Сондай-ақ Президент аталған қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырғанын, мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім деп санайтынын жеткізген-ді. Дегенмен Мемлекет басшысының айтуынша, жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылыққа жол берілді. Яғни қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды.
Осыған орай «Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге беретін болды. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет», деген еді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отырғанын атап көрсеткен болатын.
«Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет. Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет», деген болатын Қ.Тоқаев.
Осыдан екі жыл бұрын Білім күніне «Көлеңкеде қалған қосымша білім» деген материал жарияладық. Тақырыптан-ақ тарқатылып тұрғандай, негізгі білімнен ысырылып екінші қатарға түсіп қала беретін қосымша білімнің маңызын бала өмірін түбегейлі өзгертетінін кейіпкеріміз арқылы көрсеткен едік. Бір жылдан кейін бас басылымда көтерілген мәселенің оң шешім тапқанын «Түйткілдің түйіні тарқатылды» деп сүйіншіледік. Сүйіншілеуге себеп те бар еді. Барлық баланы қосымша білім алуға тарту және тең қол жеткізу мақсатында 2021 жылы жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысын орналастыру нормасы заңды түрде бекітілген-ді («Білім туралы» заңының 1-бабы). Енді, міне, зардабын балалар тартып жатыр. Өйткені тегін үйірмеге барып жүргендер мүмкіндіктен айырылды.
Жансая Шорабекова екі баласын сәуір айында тегін шахмат үйірмесіне берді. Қос перзенті қуана барып, көңілдене қайтып жүрді. Ата-ана оқу жылының соңында бастап кетсе, жаз бойы каникулды тиімді өткізеді деп үміттенген. Бірақ үміті су сепкендей басылды. Бір жарым айдан кейін балалары үйірмесіз қалды. Өйткені мұғалімдер екі айдан бері жалақы алмаған, бюджеттен қаржы берілмепті.
– Біз Түркістан қаласында тұрамыз. 8 және 10 жастағы екі баламды өткен сәуір айында шахмат үйірмесіне бердім. Оқу жылының соңы әрі қарай каникулда алаңсыз қатысады деп ойладық. Бір жарым ай барды. Содан соң ондағы мұғаліміміз бір ай демалысқа кететінін, сабақ тоқтайтынын айтты. Жыл сайынғы еңбек демалысы ғой, демалып келгеннен кейін жалғастырармыз деп сендік. Бір күні аулада балалармен ойнап жүргенде шахмат үйірмесіндегі педагог жолығып қалды. «Оқушыларым шахматты ұмытып қалған жоқ па?» деп сұрады. Мен мұғалімге ұмытпағанын, сабақтың жалғасқанын асыға күтіп жүргенін жеткіздім. Сонда педагог «Бізге ақша бөлінбей жатыр. Бірнеше ай бойы жалақы алмадық. Тегін үйірменің енді болатын-болмайтыны белгісіз» деді. Көңіліміз түсті. Бәрінен бұрын балаларға обал болды. Олардың қызығушылығы өте жоғары еді. Әр барғанда «Пәленшені жеңдім» деп көңілденіп келетін. Жарысқа да қатысып үлгерді. Міне, енді тоқтады. Білгенін ұмытып қалды ғой, – деді Ж.Шорабекова.
Тегін үйірме деген қайдан шықты? Жоғарыда жазғанымыздай, «Білім туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, соның нәтижесінде былтырдан бастап жергілікті атқарушы органдарға балаларды тегін үйірмелермен қамту үшін мемлекеттік тапсырысын орналастыруға мүмкіндік берілді. Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі үйлестіруші ретінде бекітіліп, ата-аналар «Artsport.kz» порталы арқылы баласына (спорт пен мәдениет бағытындағы) үйірме түрі мен оқытатын орынды таңдап, әкімдіктер таңдалған ұйымға әр бала үшін ақша бөлді. Бұл бір жағынан барлық баланы қосымша біліммен қамту болса, екінші жағынан әлеуметтік әділдіктің орнағаны еді. Себебі бұған дейін қосымша білімді қалтасы көтеретін, жағдайы бар отбасының балалары ғана ала алатын. Бір ақылы үйірме бүгінде кемі шамамен 20-25 мың теңге тұрады. Төрт баласы бар отбасы әр балаға осыншама ақшаны ай сайын қайдан табады? Үшіншіден, қаншама адамға қосымша жұмыс орны ашылып еді. Соған сенгендер қазір сенделіп жүр. Бірнеше ай жалақысын алмағандар да жетерлік. Біз жоғарыдағы кейіпкеріміз айтқан шахмат үйірмесінің үйлестірушісін таптық. Айдос Айдарбеков шілде айы аяқталуға жақын қалса да мұғалімдерге екі ай жалақы берілмегенін жеткізді.
