02 Мамыр, 2014

Тазалық мұңындағы тамшы

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковскийдің музыкасына жазылған «Аққу көлі» балеті осы сала мамандарының өздерін кәсіби тұрғыдан жан-жақты танытып, кейіпкер бейнесін сахнада бекіте түсуі үшін ашылған мәні зор мүмкіндік деп бағалануда. DSC_0706 Классикалық шығарманы қайта түлету мүддесі басты партияларды сомдаушы әртістерге ғана емес, сонымен қатар қоюшы-мамандар үшін де әлі толық ашылмаған рухани көкжиектің есігі болып табылады. Қазақстандық белгілі хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның жақында бірлесіп ұсынған жобасы осы ойымызды нақтылай түседі. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры тағы бір қомақты қойылыммен толыққанына куә болып отырмыз. Сыршыл да сазды «Аққу көлінің» романтикалық музыкасы жан дүниеңді баураған сайын көл бетінде қалқыған перизат қанаттардың қырмызы биі қиялды көкке көтеріп әкетуімен ғажап. Қатарынан үш күн үзілмеген спектакльдегі басты партияларды орындаған Әйгерім Бекетаева мен Тайыр Гатауовтың, Гауһар Усина мен Еркін Рахметоллаевтың жұптары сезімтал ойынымен, сергек қимылымен тынысты кеңейтті. Әсемдігі бұрын-соңды ешбір туындының игілігіне қызмет ете қоймаған ғажап декорация­лар мен костюмдер көз тартады. Өйткені, бұлар италиялық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франко Скуарчапиноның іскерлігі нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет қол жетіп отырған баға жетпес байлық болып саналады. Түрлі түстерді шексіз қиялмен қиыстыра білетін Франко Скуарчапиноның балеттегі костюмдері өзге сурет­шілердікінен несімен ерекше­леніп көз тартады десек, мұнда венгрлердің, поляктардың, неа­политандықтардың, испандық­тардың костюміне фольклорлық нотаны салуымен дараланып, жан баурайды. Ізгілікті ізде­ніс­тің нәтижесінде асқан талғам­паздықпен тігілген алтын түстес киім­дер бал өтіп жатқан тұстағы кө­ріністерге салтанат рухын себеді. Қоюшы-хореографтардың «Ақ­қу көлі» балетінің ең бір наз­ға толы классикалық нұсқасын таңдауы отандық балеттің өзіндік бет-пішінін қалыптастырудағы іркіліссіз ізденісінің тағы бір таудай талабы екені даусыз. Мұ­ның негізінде бойжеткен мен бозбаланың бір-біріне деген нәзік те кіршіксіз сезімдері, сондай-ақ терең философиялық ой-байлам мен фольклорлық сарынның өзара үйлесімді үнқатысуы жатқаны тұшынтады. Ер жеткенін атап өт­кен Шахзада Зигфрид бөлмесіне барып, терезеден бір топ аққуды көре сала соңынан ілеседі. Ор­мандағы көл жағасына аяңдаған ол анасы кәмелетке толуына орай сыйлаған арбалетін көздей ала жөнеледі де, аққулар ханымы Одеттаны атқалы тұрғанын түсіне қояды. Ол күміс қанаттары сыңғыр қаққан періште қыздарды аққуға айналдырып жіберген қаскөй сиқыршы Ротбарттың дуа­сы екенін, тіпті бұл байғұстар қоюланып қараңғылық үйірілгенде ғана шынайы кейіптеріне еніп, ал күн сәулесі көкжиектен төгіле сала әлгі әсем әуендер бір сәтте ғайып болып, қырмызы арулардың бәрі қайтадан құсқа айналып шыға келетінін айтып береді. Қарапайым адамға айналудың жалғыз-ақ жолы – аққулар ханымына бозбаланың ғашықтығы және оған адал болуы шарт. Одет­таның асқан сұлулығына іштей