Қоғам • 25 Шілде, 2022

Электронды құжаттың заңды күші бар

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осыған сәйкес, енді электронды құжаттар заң жүзінде оның қағаз түпнұсқасымен тең дәрежеде қолданылады. Ал ауылдық жерлерде ұялы байланыстың сапасы нашар болғаны үшін операторлар жауапқа тартылады.

Электронды құжаттың заңды күші бар

Бұл құжат Қазақстанды цифр­лан­­дыру мақсатында қабыл­дан­­ғаны белгілі. Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының IT-ко­ми­те­тінің төрайымы Екатерина Смыш­ляеваның айтуынша, заң­ның маңызды тармақтарының бірі ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасын жақсарту болып отыр.

«Энергетикалық инфра­құ­рылымға сүйене отырып, оп­ти­­калық-талшықты байланыс же­лісін әуеден тарту жө­нін­дегі пар­тиялық бастаманы бар­лық мүдделі мемлекеттік орган­дар қолдады. Елімізде электр желісі қарқынды дамыған. Тіпті шалғай ауылдық елді мекендерде де қуат көзі бар. Байланыс желісін әуе арқылы тарту – арзан әрі жыл­дам. Цифрландыру туралы заң ауылдарға сапалы интер­нетті тезірек жеткізуге көмек­те­седі. Бұл ретте, жауапсыз опе­ра­­торларға қатысты айыппұл санк­циялары қолданылады», деді де­пу­тат.

Сондай-ақ жаңа құжатта еGovMobile мобильді қосым­ша­­­сын қолдану аясын кеңейту көз­делген. Бұл қосымшаға енді 20-ға жуық құжат жинақ­тал­мақ. Соған сәйкес, азаматтардан құ­жат­т­ардың түпнұсқасы талап етілмейді. Құжаттардың цифрлық нұсқасы қағаз нұсқамен тең деп танылды. Сонымен қатар құ­жатты тұрғылықты жерге қа­ра­мастан, еліміздің кез келген ха­лыққа қызмет көрсету ор­та­лы­ғы­нан алуға болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық трансформация департаментінің директоры Назгүл Бажаеваның айтуынша, «Қазпошта» АҚ база­сын­да мем­­лекеттік қызметке қол­же­тім­­­ділігін кеңейтуге мүм­кін­дік бе­­ре­­тін цифрлық орындар құру жоспарланған.

«Бүгінде ауыл тұрғындарына мем­­лекеттік қызметтерді алу үшін «Азаматтарға арнал­ған үкі­­мет» мемлекеттік корпо­ра­ция­сының бөлімшелері орнала­сқан аудан орталықтарына не­ме­се қалаларға барып, уақыт пен қаражат шығындауға ту­ра ке­леді. Цифрлық орын­дар – компьютермен және ұйымдастыру техникасы­мен жабдықталған, интернетке қол­же­тімді, азаматтарға қызмет­тер­ді өз бетінше алуға мүм­кін­дік беретін жұмыс орны. Осы­ған ұқсас цифрлық орындар Қаз­поштаның 2 мың ауылдық бөлім­шесінде ашылады. Бұл күндері мұндай цифрлық орындар Шығыс Қазақстан облысында қанатқақты режімде жұмыс істеп жатыр», дейді Н.Бажаева.

Сондай-ақ саладағы білікті ка­др­лардың тапшылығы мәсе­ле­сін шешу бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Мәселен, жас мамандарды тарту мақсатында бағ­дарламалау мектептерінде бі­лім алуға арналған арнайы грант­тар қарастырылды. Бұл жоба Astana Hub және IT-мек­теп­термен бірлесіп іске асырылады. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 20 мың білікті IT-маманын дайындау жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, заңда алғаш рет цифрлық трансформация термині қолданылды. Мұндағы мақсат – азамат пен мемлекет арасындағы арақашықтықты барынша қысқарту. Азамат мемлекет үшін клиент саналады. Цифрлық трансформацияның нақты мысалы осы. Көп адам автокөлікті қайта ресімдеу үшін Kaspi.kz қосымшасын пайдаланады. Бүгінде 2 миллионға жуық адам мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармайды. Бұл жеке сектор мен мемлекет кооперациясының бірегей үлгісі саналып отыр.