– Біз былтырғы тамыз айынан бастап мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп отырдық. Балалар шахмат үйірмесіне өте жақсы қатысты. Портал бойынша сабақ кестесі қойылып, сабақтар тұрақты өткізіліп отырды. Сол сабақтарға бюджеттен қаржы төленді. Біз оқу жылы бойы, яғни мамыр айының соңына дейін жұмыс істедік. Оқушыларымыз осы аз уақыттың ішінде қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Алғашқы кезекте 96 бала қабылдадық. Жаңа жылдағы екінші кезекте тағы 64 оқушы қосылды. Шәкірттеріміз көшеде көре қалса, әлі күнге үйірменің қашан басталатынын сұрайды. Оны өзіміз де білмейміз. Мұғалімдерге 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жалақы тағайындалды. Бірақ біз сәуір мен мамыр айының еңбекақысын алған жоқпыз. Жұмысымызды жақсы көреміз, әйтпесе жалақысыз жұмыс істемес едік, – дейді А.Айдарбеков.
Оның айтуынша, бала басына бір сабаққа 1000 теңгеге жетпейтін ақша береді. Мамандардың жалақысы соның ішіне кіреді. Міне, енді қаншама педагог жалақысыз, жұмыссыз қалды.
Осындай күйде отырған би үйірмесінің мұғалімі Гауһар Исмагулова мәселе әкімдік пен мәслихатта алдын ала шешіліп қойғанын, төмендегілерге жай басу айтылатынын жеткізді.
– Мен елордадағы жекеменшік би студиясында хореограф болып жұмыс істеймін. Былтыр сәуірде «Artsport.kz» жобасының ашылатыны хабарланып, ата-аналар мен қосымша білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар тіркеле бастады. Осы жобамен 2021 жылғы қараша айынан бастап жұмыс істедім. Жалақы әуелде тұрақты түрде берілді. Қаңтар оқиғасы кезінде жұмысымыз тоқтап қалды. Бір айға жуық уақыт өткенде студияның жұмысы қайта қалпына келді. Бірақ жалақымыз кешіктіріліп берілетін болды. Соған қарамастан, жұмысымызды жалғастыра бердік. Мамыр айында мәслихат өтіп, бізге сол айдан кейін жұмыс болмайтынын айтты. Бюджет бітіп қалыпты. Аталған жоба бойынша жұмыс істеп жатқан ұйымдар, мұғалімдер мен игілігін көріп үлгерген ата-аналар қарсы шықты. Содан әкімдік өкілдері тағы бір жиналыс өткізіп, арыз-шағымды қарастыратынын, жоғарыға жеткізетінін мәлімдеді. Бір қызығы, жиналыс біткеніне жарты сағат өткенде жекеменшік ұйымдарға тегін үйірмелердің бәрі тоқтайды деген мазмұндағы хатты жіберді. Сонда мәлімдеме әшейін басу айту болған, ал хатты бір күн бұрын дайындап қойыпты, – дейді Г.Исмагулова.
Мемлекеттік жүйедегі тәртіп бойынша әкімдіктерге бөлінген қаражаттың қайда кететіні, қалай жаратылатыны сол өңірдегі мәслихаттың шешімі арқылы жүреді. Сонда бұл бағдарламаның әрі қарай жалғасуына мәслихаттар қарсы болып отыр ма?
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, білім беру саласында қызмет ететін Ләззат Мұратқызы мәслихатта қарсылық балалардың білім алуына емес, қаржының оңды-солды шашылғанына қатысты болғанын тілге тиек етті.
