Әлем • 24 Шілде, 2022

Италиядағы саяси дағдарыс

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ита­лия премьер-министрі Марио Драги елдегі саяси алауыздыққа байланыст­ы отстав­­каға кететінін мәлімдеді. Бірақ ел президенті оның бұл шешімін қол­да­май­­ды. Сарапшылар Италия саяси дағдарыс пен жаңа сайлауға дайындалуы қа­жет екенін айтып отыр.

Италиядағы саяси дағдарыс

Апта ортасында Италия премьер-министрі Марио Драги үкімет басшысы қызметінен кететінін хабарлаған. ВВС-дің мәлімдеуінше, Драги мырза бұл шешімін осыған дейін үкіметті үнемі қолдап келген ұлттық бірліктің жоқтығымен түсіндірді. «Одан әрі жұмыс істеуге және мемлекеттік бағдарламаны орындауға еш мүмкіндікті көріп тұрған жоқпын», деді Драги.

Елдегі мұндай саяси дағдарыстың бас­талуына Драги үкіметі әзірлеген халық пен бизнеске арналған экономикалық көмек бастамасы әсер етті. Өйткені пар­ламенттегі коалицияның біреуі – «Бес жұлдыз қозғалысы» партиясы оған дауыс беруден бас тартты. Пар­тия мүшелерінің пікірінше, үкімет жариялаған қолдау шаралары тиімсіз әрі жеткіліксіз.

Дегенмен екі тарап арасындағы теке-тірес бұдан бұрын басталған-тұғын. «Бес жұлдыздың» жетекшісі Джузеппе Конте премьер-министр Драгидің Украинаға қару-жарақ жеткізуге белсенді түрде жәрдемдесуіне байланыс­ты парламенттік коалициядан шығамын деп мәлімдеген еді. Халықтың басым көпшілігі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейді.

Осылайша, Италия президенті қиын жағдайда қалып отыр. Бір жағынан Драгиді жібергісі жоқ, екінші жағынан кетемін деген премьерді ұстап тұру да оңай шаруа емес. Бұдан бөлек, 11 қаланың, соның ішінде Рим мен Ми­лан­ның мэрлері де Марио Драгиді «қимай» отыр. Олар саясаткерді қыз­ме­ті­нен кетпеуге шақырды.

Сарапшылар кейінгі бір жарым жыл­ға жуық уақыт ішінде елде саяси тұрақ­тылық орнағанын айтады. «Марио Драгидің премьер-министрлігі кезінде ел коронавирус пандемиясының ең ауыр зардаптарын бастан өткерді. Еуропалық одақ қалпына келтіру қорынан елді аяқ­қа тұрғызуға керек қаражаттың ауқым­ды бөлігіне қол жеткізді. Ол қар­жы­­ның көп бөлігін бұрынғы үкіметтің күй­реуінен кейінгі хаосты тәртіпке келтіруге жұмсады. Төтенше жағдаймен күресу үшін құрылған кең ауқымды бағдарламаларды сәтті іске асырып, үкіметті шебер басқарды», деп жазды The Guardian басылымы.

Батыс ақпарат құралдары Драгидің үкімет басынан кетуі Ресей үшін «пайдалы» деп есептейді. Сарапшылар да Драги кеткеннен кейін Италияның Украина мәселесіне қатысты ұстанымы қалай өзгеретінін ойлап бас қатырып жатыр. «Көп ұзамай Италия саяси дағдарыс жағдайында Украинаға қару-жарақ беруді тоқтатуы мүмкін», деп мәлімдеді елдің сыртқы істер министрі Politico басылымына берген сұхбатында.

Негізі саясаткер Украинаға қару-жарақ жеткізілуін және Мәскеуге қарсы эконо­микалық санкциялар енгізуді жан-тәнімен қолдайтыны белгілі. Осы жылдың ақпан айының соңында ел билігі Украинаға әскери мүліктерді, қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды беру туралы қаулы шығарған еді. Ресми түрде олардың тізімі құпия сақталған-ды. Бірақ Италия медиасы Киевке танкке қарсы гранатометтер мен пулеметтер, ұшақтармен күресуге арналған қару-жарақ пен радарлар, заманауи артиллерия мен броньды машиналар жеткізілетінін бірнеше рет хабарлады.

Сонымен қатар сарапшылар Украина Драгидің арқасында Еуропалық одаққа үміткер мәртебесін алды деп есептейді. Ол – ресейлік мұнай мен газдың бағасын шектеуге белсенді түрде ұмтылған тұлғалардың бірі. Драгиға қатысты Ресей сарапшылары да пікірлерін білдіріп, оның саяси аренадағы орнын бағамдауға тырысып жатқаны жасырын емес.

«Марио Драги – бастапқыда Италия саясатына қаржы, бизнес әлемінен келген қайраткер. Ол бірінші кезекте Италияны экономикалық дағдарыстан құтқаруы керек. Ешқандай руссофобия жоқ, бірақ ол – Еуропалық ынтымақтастықта Солтүстік Атлантика саясатын дәйекті түрде жүзеге асыруға кепілдік бере алатын саясаткер. Драги шын мәнінде Вашингтонның да, Еуропалық одақтың да ұстанымын қолдайды», дейді МГИМО интеграциялық үдерістер кафедрасының доценті Елена Маслова.

Қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде Драги Италияға ауадай қажет. Өйткені оның Брюссельдегі және қаржы нары­ғын­дағы жоғары беделі ел үшін маңызды. Сонымен қатар Ұлыбритания жаңа сая­си дағдарысқа тап болып, Эммануэль Макрон Францияға өзінің саяси ерік-жігерін танытуға барын салып жатқанда, Драгидің еуропалық аренадағы ықпалы Украинаның елдігі мен бірлігі сыналған кезеңге дөп түсті.

Әсіресе Ресейге қатысты қатаң ба­ғытты жақтаған Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон отстав­каға кеткеннен кейін, Драгидің орнында қалуы Еуропаға қажет-ақ. Сарап­шылардың болжамы бойынша, Италиядағы саяси дағдарыс бүкіл Еуропалық одаққа әсер етуі мүмкін.

«Егер Марио Драги кетсе, мерзімінен бұрын сайлау өтеді. Бұрынғы биліктің қайтадан жеңіске жету мүмкіндігі бар, содан кейін саясат күрт өзгеруі мүмкін. Италиядағы саяси спектрдің оңшыл бөлігі Ресеймен экономикалық ынтымақтастықтың маңызына мән берді. Сондай-ақ Еуропалық одақ пен АҚШ-тың дегеніне көнуге ынталы емес. Сондықтан Вашингтон құрған коалицияға ауыр соққы болуы мүмкін», дейді Теннесси университетінің саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Андрей Коробков.

Қазірде Италияның 100-ден астам мэрі Драгиді қызметінен кету туралы шешімін қайта қарауға шақырды. Елдегі бизнес пен кәсіподақ жетекшілері де оны райынан қайтаруға тырысып жатыр.

«Үкімет сайып келгенде саяси келіс­пеу­шіліктерді дауыс беру арқылы шешуі керек. Сайлау өз уақытымен, келесі көктемде өтуге тиіс. Оған дейін Марио Драги өз орнында қалғаны жөн», деп есептейді елдегі Демократиялық партия (ДП) жетекшісі Энрико Летта.

Қорыта айтқанда, Италиядағы саяси дағдарыстың салқыны Еуропаға да сезілуі мүмкін. Драги мырзаның билікте қалу-қалмауы біраз мәселені түбегейлі өзгертетін сыңайлы.