Қоғам • 21 Шілде, 2022

Әуе компанияларын ақтаудың қажеті қанша?

277 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолау­шыларды әуе көлігімен тасымалдау бағасына қатысты жасаған арнайы талдауын жариялады. Талдаумен таныса отырып, аталған ведомство билет құнының қымбаттығы жөнінен қоғамда қатаң сынға ұшырап жататын әуе компанияларын ақтауға кіріскендей әсерде қалдық.

Әуе компанияларын ақтаудың қажеті қанша?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мәселенің мәні түсінікті болуы үшін министрліктің мәліметін келтірейік. «Сараптамада отандық және шетелдік әуе тасымалдаушы компаниялардың тарифтері мен баға саясаты қамтылды. Атап айтқанда, қазақстандық Fly Arystan лоукост-әуекомпаниясы бірнеше бағыт бойынша шетелдік әуе компанияларымен салыстырғанда тиімді баға ұсынатындығы айқындалды. Мәселен, Fly Arystan компаниясының 3 594 шақырым қашықтықты құрайтын Түркістан – Ыстанбұл бағытындағы 2022 жылдың 6 қыркүйегіндегі билет құны 86 482 теңге болса, аталған қашықтықтағы Turkish Airlines компаниясының Нұр-Сұлтан – Анталия бағытындағы биылғы 1 қыркүйектегі билет бағасы 286 823 теңге көлемінде», делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ сараптамада жоғарыда айтылған бағыт бойынша қазақстандық «Эйр Астана» компаниясының биылғы 1 қыркүйектегі билет құны 186 474 теңге мөлшерінде екені көр­сетілген. «Бұл тариф түркиялық әуе тасымалдаушының бағасымен са­лыс­тырғанда 100 мың теңгеге тө­мен», деп мәлімдейді ведомство.

Әлбетте, бір қарасаңыз еліміздегі әуе компаниялары шетелдіктерге қара­ғанда тиімді баға ұсынып отыр­ғандай көрінеді. Енді ше, Анадо­лы­ның атақты Turkish Airlines ком­па­ния­сының билеті бақандай 100 мың теңгеге қымбат болса кім-кімді де ой­ландырмай қоймасы анық.

Бірақ «бақсам бақа екен» демекші, мәселенің екінші шеті бар. Біріншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дәл 1 қыркүйек күнін таңдап алуы күмән туғызды. Сөйтіп, келтірілген даталардағы рейс­терді тексеріп көрген едік. Расын айту керек, ведомство «Білім күніндегі» мәліметті дұрыс бергенге ұқсайды. Мысалы, біз тексерген күні, яғни 20 шілдеде Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл бағы­тындағы билет құны Air Astana-да 192 мың теңгені құраған. Ал Turkish Airlines мұндай билетті 298 мыңға сатып жатыр екен.

Бірақ басқа күндердегі рейстерді тексергенде қызық жағдайға куә бол­дық. Мәселен, 5 қыркүйекте Turkish Airlines компаниясының Нұр-Сұлтан – Ыстанбұл бағытындағы билетінің бағасы – 190 мың теңге. 18 қыркүйектен бастап 180 мыңға түскен. Ал «Эйр Астана» 5 қыркүйекте жолақы құнын өзгертпеген, 192 мың теңге күйінде қалыпты. Айт­пақшы, қазақстандық компания билетті тек көрсетілген бағада сатады деп ойлап қалмаңыз. Кей ұшағының билеті 285 мың болады екен.

Енді, мына мәселеге назар ауда­райық. Түркияда Pegasus деп аталатын лоукостер әуе компаниясы бар. Аталған күні, яғни 5 қыркүйекте «Қанатты пырақ» елордадан шыққан жолаушыны Анадолының жүрегіне 118 мың теңгеге жеткізеді екен. Ал қыркүйектің 12-нен бастап билет құны – 95 мыңды, қазанның 17-не 78 мыңды көрсетіп тұр.

