Таэквондодан әлем чемпионатының тұсауы 1973 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде кесілді. Содан кейін спортшылар әр екі жыл сайын әлемнің әр қиырында бас қосып, түрлі түсті медальдарды сарапқа салды. 24 мәрте ұйымдастырылған аталған жарыста ең көп олжаға кореялықтар кенелді. Өздері ойлап тапқан спорт түрінде олар барлығы 239 (171 алтын+32 күміс+36 қола) медаль олжалады. Екінші орынды Испания (22+26+63) иеленсе, үшінші сатыға Тайпей (15+27+63) жайғасты. Үздік бестіктің қатарында Түркия (15+21+33) мен Иран (14+21+22) бар. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына АҚШ (13+21+49), Қытай (12+13+16), Ұлыбритания (7+8+8), Германия (6+12+34) және Францияның (6+11+17) өрендері қосылды. Бұл бәсекеде барлығы 33 елдің өкілдері алтын тұғырға көтерілсе, жүлде алған мемлекеттердің жалпы саны – 73.
Төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарысқа Қазақстанның ұлттық құрамасы 1993 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Алғашқы үш жарыста жолымыз болмады. Нью-Йорк, Манила және Гонконгтағы бәсекелерде тегістей ұтылдық. 1999 жылы Эдмонтонда шымылдығы түрілген чемпионатта қазақ жанкүйерлері алғаш рет медальдың сыңғырын естіді. Үйеңкі жапырақтар елінде 84 кило салмақта сынға түскен Әділхан Сағындықов қола медальды мойнында жарқыратты. Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар қандасымыз ирандық Маджи Афлаки мен түркиялық Ясин Ягизден қалып қойды.
2003 жылы Чеджуден қоржынымыз бос қайтса, 2005 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында Лия Нұркина үшінші орынға табан тіреді. Қазақ қызы Олимпиада чемпионы Ли Сон Хи мен хорватиялық Сандра Чаричті алға жіберді. 2005 жылы Мадридте қайта сәтсіздікке ұшырасақ, 2007 жылы Бейжіңде мол олжаға кенелдік. Аспанасты елінде Аслан Батықұлов (54 кило), Арман Шылманов (84 кило) және Нәзгүл Тәжіғұлова (54 кило) қола медаль иеленді. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпы есепте ТОП-15 команданың қатарына қосылды. Ол кезде республикалық федерацияны Шамсат Исабеков басқарса, ұлттық құраманы білікті бапкер Мақсұт Нарбаев жаттықтырған еді.
2009 жылы Копенгагенде аса ауыр салмақта айқасқан Арман Шылманов қайта үшінші орынды еншіледі. Содан бір жыл бұрын ғана қазақтың қайсар ұлы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медаль олжалаған еді. Данияның астанасында Малидің марқасқасы, әлем чемпионы Даба Модибо Кейта топ жарса, кореялық Нам Юн Бай екінші орынды иемденді. Жалпы, отандық таэквондо тарихында Шылмановтың шоқтығы өзгелерден әлдеқайда биік екені даусыз. Жоғарыдағы атақтардан бөлек, Арман Азия чемпионатында бес (1+2+2) және Азия ойындарында үш (0+0+3) жүлде алды. Еліміздің бірде-бір даян шебері дәл осындай атағымен мақтана алмайды.
Осындай елеулі табыстардан кейін Қазақстан таэквондосы құлдырау кезеңін басынан кешірді. 2011 жылы Кенджу, 2013 жылы Пуэбла-де-Сарагоса және 2015 жылы Челябіде өткен жарыстарда жігерсіздік танытқан жерлестеріміз жанарымен жер шұқыды. 2017 жылы Оңтүстік Кореяның Муджу шаһарында 74 кило салмақта күш сынасқан Қайрат Сарымсақов суырылып шықты. Оның алдында Азия ойындары мен құрлық біріншілігінде қос қоланы қанжығасына байлаған қандасымыз бұл жолы да дәл сол межеден көрінді.
2019 жылғы жарысты Ұлыбританияның Манчестер қаласы қабылдады. Тұманды Альбион елінде де жалқы қолаға қол создық. Бұл жолы да Қайрат Сарымсақов үшінші орынға тұрақтады. Жалпы, сол чемпионатта әлемдік таэвкондоның көшбасшысы Оңтүстік Кореяға жарыс қожайындары әжептәуір қарсылық көрсетті. Десек те шешуші тұста намыстарын қамшылаған корейлер (4+1+2) жалпы есепте көш бастады. Британдықтар (3+0+1) екінші орынды еншілесе, Қытай құрамасы (2+2+3) үшінші сатыға табан тіреді. Олжаға кенелген командалар қатарында Таиланд (2+0+1), Ресей (1+2+1), Түркия (1+1+2), Әзербайжан (1+0+1), Куба (1+0+0) және Италия (1+0+0) бар.