Аймақтар • 26 Шілде, 2022

Ауылдағы әжелер ансамблі

1163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұғалжар ауданы Жұрын ауыл­дық мәдениет үйі жанынан құрыл­ған «Сәулем-ай» аналар ансамблі 2018 жылдың наурыз мере­кесінде тұңғыш рет халық ал­дына шықты. Содан бері бір­неше рет көркемөнерпаздар бай­қауына қатысып, ел ішіне таны­ла бастады. Ансамбльдің он бір мүшесі Жұрын ауылында әртүрлі салада еңбек еткен ана-әжелер.

Ауылдағы әжелер ансамблі

Мәселен, Рабиға Құлмұрзина, Ажар Дүзелбаева, Сәлима Утуллина, Гүлнар Сариманова, Күлданай Исимбетова –зейнеткер болса, Гүлжан Терекбаева – теміржол саласында медбике, Мәншүк Рахметова – кәсіпкер, Гүлмира және Гүлшарат Құлмағанбетовалар, Жанар Алдабергенова – үй шаруасындағы әйелдер, Света Дербісалина – мұға­лім. Қай-қайсысының да арнайы музы­калық білімі жоқ болса да, қазақ­тың ән-күйін жаны сүйетін, өнерге жа­қын жандар. Ансамбль жетекшісі – Мира Байсеңгірова. Ол Жұрын ауыл­дық мәдениет үйінің көркем­дік жетек­шісі болып жұмыс істейді. «Өнер­ге, домбыраға жақын болуым атам Байсеңгірден дарыған деп ой­лай­мын. Менің туған жерім Байға­нин ауданы – ән мен жырдың бесігі, қазақтың салт-дәстүрін ерекше сақта­ған топырақ. «Сәулем-ай» әжелер ан­самблі құрылуына Жұрын ауылдық округі әкімі Рамазан Үргенішбаевтың ықпалы зор болды. Ауыл басшысы әжелер ансамблін құру арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұмыт болып бара жатқан халық әндерін жаңғырту қажет деген оймен жан-жақты қолдау көрсетті. Қазір репертуа­рымыз кеңейді, үлкендерден естіген халық әндерін жазып алып, әннің шы­ғу тарихы, орындаушылары жөнінде де деректер жинастырамыз. Ертеде Қарақамыс жәрмеңкесінде Қызыл әншінің әндері өте танымал болған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары аштықтан өлген осы әншінің мұраларын жинастырмақшымыз. Өкініштісі, ел ішінде барлық әннің тарихын жатқа білетін қарттарымыз өмірден өтіп кетті. Соған қарамастан халық әні болып ай­тылатын әннің жұрнақтарын ел ішінен әлі де кездестіруге болады. Әр мереке сайын сахнаға шыққанда, жаңа бір халық әнін дайындауға тырысамыз», дейді Майра Бурабайқызы.

«Сәулем-ай» ансамблінің мүше­ле­рі қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді қатысады. Ауылдағы тұрмысы төмен, жалғызбасты аналарға аналық ақыл-кеңес айтып, бала тәрбиесі жөнінде тәжірибелерімен бөліседі. Панде­мия кезінде «Біз біргеміз!» акциясы аясында ауылдағы жалғызбасты, мүм­­кіндігі шектеулі жандарға бетперде тігіп, тегін таратты. Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қа­ла­сында өткен «Ел іші – өнер ке­ніші» аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, «Ең үздік ана­лар ансамблі» атанды. Жұрын елді мекенінің мәдениетін көтеруге бел­сенді түрде кіріскен аналардың ауыл­дар­ды аралау жоспары бар.

 

Ақтөбе облысы