Қазақстан • 26 Шілде, 2022

Ұлттың ұйытқысы – Ұлттық құрылтай

807 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын. Соған сәйкес, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа құрылымның іргетасы қаланды. Оның мүшелері де бекітілді. Маусымда Ұлытауда ұлттық құрылтайдың тұңғыш отырысы өтті.

Ұлттың ұйытқысы – Ұлттық құрылтай

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты ат­қар­ды. Енді оның орнына құрамы жағы­нан ауқымды Ұлттық құрыл­тай құруды ұсынамын. Жаңа құ­рылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жал­ғас­тырады. Құрылтай қоғам­дық диалогтың біртұтас инсти­ту­ционалдық моделін қалып­тастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айна­латын болады. Қазіргі қоғам­дық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», деген еді Пре­зидент Қ.Тоқаев.

Ұлттық құрылтайдың құра­мында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері енді. Сонымен қатар оған Парламент депутаттары, Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мү­ше­лері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кірді. Осылайша, сан түр­­лі қоғамдық пікір иелерін түгел қам­титын өкіл­ді құрылым қалып­тасты.

Кез келген мемлекет өмір сүру тарихында дамудың түрлі кезең­дерін бастан өткереді. Бұл өзгер­мейтін аксиома. Сондықтан уақыт өте бұған дейінгі құрылымдар ауысып, орнына жаңасы келетіні басы ашық мәселе. Бұған көз жеткізу үшін қазақ халқының өткеніне көз жүгіртсек жеткілікті. Жалпы, Құ­рылтай шақыру – ертеден келе жат­қан ата дәстүріміз. Адалдықты ту етіп ұстаған бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған.

Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Төл тарихы­мызда ұлт тағдырын шешкен құ­рыл­тайлар аз емес. Мәселен, Талас өзенінің жағасында өткен осындай ауқымды құрылтайдан ке­йін Алтын Орда қағанаты дер­бес мемлекет болып жариялан­ды. Қалмақтың үздік­сіз шап­қын­шы­лығынан қорға­ну үшін үш жүздің басы Қара­құм мен Ордабасыда жиналды. Сөй­тіп, хал­қымызды ел қорғауға ұйыс­тырды.

Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Еге­мендік алған алғашқы жылдары Дү­ниежүзі қазақтарының алғашқы құ­рылтайы өтті. Іргелі жиында сырттағы қандастарымыз Атаме­кенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Қа­зіргі батыс дәріптейтін демокра­тиялық құндылық осылайша көне заманнан бері дала философиясында көрініс тапты. Ал демократия – керемет өмір туралы жалпы­лама ұғым, түсінік емес. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты екені түсінікті.

Қаңтардағы қайғылы оқиға ел дамуына жаңа көзқарас қажет еке­нін анық аңғартты десек қателес­пей­міз. Байлықтың санаулы адам қолына топтасуы, жұмыс­сыз­дық, ин­фляцияның тоқтау­сыз өсуі халық наразылығын туғыз­ды. Де­мек қоғам мен мемлекет ара­­сын­­­дағы байланыстың жаңа плат­фор­­­ма­сын әзірлеу қажет екенін көрсетті.

Әлбетте, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрыл­майтыны түсінікті. Бұл – қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру бір адамның, не топтың қолындағы шаруа емес. Бүкіл ел болып жұмылғанда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Осыны ескерсек, Ұлттық құрылтай шақыру бастамасы халық пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жетілдіретіні түсінікті.

Сөйтіп, мемлекеттікті ны­ғайту мақсатында құрылған Ұлт­тық құрылтайдың тұңғыш жиыны исі қазақтың қастерлі мекені Ұлытауда, Жошы хан кесе­несі іргесінде өтті. Бір жағы­нан мұның символдық мәні бар екенін айта кеткен жөн. Мем­ле­кетігіміздің тарихы Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хан­дығы дәуірінде қалыптасып, Алаш Орда кезеңінде жалғасып, тәуелсіз Қазақстан тұсында қайта жаңғырды. Ендігі жиын түгел түркінің темірқазығы Түркістанда өтпек. Ұлытау да, Түркістан да халқымыз үшін киелі мекен. Мемлекетімізді қа­лып­тастыруда үлкен рөл атқарған қасиетті жер.

