Қытай Халық Республикасы басқа елдерден кіретін жүк көліктерінің санын ұлғайтуына байланысты кеден бекетінде кептеліс пайда болған. «Достық» бекетіне қарай қазақстандықтардан бөлек, Ресей және Беларусь мемлекеттерінен де ағылып жатқан көлік көп.
Осы уақытқа дейін шекарадан күніне 10-15 қана жүк көлігі өтсе, қазір бұл көрсеткіш бірнеше еселенген. Сондықтан кеден бекетіне қосымша мамандар жұмылдырылды. Сәйкесінше, жұмыс уақыты да таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ұзартылды.
«Бұған дейін кеден бекеті таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейтін. Жұмыс уақытын қосымша 3 сағатқа создық. Құжат сканерлеуші және тексеруші мамандарды көбейттік. Жалпы саны 31 адам қызмет етуде. Дүйсенбіден бастап тағы 8 адам қосылады. Қазір шекарадан күніне 100 жүк көлігі өтеді. Әр көлікті тексеру уақытын да жылдамдатып жатырмыз», дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Қозыбеков.
Кеден бекетінде қазір 500-дей көлік тұр. Оларды мамандар алдағы 2-3 күнде тексеріп өткізбек. Ал кезек пен тәртіп мәселесін жергілікті әкімдік, полиция реттейді.
«Бізде жедел штаб құрылған. Оның құрамында кеден және шекара қызметі, полиция бөлімі мен көлік прокуратурасы қызметкерлері бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты штаб отырысын өткіздік. Мәселені жан-жақты талқылап, шешу жолдарын қарастырдық. Кезекті реттеу үшін электронды жүйе қалыптасқанға дейін есепке алу және оңтайландыру жолдары қарастырылды», дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов.
Жалпы, көлік өткізу әлеуетін арттыру бағытында кеден бекетін кеңейту жұмыстары қолға алынды. Маусым айында қосымша автомобиль өткізу пунктінің құрылысы басталды. Жобаны іске асыру бір жарым жылға жоспарланған. Онда тәулігіне ары-бері 1 200-дей көлік тексеріліп өтетін болады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қорғастағы «Нұр жолы» өткізу бекетінде де көлік кептелісі орын алған еді. Қазір бұл бекетте электронды кезекке қою жүйесі енгізіліп, мәселе шешімін тапты. Нәтижесінде, қазір күніне бекет арқылы еш кедергісіз 100 шақты көлік өтеді. Ең бастысы, осы әдіс арқылы саладағы барлық делдалдық және алыпсатарлық жүйелер толығымен жойылды.
Жетісу облысы