02 Мамыр, 2014

Ет экспортының ертеңі еңселі

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонақтары Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков болды. Қазақстан мен Ресей аумағына кірген кездегі автосақтандыру тарифі көлемі теңестіріледі. Бұл жайында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғалым Оразбақов айтты. «Автосақтандыру тарифіне қатысты шынымен де айырмашылық бар. Бүгінде қазақстандық көліктер Ресей аумағына кірсе, 7 мың теңге төлеуі тиіс. Ал ресейлік көлік Қазақстан аумағына кіргенде небәрі 900 теңге төлейді. Айырмашылық біздің нормативтік құжаттарымызда болып отыр. Біз Бәсекелестікті қорғау агенттігі ретінде Қазақстан Ұлттық банкіне өтінім жасадық. Өйткені, Ұлттық банк бұл қарым-қатынастарда өкілетті орган болып табылады», деді Ғ.Оразбақов. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда Ұлттық банк еліміздің Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, аталған мәселені талқылау үстінде екендігін әрі алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық комиссияға ресми ұсыныс енгізуді жоспарлап отырғандықтарын да тілге тиек етті. «Менің ойымша, келесі жылдан бастап бірдей тарифпен төлейтін боламыз. Себебі, оны сәйкестендіру үшін уақыт қажет. Ресейліктер автосақтандыру тарифін төмендетеді не болмаса қазақстандық тарап оны көтеретін болады», деді агенттік басшысы. «Облыста «ҚазАгро» холдингімен бірлескен бірнеше жоба қолға алынған. Қазіргі таңда өңірдің 14 мың ірі қара мал ұстауға мүмкіншілігі бар. Бұған қоса 60 мың шошқа бағатын ферма ашылып, жұмысын жолға қойды. Асыл тұқымды қой шаруашылығын жандандыру мәселесі де жолға қойылуда десек, келесі жылдан бастап осы ұсақ мал Ресей мен Қытайға экспортталмақ. Былтыр 4,5 мың тонна шошқа етін өндірдік. Оның басым бөлігі елімізде сатылса, қалғаны экспортқа шығарылды. Өткен жылы 52 тонна ірі қара мал етін Ресей нарығына шығардық. Бұл бастамасы деп ойлаймыз. Ал болашақта алға қойып отырған мақсатымыз бұл көрсеткішті 3,5 мың тоннаға жеткізу», деді басқосуда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков. Сонымен бірге, ол облыста сүт өндіруге бағытталған 2 ірі жоба іске қосылғанын да назардан тыс қалдырмады. Оның бірі – «Айс» ЖШС-і болса, аталған кәсіпорын жылына 7 мың тонна сүт шығаруда десек, ал «Анди» серіктестігі 3,5 мың тонна сүт өндіреді екен. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».