02 Мамыр, 2014

Өлмес өнеге – өшпес із

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Абаганов фотоЖеңіс... Оны сан миллиондаған адам төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті емес пе? Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп, қаншама асыл азамат мерт болды, қаншасы жаралы, мүгедек, кемтар болып оралды. Майдан шебінде төрт жыл бойы ерлік көрсетіп, 11 әскери награданың иегері атанған гвардия аға сержанты, нағашы атам Мамырбек АБАҒАНОВ атамыз туралы аз-кем әңгіме қозғағанды жөн көрдік. Мамырбек ата 1918 жылы мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Шілікті өңірінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүріпті. М.Абағановтың суреттеріне қарап, сарғайған газеттер, алғыс хаттар мен ол кісі жайында жазылған естеліктерді оқып отырмын. Кеуде­сін­­­де қос орден – «Даңқ» және «Қы­зыл Жұлдыз» бірден көзге ұрып, ардагер атамның ерліктерін паш етіп тұрғандай. Соғысты Сталинград майданында, 62-армияның қолбас­шысы, генерал В.Чуйковтың барлау­шылар ротасының атқышы ретінде бастап, ерлігімен көзге түседі. Бір топ жау солдаты мен екі бірдей танкісін жойған ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алған нағашы атам ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін Висла өзенінен өту барысында жо­ғары жақтың тапсырмасы бойынша «тіл» әкеліп, жараланғанына қа­рамастан, штабқа жеткізгені үшін алыпты. Сол кездегі рота командирі, капитан В.Шилин осыдан 40 жыл бұрын облыстық «Коммунизм туы» газетіне жазған естелігінде: «Ма­мыр­бек нағыз көзсіз батыр, сен тұр, мен атайын деген жігіт еді», деп ри­зашылықпен, тебірене еске алған екен. Берлин. Кіші Тигратен ауданы, соғыстың соңғы күндері. Әрбір үй мен әр қалтарысты алынбас қамалға айналдырған фашисттер соңғы рет тұяқ серпер алдында жанталаса қарсылық көрсетіп жатады. Екі қабатты үлкен үйге бекінген жау әскері полк жолына тосқауыл болып, алға адым аттатпай қояды. Осы кезде М.Абағанов өзінің барлаушыларымен жасырын өтіп, екінші қабатқа көтеріледі. Бірінші қабаттағы фашистердің үстінен гранаталар тастап, оқ жаудырып, полктің алға жылжуына жол ашады. Осы ерлігі үшін полк командирі, подполковник А.Нығматуллин өз қолымен аға сержанттың қан мен тер сіңген гимнастеркасының өңіріне ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін тағады. Мамырбек ата бейбіт өмірге араласқаннан кейін 30 жыл бойы байланыс саласында абыройлы қыз­­мет атқарды. 1973 жылы «Октябрь Ре­волюциясы» орденімен мара­­пат­талғаны сол еңбекте озық, алда бол­ғанының дәлелі емес пе? 1965 жылы 16 қазандағы Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының Жар­лығымен «Қазақ КСР-інің еңбек сіңір­ген байланысшысы» құрметті ата­ғын да облыста бірінші болып алды. Кеудесінде қалған қой құмала­ғындай қорғасыннан, тағы ауыры мен жеңілі араласқан бес жарақаттың салдарынан М.Абағанов 1978 жыл­дың қараша айында өмірден өтті. Нағашы атамның осынау керемет жаужүректігін естеліктерден оқып, суреттерін көрген сайын кеудемді ылғи мақтаныш сезімі кернейді. Мамырбек атамыз оқушылармен кездесуінде қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі мен тапқырлығын, жауынан тайсалмайтындығын, сұстылығын айтып, қазақтар шын мәнінде жаратылысы батыр, ерлік дәстүрі қалыптасқан ержүрек халық. Қасым, Талғат, Бауыржан, айта берсем қазақта батыр көп. Олар халқымыздың мәртебесін көтерді, ал біз болсақ соның кішкене ғана ұшқынымыз деп айтады екен. Бүгінде Абай атындағы орта мектепте М.Абағановқа арнаулы бұрыш ұйымдастырылған. Сондағы құжаттарда нағашы атамның көп ақыл-кеңесі, майдангерлер туралы естеліктері жинақталған. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында кектене ұмтылған ерлердің бірі еңбек майталманы Мамырбек Абағанов туралы 1997 – 2013 жылдары еліміздегі бірқатар басылымдарда ардагерлердің, журналистердің, лауазымды адамдардың, жерлестерінің көптеген естелік, мақалалары шығыпты. «Өлмес өнеге – өшпес із» деген осы емес пе? Жаққан оты өшкен жоқ. Мамыр­бек атамыз дүниеден озғаннан кейін Қорлығайын әжеміз әкелерінің жоқтығын білдірмей, балаларын аялы алақанымен мәпелеп өсірді, ержеткізді, оқытты. Атамыздың ұлы Мұхтархан алған біліміне сәй­кес сауда-экономика саласының ғана емес, жан-жақты білікті азамат, халықаралық «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері». Моңғолия Өкіметінің шақыртуымен дүние­жүзілік «Шыңғыс хан» академия­сының академигі атанып, «Әулие батыр Шыңғыс хан» орденімен марапатталған. Қыздары Ләзім, Назым жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздары. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздіктері төсбелгілерінің иегерлері. Ұлдары Мұратбек, Мақ­сат, Мархатта жоғары білімді, бірі инженер болса, енді бірі заң сала­сында жауапты қызметтер атқа­рады. Немерелері де жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салада қызметтер атқаруда. Сексеннің сеңгіріне таяған Қорлығайын апаны кенже ұл бала-шағасымен аялап бағып отыр. Соғысқа ешкім де ерлік жасау үшін бармайды. Отанын, елін, же­рін жаудан қорғау үшін аттанады. Олар бар болғаны өз заманының пер­зенттері, өз уақытының патриотта­ры еді. Өз борыштарын аяғы­на дейін адал атқарып, ерліктер жаса­ды. Со­лар­дың бірі менің нағашы атам еді. Cерік ҚАНТАЕВ. Шығыс Қазақстан облысы.