қарсы тұра алмаған шахзада оған өзінің сүйетінін айтып, серт береді. Және зұлымдық уын сепкен пенденің торынан біржола құтқаруға уәде етеді. Айлакер Ротбарт оңайлықпен тізе бүгер жау емес, ол жас шахзаданы түрлі амал-айлалар арқылы құрығына алдап түсіреді. Бал өтетін салтанатты сарайға Одеттаның бет-әлпетінен айнымай қалған Одиллияны жеткізеді. Мұны көріп, ессіздік дертіне шалдыққан Зигфрид жүрегі елжірейді. Шахзада серті табанда бұзылып, қастандық қайратқа мінеді. Қос ғашықтың мөлдір сезімдері зұлым ойдың орына топ етіп түсе салғанын көрген жауыз сиқыршы қуанышында шек жоқ. Мысалы, неміс ертегілерінде бұл шығарманың соңы әртүрлі болып аяқталады екен. Қазақстандық нұсқада авторлар зұлымдық атау­лыны жақсылықтың жеңуімен ширықтырады, Ротбарттың қа­сарысып дауыл шақырған арам ниеті Зигфридтің көзін құртуға жарамай қалады, сиқыршының қара пиғылы жеме-жемге келгенде өзін жалмап тынады. Соңғы түйін спектакль идеясының мүлтіксіз жүзеге асқанына көз жеткізеді. Ал адамдар көңілінде аққулар сұлулық пен ішкі таза рухтың мәңгілік символы ретінде сақталып қалды. Ғалия Бөрібаевамен әңгіме­лескенімізде, жарық көргеніне 130 жылдан асқан балеттің түп­­­нұсқалық сарынын мүлде өзгерт­­кен жарамайды, неге десе­ңіз мұнда әлемдік қауым мінсіз мойындаған мызғымас көрі­ністер бар, деген пайымды алға тартты. Дүние­жүзінде мұ­ның мыңнан астам редакциясы сақтаулы көрінеді. Ха­лық­­тық қазынамызды «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты сандаған құнды­лықтарымыз бірнеше вариантымен, нұсқасымен толықтырып отырғаны тәрізді әлемдік клас­сикалық шығармалардың ішінен де мұндай үлгілер көптеп кезде­седі. Гәп, олардың бәрін қаз-қатар тізіп қоюда, екінші тыны­сын ашуда ғана емес, мәселе – сол жауһарларды замана тынысы­мен сабақтастыруда, уақыт көшіне ілестіре алуда, қазіргі үнмен үйлестіре сахналауда деп ойлаймыз. Қазақстандық «Аққу көлі» өзге елдер театр­ларындағы нұсқалардан несімен ерекшеленеді дегенде, міне, осы жағынан жаңа­лығы бар екенін айтуға тиіспіз. – Біз бірінші актіні аздап болса да редакциялап көрдік, мысалға, полонезде әртістер саны өзгереді, ал үшінші актінің құрамы ұлғая түсуімен ерекшеленеді. Балдағы биді де шамалы өзгерттік. Отыз екі аққу (көбейтілген құрамы) бас­ты кейіпкерлердің көңіл күйін бейнелейді. Жалпы тұтастай ал­ғанда, сюжет негізінен өзінің бас­тапқы реңкін сақтап қалғанмен, соңғы картина келешекке сенім ұялата тиянақталады. Өйткені, XX ғасырдың екінші жартысында балет финалы қайта қаралып, өмірге құштарлық, махаббат жеңетін нұсқасы таңдалып алынған болатын. Қос ғашыққа бақыт құштыра отырып, мақсаттарына жеткізу – спектакль мазмұндылығын арттырмаса, кемітпейтін шешім. Ал түпнұсқаға иек артқан жағдайда теңіз тасып, басты кейіпкерлерді дауыл шайып әкетуі тиіс еді. Біз олардың қолдан келгенше ертеңге үмітін жалғау үшін күрестік, – дейді Ғалия Бөрібаева. Әлемдік классиканың ел арасына ең бір көп тараған үлгісін сахналау арқылы «Астана Опера» театры балет шыңының тағы бір биік белесіне көтеріле алды деуге толық негіз бар. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА. Суретте: «Аққу көлі» балетінен көрініс.