Turkish Airlines компаниясының Нұр-Сұлтан – Анталия бағытындағы биылғы 1 қыркүйектегі билет бағасы біз тексерген 20 шілдеде 315 мыңды құрады. Air Astana демаламын деген жолаушыны 150 мыңға жеткіземін деп жұлқынып тұр. Бірақ Pegasus-тың жолақысы одан да арзан, небәрі 129 мың теңге шамасында.

Екіншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салыстыру мақсатында Түркістан – Ыстанбұл бағытын келтірген екен. Шынында, Fly Arystan компания­сының бұл бағыттағы жолақысы арзандау. Бірақ мұнда да мәселе анық емес. «Ұшатын арыстан» лоукостер болғандықтан, екі түрлі билет бар. Біріншісі – «үнемді» деп аталатын ұсыныс. Оның құны расында 86 мың теңгеден сәл асады.

Бірақ жолақысына жол жүгін тасу, тамақ секілді қосымша қызметтер кірмейді. Ыстанбұл сияқты шалғай қалаға – шет мемлекетке жүксіз ұшу мүмкін бе? Әдетте қазақстандықтар ол жаққа демалу үшін баратынын ескерсек, жолаушылардың бірнеше сөмкені толтырып алатыны анық. Демек оны жеткізу үшін қосымша ақы төлеуіңіз қажет. Екінші билет түрі – «икемді» деп аталады. Оның құны – 193 мың теңге. Бұл жерде де жол жүгіне, тамаққа қосымша ақша шығындау қажет. Бұған бортта сатылатын тіске басар мен сусынның қымбат екенін қосыңыз. Кім білсін, 11 мың метр биікте қара судың да дәмі өзгеретін шығар...

Енді, билеті қымбат саналатын Turkish Airlines-қа оралайық. Түркіс­таннан ұшатын Боинг 737 ұша­ғы Ыстанбұлға жеткізгені үшін 127 мың теңге талап етеді. Бұл – 6 қыркүйекке арналған баға. Рас, Fly Arystan-нан қымбат. Бірақ бұған 23 килограмдық екі жол жүгі, тегін тамақ кіреді. Осының бәрін ескерсек, Түркістаннан Түркияға Turkish Airlines компаниясымен ұшқан әлдеқайда тиімді екеніне көз жеткізесіз.

Мына мәселені де ескерген жөн. Шындығында, еліміздің әуе компания­лары бірнеше ай алдын билеттерді кейде арзан бағада сатады. Бірақ ол құр­ғыр да ерте таусылып қалып бәле қылатыны бар. Мысалы, дәл қазір Fly Arystan компаниясының Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы ең арзан билет 9 қазанда тұр. Оның құны – 7442 теңге. Бірақ ұшар уақыт жақындаған сайын жол ақысының құны аспандап кетеді.

Алдағы бір аптада «Ұшатын арыс­танымыздың» ең арзан билеті – 27 шілдеге сатылады. Бағасы – 31 765 теңге (қалған күндерге 38 мыңнан жоғары). Әдеттегідей, бұған жол жүгі, тіске басар секілді ештеңе кірмейді. (жол жүгін сатып ала қалсаңыз, кемі 5 мың теңгені шытырлатып санап беруге әзір болыңыз).

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі мәлімде­ме­сінің тағы бір бөлігіне көзіміз түсті. «Осы ретте атап өтерлігі, барлық әуе тасымалдау­шы компаниялар ди­на­микалық баға саясаты жүйе­сін қ­олданады. Мәселен, ертерек брон­далған билет құны ұшу алдында алынған билет бағасынан бірнеше есе төмен. Сәйкесінше, талдау барысында түрлі авиакомпаниялардың белгілі бір датадағы тарифін салыстыру маңызды рөл атқарады. Бұл – нақты әрі айқын талдау жүргізуге мүмкіндік береді», дейді ведомство тарапы.

Әрине, кейбір лоукостер компаниялар динамикалық баға саясатын ұстанатыны рас. Бірақ ел ішінде тұрақты баға қолданатындары да жетерлік. Ақыры, Түркиядан мысал келтірдік қой, Анадолыдағы ахуалды тереңдете түсейік. Қашықтығы елорда мен Шымкент арасындай болатын Ыстанбұл – Ван бағытын тексеріп көрген едік. Бір қызығы, Pegasus Airlines де, Turkish Airlines де уақыты жақындаған рейстің жолақысын қымбаттатпайды екен. Мәселен, Turkish Airlines арқылы тарихқа толы Ыстанбұлдан Түркияның шы­ғы­сындағы Ванға бару үшін 990 лира жұмсайсыз. Бұл қазіргі валюта бағамымен 27 мың теңге көлемінде. Pegasus-тің билеті 25 мың теңге көлемінде. Екі әуе компаниясы да жол жүгін тегін алып жүруге рұқсат етеді және көк аспанда тегін тамақ береді.

Ведомство «қазақстандық авиа­ком­паниялардағы билет құны ше­телдік әуе тасымалдаушы­лар­мен салыстырғанда тиімді және қолжетімді. Ең бастысы – сапарды алдын ала және дер кезінде жоспарлаған жөн», деп ақыл айтуды да ұмытпапты. Келтірілген деректерге сүйеніп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе билетінің ақысына талдау жаса­ған­да көп мәселені ескермегенін анық аңғарамыз. Мәселен, бірнеше ай бұрынғы билеттің құны арзан бол­ғанымен, мерзімі жақындаған са­йын оның құны еселеп өсетінін естен шы­ғарып алған.

Оның үстіне, арзан билеттер сау­сақпен санарлық екенін, оның тез тау­сылып қалатыны да назардан тыс қалыпты. Бұдан бөлек адамдар әдет­те бірнеше ай бұрын емес, жос­парын бірнеше апта бұрын жасайтыны белгілі. Сондай-ақ өлім-жітім де билеті арзан айды күтіп отырмайтыны тағы түсінікті. Туысы келмес сапарға аттанған ағайын бір уыс топырақ са­лу­ға үлгеру үшін жедел түрде билет алуы қажет. Ондай жағдайда «сапарды алдын ала және дер кезінде жоспарла» дейтін министрлік не деп жауап берер екен?! Бәлкім, Әзірейілге хабарласып, Қа­зақстанға билет арзан кезде келуін өтіну керек шығар...

Ескеретін тағы бір мәселе – елде­гі әуе тасымалы ахуалын шетелге шы­ғумен емес, елдегі жолаушылар­ды діттеген жеріне жеткізумен са­рап­таған жөн. Сондай-ақ теңгеге шаққанда билет құны қымбат болға­нымен, шетелдік компаниялар өз мемлекетінде халықтың қалтасына түсуді жөн көрмейді. Бұған жоғарыда айтып өткен Turkish Airlines-тен басқа да мысалдар жеткілікті.

Егер Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі билетті арзандатқысы келіп жатса, бізден тегін ақыл-кеңес болсын. Қарашада ұшатын ұшақтың екі билетін екі мыңнан сатып, жолақысы екі мыңнан деп айтуға толық негіз бар. Сөйтіп, келесіде тағы да «сапарды алдын ала және дер кезінде жоспарлаған жөн» деп ақыл айтуына болады.

P.S. Ел ішіне құлақ салсаң, ұшақ билетінің аспанға ұшып тұрғанын айтады көпшілік. Ал арзан билет алып, әуежайға келгендер әрбір сөмкесі үшін тағы бір билеттің құнын төлеп, қалтасы қағылып кетіп бара жатады. Осындайда жолаушының мүддесін қорғап, жағдайын жасауды талап етеді деген министрліктің бұл талдауы еріксіз таңғалдырды. «Әуе компанияларын ақтаудың артында не тұр?» деп күмәннан басқа шара жоқ...