02 Мамыр, 2014

Невель мен Аққулы арасы

822 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Лебяжі ауданына Ресейдің Псков облысы Невель қаласының басшысы Александр Ващенков келіп кетті. Ол күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жиынына қатысқан болатын. 14583_баймол Ассамблея жиынында алыс­тан келген қонақ Александр Ва­щенковтың батырлықтың бағасын білетін Невель қаласының патриоты екенін, Мәншүк Мәметова, Ибраһим Сүлейменов, Әбілқайыр Баймолдин сияқты батыр қазақстандықтардың ерлігін мәңгі тарихта қалдыру бойынша жасаған еңбегін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалады. Бауырлас Ресей халқына соғыстың барша батырларына деген құрметі үшін алғыс білдірді. Сөйтіп, Александр Юрьевич Отан соғысының батыры Әбілқайыр Баймолдиннің туған жері – Лебяжі ауданының орталығы Аққулы ауылына аяқ басты. Әбіл­қайыр Баймолдин жоғары офицерлік атты әскер мектебін, Мәскеудегі әскери-саяси академияны бітірген. Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. 1941 жылғы 22 желтоқсаннан бастап Орынбор қаласында полк командирі, 1942 жылы 5 мамырдан полк комиссары болды. Невель қаласындағы бір көшеге есімі берілген. Сонымен қатар, Невельде Тараз­дан шыққан мерген Ибраһим Сүлейменов көшесінде де мемориалды және атаулы тақталар пайда болады. 1944 жылдың қаңтарында полковник Әбілқайыр Баймолдин Невель қаласын жаудан қорғап, ерлікпен қаза тапты делінген. Ә.Баймолдин басқарған взвод қата­рында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың болғаны белгілі. Ә.Баймолдин өзінің әскери жолын генерал Доватордың гвардия дивизиясы 51-ші кавалерия полкінің командирі болып бастайды. Ол 100-ші қазақ атқыштар брига­дасы қолбасшысының орынбаса­ры, ­полковник шенінде Мәскеу түбін­дегі шайқастарға, отанымыз­дың батыс аймақтарын жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. Полковник Ә.Баймолдин «Қызыл Жұлдыз» және Жауынгерлік Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Невельді жаудан босатқан соң, Ә.Баймолдин қала коменданты болып тағайындалады. Сондай-ақ, полковник «Ерлігі үшін» медалі мен І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ие болады. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Ал жалпы, Баймолдиннің есімін мәңгі есте сақтау шарасын ұйымдастыруды облыс орталығындағы «Қазақстан элек­тролиз зауыты» АҚ (ENRC құра­­мындағы) базасында құрылған «Май­дан жолы» іздестіру отряды­ның мүшелері ұсынған болатын. Отряд сарбаздарының бастамасын зауыт басшылығы қолдап, «Ба­тыр­лар жолымен» атты жобаны қар­жыландыруды өз қолдарына алды. «Даңқ жолымен» Халықаралық патриоттық жоба шеңберінде Невель қаласында полковник Әбілқайыр Баймолдиннің есімімен аталған алаңда қола ескерткіш орнатылады. Яғни, «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ-та құрылған «Майдан жолы» жасағының жауынгерлері жерлесіміздің атындағы алаң мен жауынгерлердің қабірлерінде жөн­деу-жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Енді, міне, сәті түсіп Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметті қонағы болған невельдік Александр Ващенков пен Лебяжі ауданының әкімі Айзада Құрманова кездесуі аудандық әкімдікте жалғасын тау­ып, екі елдің бір қала мен бір аудан орталығы алдағы уақыттағы атқарар жұмыстары белгіленген ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойды. – Мен Еуропа елдерін көп араладым. Адамдардың қарым-қатынастарын үнемі салыстырып қарап жүремін. Енді бізге Невель мен Аққулы арасын, осы жерде тұратын халықты жерлестерміз деп атаймын. Біз үшін ортақ мақсаттар бар, ең бастысы – бізге естелік ортақ. Екі аудан арасындағы ынтымақтастық ортақ қаһармандарымыздың болуында, деді Невель қаласының басшысы Александр Ващенков. Лебяжі ауданының әкімі Айзада Құрманова Александр Ващенковтың иығына шапан жауып, жақсы та­быстар тіледі. – Өз ауылдастарымды, жастарды өткен соғыс жауынгерлерінің естелігіне ұқыптылық танытып, құр­­метпен қарауға шақырамын. Біз бейбіт өмір үшін күрескен батыр­лардың ерліктеріне лайықты болуы­мыз керек, деді аудан әкімі Айза­да Құрманова. – Енді Аққулы ауы­лының бір көшесі Невель қаласының атымен аталатын болады. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.