02 Мамыр, 2014

Асыл дәстүрден, ата жолдан айнымайық

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Адам капиталын жоғары мәдениет, білім мен ғылым, соның ішінде дәстүрлі дін тәрбиесінің көмегімен дамыту осы замандық тұрақты әрі өркениетті әлемге еркін қадам басудың бірден-бір жолы. Кеше Алматыда өз жұмысын бастаған «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекеттеріндегі жастардың рөлі» атты халықаралық форумдағы кеңінен пікір алысылған келелі әңгімеге осы жайлар арқау болды. Қазақстан үшін дәстүрлі діндер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен жас­тар өкілдерінің осынау кездесуін Бас прокуратураның институты, Дін істері жөніндегі агенттік, «Жас Отан» жас­тар қанаты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен ұйымдастырғанын айта кету ләзім. Форум мақсаты экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекеттер бойынша жастар саясатын талқылап, жастар арасында діни радикализмнің өсуінің себептерін анықтап, соған қарсы жүйелі шаралар қолдану жолдарын талқыға салу болса, жиын барысы сол үдеден көрінді. «Біздің жастарымызды экстремизмнен қорғау жолдарын іздеп отырмыз. Бұл қоғам алдында тұрған міндет. Жастарға өз ойымызды жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды тек діни тұрғыдан емес, білімді, сауатты бола отырып та қорғап қалуға болатынын айтудамыз. Бүгінде 4,5 млн. жас бар. Олардың біразы неше түрлі ағымдар жетегінде кетіп жатыр. Мемлекет тарапынан «Дінтану негіздері» пәні енгізіліп, оқу-құралдарын жетілдіру, оқытушылардың біліктілігін арттыру орайында бірталай жұмыстар жасалуда. Өткен жылы 1 700 мың адам қамтылған кездесулер ұйымдастырылды. Әлеуметтік зерттеулер жастар арасында өздерін діндар атаушылар 2003 жылы 38,7 пайыз, ал 2013 жылы 73,9 пайыз болғандығын көрсетіп отыр. Яғни, он жыл ішінде иманды жастар қатары екі есе көбейген. Бұл көңілге қуаныш ұялатады» – деді Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин. Осынау маңызды шараға арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде тақырып бүгін басталған дүние еместігін, уағыз-насихат жұмыстары бұған дейін де жүргізіліп келгендігін айтты. Бірақ негізгі міндет әлі де болса ағымдар туралы толық ақпарат беріп, жастардың қалыпты дамуына дұрыс жөн сілтеу екендігіне байыпты түрде тоқталды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.