойнаған рөлдер сол заманмен кетті. Ал фото қалды» деп Асанәлі Әшімов пікірін де білдіріпті. Рас, «бір сәт және бүкіл ғұмыр» деген сол. Сондай-ақ Әзірбайжан Мәмбетов, Досхан Жолжақсыновтардың өнер жо­лына арналған фотоальбомдардың да ав­торы Қалиқұмар Қабдешев. Көр­меде «Амангелді», «Біздің сүйікті дәрі­гер», «Алдар көсе» сынды алтын қор­дағы фильмдерде ойнаған Серке Қо­жам­құловтың фотосы да көзге оттай басылған.

р

– Әлі есімде. 1979 жылы ағамен театр­дың алдында кездесіп қалдық. «Әй сенбісің? Бүкпей айтшы осы, кеше қалай ойнадым?» деді. Елу сегізінші жылы алғаш театрға келгенімде сіз Еспенбеттің рөлін сомдап жүрдіңіз. Сол кездегі шеберлігіңізді қайталадыңыз деп ойымды ашық айттым. «Сөзің мірдің оғындай екен. Өнерің үстем, өмірің ұзақ болсын» деп батасын беріп, құшағына қысты да, білегіне ілген таяғын екі-үш рет айналдырып жүріп кетті. Соңғы көруім сол екен, желтоқсанның 31-де қайтыс болды, – деп терең күрсінді.

Қалиғұмар Қабдешев театр мен кино саласын ғана таспаға тартқан жоқ, еліміздегі саяси оқиғаларды да ес­те­лік етіп, тарих қатпарында қалдыр­ған. Одақтың жанынан құрылған «көркем­сурет фото студиясында» еңбек етіп жүр­ген кезде XXVI съезге тұңғыш қа­зақ фототілші болып қатысқан да осы кісі. Архивінде Дінмұхамед Қонаевтың қаншама фотосуреттері сақтаулы?!

– Мәскеуге, партияның XXVI съезі­не бардық. Залда фото түсіруге ыңғай­лы орын қарастырып тұрған едім, Дін­мұхамед Ахметұлы келе жатыр. Таяп келіп «қазіргі түсірген суретің – сурет, ертең тарих» деп арқамнан қақты. Тағы бірде Алматыға әр республиканың бі­рінші хат­шы­лары жиналды. Брежнев пен Қонаев 28-панфиловшылар саябағы­на гүл шоқтарын қойды. Дінмұхамед Ахметұлы қарапайым ғой. Алдыңғы қатарда обкомның хатшылары, кейін­гі қатарда Бошай Кітапбаев тұрған. Ди­мекең Кітапбаевпен арнайы амандасып, сөйлесті. Сонда Бошекеңнің беде­лін байқадым. Ал Қонаевты түсір­ген сурет­терімнің көбі мемлекеттік мұра­ғатта жатыр, – деді Қалиғұмар ақсақал.

с

Фотокөрмеге еңбек адамдарының, айтулы тұлғалардың ақ-қара түсті порт­реттері және Марқа өңірін түсірген түрлі түсті фотолары жинақталыпты. Театрдан түсірген суреттері де бір төбе. Өз елінде дүркіретіп көрмесі өтіп жат­­қанға не жетсін?! Әйтпесе, қария­ның көрмелері ерте кезде Үндістан, Цей­лон, Мальдив, Болгария, Румыния, Чехо­славакия, Азия, Еуропа елдерінде өткен. Бұдан өзге де жетістіктері ұшан-теңіз. Оның бәрін тізіп қайтеміз?! Ең бастысы, Марқадан шыққан фотошежіреші Қалиғұмар Қабдешевтің арманы орындалды. Туған жерінде қос кітабы­ның тұсауы кесілді, көрмесі өтті. Туған елі ардақ­тап арқасына шапан жапты, құрмет көрсетті.

– Туған жерім шығармашылығым­ды бағалап, құрмет көрсетіп жатыр. Сек­сеннен асқан мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Күршім ауданының мәдениет бөліміне, оның ішінде осынау іс шараны өткізуге ат салысқан Гүлмайра Әрінқызына, Гүлмира Айдарханқызы­на, Гүлбарам Амангелдіқызына және көрмені тамашалауға келген жерлес­тері­ме алғыс айтамын, – деп шынайы риза­шылығын білдірді Қалиғұмар Қабдешев.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы