Пікір • 22 Шілде, 2022

Елдер арасындағы қатынас тұрақты дамып келеді

200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдымен қазақ, қырғыз, өзбек басшылары бейресми форматта кездесті. Дастарқан басында біраз дүние талқыланғаны анық. Көп келісім мен мәселе негізі сондай бейресми форматта шешіледі.

Елдер арасындағы қатынас тұрақты дамып келеді

Кеше бес ел басшылары ресми кездесу өткізді. Бұл Орталық Азия көшбас­шы­ларының арасындағы алғашқы кездесу емес. Өткен жылы Түрікменстанда бол­­ған еді. Яғни бірнеше мәрте ұйым­дас­тырылған, жүйесі қалыптасқан деуге болады.

Кездесуде ең бірінші шекараны бөлу мәселесі айтылды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, Орталық Азияда шекара мәселесін реттеу бойынша мәселесі жоқ ел ретінде делимитация өткізу бойынша Қазақстан өз көмегін ұсынатынын, арнайы жүйе құру керектігін айтты. Расымен соңғы жылдары қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек, тәжік-өзбек арасындағы шекара мәселесі ушығып тұр. Өткен жылы тіпті қырғыз бен тәжік арасында осы шекараға байланысты алауыздық пайда болды. Кеңес Одағы тастап кет­кен анклавтар Орталық Азияның тыныш­тығын қашырып тұр. Егер үш ел шека­ра мәселесін шеше алмаса, соңы қа­рулы қақтығысқа ұласуы бек мүмкін. Ал ол Орталық Азиядағы кез кел­ген экономикалық, мәдени жетістікті құр­дымға кетіреді. Сондықтан территорияны келісті бөліп, бекітудің маңызы зор.

Екінші өткір мәселе ретінде су ре­сурстарын бөлісу және мұздықтарды сақтау жайлы айтылды. Бұл әсіресе Қазақстан үшін маңызды. Жазда ауыл шаруашылығына су жетіспейтін, ал қыста керісінше бізге қарай су көзін ашып жіберетін сәттер жиі кездесетін. Орталық Азия бойынша Қырғызстан мен Тәжікстан су көзіне бай, ал қалған үш ел осы елдерден бастауын алатын трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Сондықтан бұл ресурсты бір-біріне қысым жасау тетігі ретінде қолданбай, өзара тиімді бөлісу механизмін қарастыру керектігі айтылды.

Мұздықтардың жылдам еруі де басты тақырыптың бірі болды. Орталық Азия әлем бойынша климаты ең жылдам жы­лып жатқан аймаққа жатады. Ғасыр со­ңында тіпті температура ОА елдерінде 6 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, бұл өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жоғары деген сөз. Жай сөз емес, халық­аралық табиғатты қорғау ұйымдары солай дейді. Демек мұздықтардың еруі де өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жылдам болмақ. Сондықтан мұздықтарды бірлесе қорғау және сақтау жайлы ай­тылды. Қазақстанда президенттің айтуы бойынша 2 724 мұздық бар. Оның ішінде ең үлкені Тұйықсу мұздығы, оның өзі 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейіпті. Осының өзі мәселенің қандай өткір екенін көрсетіп тұр.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы да жаңа транзиттік бағыттарды іздеуге мәжбүр етуде. Осы орайда Қазақстан жаңа бағыттарды алға тартты. Мәселен, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір­ жолы іске қосылды. Президент жа­қында ғана осы бағыт бойынша Түркияға дейін тауар жөнелтілгенін тілге тиек етіп, жобаға барлық ОА елінің қатысу мүм­кіндігін жеткізді. Сонымен бірге «Ма­зари – Шариф – Кабул – Пешевар» темір ­жол бағытын салуға Қазақстан атсалысуға дайын, ол үшін темір жол құрылысына қажетті материалдар мен вагон­дар беруге әзір. Бұл маңызды бағыт. Егер Ауғанстанда тұрақтылық орна­са, осы бағыт арқылы экономиканың бір кү­ретамыры іске қосылар еді. Транскаспий ба­ғы­тын тиімді қолдануға болатыны да айтылды. Назар аударатын болсақ, бұл ба­ғыттардың барлығы да Ресей аумағы­нан тыс жатыр және ОА елдері Ресей аумағымен өтетін бағыттың бәрі саяси тетікке айналатынын жақсы түсінген.

Одан бөлек тауар айналымын арттыру, Тәжікстанда астық терминалын салу, шекарадағы кедергілерді азайту, Арал мәселесін шешу және т.б мәселелер талқыланды. Бір сөзбен айтқанда, Орталық Азия елдері арасындағы тығыз саяси-экономикалық қатынас жыл өткен сайын дамып келеді.

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

журналист