– Жоғарыдағы сұрағыңызға өткенде Президент Қ.Тоқаев өзі толық жауап берді. Бұл бағдарлама толығымен жалғасуы қажет. Көбі қате түсінетіндей, бұған мәслихат депутаттары қарсы емес. Керісінше қолдайды. Өйткені жобаның балаларға пайдалы, тиімді екені анық. Бірақ бұл – бюджет, мемлекет қаржысы. Ал үкімет қаражатының пайдалануы заңға сәйкес болуы керек. Мен бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінде жұмыс істегенмін. Сондықтан осы саланы да іштен білемін, «Artsport» жобасын жүзеге асыратын портал әуел бастан шикі болды, тіпті қаржыны ашық жымқыруға жол берілді. Сондықтан бұл жүйені заңдастыру қажет. Мемлекеттік сатып алу туралы заң бар. Қарапайым тілмен айтқанда, жоғарыдағы электронды жүйе осы заңнан айналып өткен. Бір адам өзінде оқитын 10 бала бар деп, соншама оқушыға ақша алуы мүмкін. Тексеруге де тосқауыл қойып тастаған, мораторий жариялаған. Artsport.edu.kz жүйесін заң жүзінде ештеңеге жауап бермейтіндей етіп жасаған. Ақша соған бөлінеді, бірақ бұл ештеңеге жауапты емес. Президенттің ашықтан-ашық ақша жеу дегені осы ғой. Не деген көп ақша, неткен көп жаттықтырушы, неғылған бала? Бір жаттықтырушы бір уақытта 10 үйірмеге барған. Жобаның жалғасқанын қалағандардың арасында шынымен баласын ойлаған ата-аналар да, қалтасының қамын күйттегендер де бар. Бізде Президенттің тапсырмасы Үкіметтен қарапайым халыққа жеткенше өңі өзгеріп кетеді ғой. Сол себепті Мемлекет басшысының айтқанын бүкпесіз, бұлжытпай, өзгертпей жеткізген жөн. Ал Қ.Тоқаев бюджет қаражаты талан-таражға салынсын деген жоқ қой. Біз – мәслихат депутаттары бағдарлама заңдастырылсын, бақылау болсын деп шырылдап жүрміз, – дейді Л.Мұратқызы.
Депутаттың айтуынша, «Artsport» жобасына 5-6 айға бөлінген 4 млрд теңгеден аса қаржыға 2 мектеп салып, 6 мың балаға қаншама жылдық жағдай жасауға болады. Ал мұндай қаражат бір жылға да жетпейтін уақытта жоқ болып кетті. Әрине, баласы қосымша сабаққа бармаса да тіркелгенін айтушылар бар. Балалардың қосымша білім алуына қаржы бөлінгені дұрыс, бірақ тексерілсін, бақылансын, шынайы игерілсін.
Осыдан бір айдай бұрын, нақтысын айтсақ, 28 маусымда Мәжіліс депутаты Константин Авершин бірнеше әріптесімен бірлесіп «Аманат» және «Қазақстанның халық партиясы» атынан Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Кезекті отырыста сауалын Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа бағыттаған депутат А.Авершин: «Облыстық мәдениет және спорт басқармалары ұсынатын операторлардың бағдарламаны («Artsport» мемлекеттік бағдарламасын – ред.) жүзеге асыруға салғырт қарауы 2021 жылдың қазан айында қаражаттың жеткіліксіз бөлінуіне байланысты балаларға жолдама берудің тоқтап қалуына әкелді. Әрбір оператор (Мәдениет және спорт басқармалары) 2021 жылдың соңына қарай тартылған балалар санын, сондай-ақ ваучерлер кезегінде кімнің тұрғанын жақсы білсе де, 2022 жылға тағы да балалардың шығармашылық және спорттық тапсырысына жеткілікті қаражат қарастырылмаған. Ал жылдың басында бірқатар мемлекеттік тапсырыс операторы өз бюджетін ваучерлерді автоматты бөлу порталына енгізбеді, олардың бөлінісін бақыламады. Бұл жылдың алғашқы айларында бөлінген бюджеттің шығынға ұшырауына жол берді, бәрінен бұрын балаларды спорттық үйірмесіз, секциясыз қалдырды», деді.
Мәжілісмен мәлімдегендей, қосымша білім беру бойынша жан басына қаржыландыру тарифі мегаполистер мен облыс орталықтарында 50 пайызға, ал аудандар мен ауылдарда 30 пайызға дейін төмендеген. Үйірмелер саны бала басына екеуден біреуге қысқарған. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар жұмысының кесірінен Президенттің бастамасы бұзылды. 27 мыңнан аса жаттықтырушы мен мұғалім жұмыссыз қалғалы тұр. 500 мың баланы қамтыған бағдарлама қалайда жалғасуға тиіс.
Бір қызығы, Мемлекет басшысының өзі көтерген мәселеге қатысты депутаттық сауалға қанша күн өтсе де әлі күнге дейін жауап жоқ. Бәлкім жауапкершіліктің жоқтығы, үйірмелер мен секцияларға қатысты белгісіздік қосымша білімнің «бағын» байлап тұр.