Ұлттық құрылтайдың тағы бір маңызды құндылығы – мем­ле­кет мүддесін бәрінен биік қою. Ұлы­таудағы жиында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта жаңғыр­тып, оған мем­лекеттік мәртебесін беруді ұсын­ды.

«Мен Республика күніне ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Еге­мендік күнін еліміздің басты ме­рекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ­стан­ның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуел­сіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деді Мемлекет басшысы.

Пайымдауымызша, бұл қадам тәуелсіздік идеясымен мемле­кет­тік құндылықтарды берік ор­нық­­тыра түсуге бағытталған. Дана хал­қымыз «Отан – ана» дейді. Осы орайда түріктердің мына сөзі ойға оралады. «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) дейді Ана­до­лыдағы ағайын. Мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі халқының түсінігінде әке – отба­сының бас­қарушысы һәм қорғау­шысы. Сондықтан түріктер мем­лекетті әкемен теңестіреді. Өйт­кені мемлекет халықтың әл-ауқа­тын арттырып, қорғанышы бола­тын институт. Ал «Отан – ана!». Оны қорғау – әр азаматтың міндеті.

Осылайша, екі ұғым­ға ерекше назар аударады. Мем­­лекет пен Отанды бірге қарас­­тырып, біреуінен қорғаныш тапса, екіншісін қорғау идеясына басым­дық береді. Рас, елімізде әлі ше­­шімін таппаған түйткілдер жетерлік. Олардың шешімін табу ел­дегі әрбір азаматтың да, мемле­кеттік саясатты жүргізіп отырған­дардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүд­десін бәрінен биік қойғанда ғана мақсатымызға жетеміз. Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Ендеше, ұлтымызға ұйытқы болған Ұлттық құрылтай осы тұрғыдан да маңызға ие.

Жоғарыда Ұлттық құрылтай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылғанын айттық. Бүгінге дейін Ұлттық кеңес атқар­ған шаруа шаш етектен. Үш жыл­дың ішінде көптеген бастама көтерілді. Ұсыныстардың біразы заңдық тұрғыда бекітілді. Мәселен, бейбіт жиындарды өткізу тәртібі өзгерді, сайлау кезін­де партиялық тізімдерге әйелдер мен жастардың 30 пайыздық квотасы енгізілді. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші фа­культативтік хаттамаға қол қойды. Яғни өлім жазасына тыйым са­лынды. Сөйтіп, «тоғызыншы терри­тория» мұндай жазадан бас тартқан елдер қатарына қосылды. Бұл қа­дамды Amnesty International секіл­ді ұйымдардың жоғары бағала­ғаны есімізде.

Балаларға қатысты жыныс­тық қылмыстар үшін жаза кү­шей­тілді, саяси партияларды тіркеу межесі төмендетілді. Сай­лау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілді. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі төмендетілді, ауыл әкім­дерін тікелей сайлау қолға алынды. Шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге ты­йым салынды. Міне, үш жылдың ішінде атқарылған жұмыстардың алғашқы легі осындай. Ресми мәліметке сенсек, Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінде айтылған мәселелер бо­йынша 100-ден астам нормативтік-құқықтық акті қабылданды.

Саясаттанушы Самат Нұр­таза Ұлттық құрылтайдың келе­шегінен зор үміт күтеді. Оның айтуынша, бұл платформа жер­гілікті ха­лық­тың мәселесін Пре­зидентке тікелей жеткізуге мүм­кіндік береді. Ал сая­саттанушы Бауыржан Серікбай Ұлттық құ­рылтай Қазақстанның ұзақ мерзімді даму перспективаларын анықтайтынына сенімді.

«Құрылтайда халыққа танымал, беделді тұлғалар өз ой-пікірін айтып қана қоймай, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, Үкіметке ұсынады. Сол арқылы халқымыздың мәсе­лелерін шешу жолдарын ұсы­натын, түпкілікті шешімін табатын, қоғамдық ой-пікір ашық айтылатын және оларды нақты іске асыратын те­тік­тердің бірі болады деп есеп­теймін», дейді саясаттанушы.

Қысқасы, дала философиясына негізделген Ұлттық құрылтай «тоғызыншы территорияның» дамуына соны серпін береді десек қателеспейміз. Ең бастысы, алда ауқымды шаруа күтіп тұр.