02 Мамыр, 2014

Өзара тиімді ықпалдастық арнасындағы әңгіме

293 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
01-05-06 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік банктің өкілдерін қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Дүниежүзілік банк тарапынан кездесуге вице-президент Лора Так, Инвестицияларды кепілдендіру жөніндегі көпжақты агенттіктің вице-президенті Кейко Хонда және Халықаралық қаржы корпорациясының вице-президенті Карин Финкельстон қатысты. Қазақстан Президенті экономиканы дамытуға және ұзақмерзімді жоспарларды жүзеге асыруға көрсетілген белсенді қолдау үшін ризашылығын білдірді. – Қазақстан аса маңызды серіктесіне айналған Дүниежүзілік банкпен тәуелсіздік жылдарынан бері ынтымақтасып келеді. Сіздердің жұмыстарыңыз біздің елімізге пайдалы нәтижелер әкелуде және ол Қазақстанда жоғары баға алып отыр. Банктің портфелінде міндеттемелерінің жалпы сомасы 3,6 миллиард доллар шамасындағы 10 инвестициялық жоба бар. Соның 1,5 миллиарды игерілді. Бұдан арғы ынтымақтастыққа шақырған жаңа ұсынысымызды қабыл алғандарыңыз үшін ризамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің биыл экономиканы дамытуға, ең алдымен, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, индустриялық бағдарламаны жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлетінін еске салды. – Біздің талпыныстарымызды Дүниежүзілік банктің қолдауы аса маңызды. Сіздің банктеріңіздің қызметі біздің елде жұмыс істегісі келетін өзге де қаржы институттарын қызықтырады деп үміттенемін. Дүниежүзілік банктің тиімділікті, барлық үдерістің ашықтығын арттыру саласындағы айтарлықтай тәжірибесі барын ескеріп, біз сіздерді тиісті келісімге қол қою арқылы осы бас­таманы жүзеге асыруға серіктес ретінде шақыруға шешім қабылдадық. Сол үшін біз заңнамамызға өзгеріс енгізіп, инвестициялар үшін қажетті барлық преференция­лар мен қолайлы шарттарды ұсынамыз. Сіздердің сапарларыңыз біздің елімізбен қатар банктің өзі үшін де жемісті болады деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті. Дүниежүзілік банк тобының атынан вице-президент Лора Так Қазақстанмен ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. – Біздің өзара іс-қимылдарымыз түрлі экономикалық жобалардың кең ауқымы аясында жүргізілуде. Ынтымақтастық Қазақстан Дүниежүзілік банкке қосылған 1992 жылы басталды, біз 38 миллион доллар көлеміндегі алғашқы келісімшартымызға қол қойып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бағыттар бойынша жұмыс жүргізе бастадық. Содан бері Қазақстан макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер жөнінен зор ілгерілеуге қол жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстанның экономикалық табыстары халықтың барлық топтарына тең бөлінуі үшін үлкен жұмыс атқарылды. Дүниежүзілік банк серіктес ретінде осы үдерістердің бәрін қанағаттанушылықпен бақылап, барлық жетістіктерге атсалысып отырды, – деді Дүниежүзілік банктің вице-президенті. Л. Так «Қазақстан-2050» Стратегиясы Дүниежүзілік банктің жұмыс жоспарымен сәйкес келетінін атап өтті. – Біз Қазақстанның индустриялық экономика құру, жеке секторды, осы саладағы инновациялар мен инвестицияларды қолдайтын арнаулы мемлекеттік саясатын ілгерілету үшін жеделдетілген даму бағдарламасын толығымен қолдаймыз. Қазақстанның саяси реформалар сыртқы сілкіністерге төтеп беру қабілетін арттырып, ұдайы экономикалық өсімді жалғастыруға септігін тигізуі тиіс деген ұстанымын да мақұлдаймыз. Біз Қазақстан тарапымен жұмысты бірлесе жалғастыруға зор құлшынысымызбен дайынбыз, – деді банктің өкілі. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорация­сы мен Дүниежүзілік банк тобының Инвестицияларды кепілдендіру жөніндегі көпжақты агенттігі арасында Қазақстан Республикасының өсімі мен орнықты дамуына атсалысу мақсатындағы ынтымақтастықты күшейту жөніндегі серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қою рәсімі өтті.