Қоғам • 25 Шілде, 2022

Жастар неге әлемге тарыдай шашырап барады?

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дамыған, талайдан ілгері кеткен елдер­дің өркендеу сырына үңілсеңіз олардың барлығы өз жастарының әлеуетін толық пайдалана білгенін аңғарасыз. Тіпті мұны сол мемлекеттердің дамуы негіздерінің бірі деп те қарастыруға болатындай. Сондай-ақ бұл елдер шетелдік дарынды жастарды өздеріне тарту арқылы олардың ерік-жі­ге­рін тиімді пайдаланып келе жатқанын да көресіз. Яғни өркенді елдер басқа мем­ле­кет­­терде қажетсіз болып, пайдаланылмай жатқан «ақыл-ойды» импорттап, оны өз пай­дасына жаратуға мемлекеттік мүдде тұр­ғы­сынан қарауда.

Жастар неге әлемге тарыдай шашырап барады?

Өз жастарының әлеуетін тиімді пайдаланып келе жатқан елдер тәжірибелі бағбан секілді. Өйткені олар бірінші кезекте «не ексе, соны оратынын» жақсы білгендіктен, өздерінің жас буынының әлеуетті болуына барынша мүдделі. Ал жастарымыз еліміздің болашағы екенін бәрінен де жақсы білетін біз осы салада әрекетсіздік танытып отырғандаймыз.

Өз жасына үміт пен сенім артпағанның болашағы бұлыңғыр. Біз жас буынға, оның ішінде дарынды, талапты, көкірегі ояу жаста­ры­мыздың өзіне «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп, екі тізгін, бір шылбырды бергіміз жоқ. Жүріп келе жатқан жолымыз – баяғы жағымсыз үрдіс – жалындаған жасы­мызды әбден өкпесін өшіріп, сілікпесін шығарып, аға буынның бойындағы жат қылықтар мен әдеттерді жұқтыртып барып, елу­ден асқанда, болдыра бастағанда, ерік-жігерінен жұқалтым бір нәрсе қалғанда ғана жа­уапкершілік жүктейміз. Есіл жастық жалын, қар­қын айдалада қалып қояды. Осынау таптаурын жол қашанғы жалғаспақ? Қоғамға зардапты, уақыт талабына жауап бере алмайтын бұл жол біреулер үшін тиімді болғандықтан ғана әрі қарай жалғаса бере ме?

Әлі күнге дейін «Жастарымыз өз әлеуетін толық пайдалану үшін қандай жағдайлар жа­салды?» деген сұраққа жауап ретінде үкі­мет­тік деңгейде толыққанды қандайда бір баян­дама ұсынылған жоқ. Сондай-ақ «Ерік-жігері тасыған, білімді, патриот, мемлекеттің қолдауымен қалаған мамандығын игерген жастарымыздың әлеуетін елдің, халықтың игілігіне бағыттай алдық па?» деген сауал да жауабын күтіп тұр.

Кез келген жас өз жерінде еңбек ету ар­қы­лы әлеуметтік жағдайын жасауына, еңсе­сін тік ұстап жүруіне мүмкіндік берілмесе, олардың бір бөлігі өзгенің күш-жігеріне, ақыл-ойына айналады немесе төңкеріс толқынын тудыратын долы күш болады. Бұған өз еліміздегі ахуал – уақытша жұмыс істеп келуге немесе тұрақты тұруға сырт елге кетіп жатқан жас­та­рымыз бен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында шеруге шығып, ақырында әлдебір күштерге арандаған жас буын өкілдерін мысал ретінде айтуға болады. Рас, жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл көтерме­леу­лердің барлығы жастарды қана­ғат­тан­ды­ра алмайды әрі уақыт талабына сай емес. Біз білетін қолдаудың басым бөлігі атқарушы биліктегі жауапты тұлғалардың қол қусырып қарап отырмағанын аңғарту үшін жасалып жатқан іс-қимыл­дар жиынтығы секілді көрінеді.

Біліміне, еңбегіне сай ақы төленетін жұмыс орындары бар, қулық-сұмдықтан, сыбайлас жем­қорлықтан ада, елжанды, білімді жас­та­рымыз білімсіз, қабілетсіз, бірақ көке-жәке­сі­нің арқасында көтерілген әлдекімдердің қол ас­тында құнжыңдап жүрмейтін қоғам қалып­тастыруымыз қажет. Бұлай етпейінше, бола­ша­ғын тек шетелмен байланыстыра қарайтын жас буын өкілдерінің қатары күн өткен сайын көбейе бермек. Бұлардың басым бөлігі дарынымен дараланып, білімімен ерекшеленіп, тала­бымен топ жарған бауырларымыз екенін ұмытпайық.

Алған мамандығына сай жұмыс орнын табу қиын біздің қоғамда мыңдап қажетсіз мамандар даярлау ісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Мүдделі қожайындардың қалтасын қалыңдату үшін жұмыс істеп тұрған оқу орындарын бітіріп шығатын он мыңдаған жас (деректерге қарағанда бітіруші түлектердің 50 пайызы) өз мамандығы бойынша еңбек етпейді, дұрысы жұмыс таба алмайды. Инженерлер, технологтер, IT мамандар дайындайтын оқу орындары жетіспейді, кейбірінің білім беру сапасына көңіл толмайды. Міне, бұл жағдайлар да жастарды қолдап жатырмыз деген сөздің салмағы жоқ екенін нығарлай түседі.

Қорыта айтқанда, жастарды мемлекет тарапынан қолдау саясатына түбегейлі әрі рефор­ма­лық өзгеріс керек. Бұл істе Үкімет тек әлеу­мет­тік пәтер беру, аз-маз жәрдемақы төлеу және оны-мұны көтермелеу төңірегінде айнал­сақта­мауға тиіс. Әйтпесе, жас­та­р­ды бейбіт күнде әлемге жаппай тарыдай шашыратып аламыз. Ал оларды елге қайта жинау қиын болады. Басталғалы біраз болған, алдағы уақытта ұлттық үлкен проблемаға айналу ықтималдығы жоғары тарыдай шашырау үдерісін қазірден тоқтату бүгінгінің басты міндеті болуға тиіс.