Білім • 25 Шілде, 2022

Техникалық мамандықтарға грант көп бөлінді

570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсібің – нәсібің. Бір кәсіпті игеру үшін, әлбетте, оқу орнында оқып, диплом алу керек. Бұл ретте мемлекет жас қазақстандықтарға тегін бі­лім алуына жағдай жасап отыр. Сөзімізге дәлел болсын, биыл жоғары білім алуға бөлін­ген мемлекеттік грант саны ре­корд­тық көрсеткішке жетті. Бұл былтырғымен салыс­тыр­ған­да шамамен 17 мыңға көп.

Техникалық мамандықтарға грант көп бөлінді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан техно­ло­гиясы қуатты елге айналу керек еке­нін, бұл үшін елдің бо­ла­шағына техникалық саланың ма­мандары көп­теп қажет болатынын айтқан-ды. Осыған орай 2022-2023 оқу жылына жо­ғары білім алуға берілген мем­ле­­кеттік білім беру грантының көп бөлігі техникалық мамандар даярлауға қарас­ты­рыл­ған. Жалпы, алдағы оқу жылына бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлінді. Ғылым және жоғары бі­лім министрлігінің мәлімдеуінше, осыншама гранттың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, оның саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақ­па­раттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ тех­ни­калық бағыттарға ерекше назар ауда­рылып, мемлекеттік тап­сырыстың үлесі 60%-ға дейін ұл­ғайды.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында білім беру грантының жаңа түрі анықталды. Бұл «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірле­рі­нің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» деп ата­лады. Жаңа грант Атырау және Маң­ғыстау облыстарының 10 мың талап­ке­ріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты грант алуға мүм­кін­дік береді. Мақсатты «Атырау-Маң­ғыс­тау» грантына конкурсқа биыл­­ғы мектеп түлектері қатыса алады. Бірақ олар бір уақытта жалпы кон­курс­қа, оның ішінде «Серпін» бай­қа­уына қатыса алмайды.