Мәдени, рухани іс-шара алдымен Ақтөбе қаласында Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері туралы танымдық конференциямен басталды. Сондай-ақ Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның өмірлерін зерттеуші тарихшылар мен өлкетанушылар тарапынан ортақ тақырыпқа қатысты ой-пікірлер айтылды.
Одан кейін зиялы қауым өкілдері, Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның ұрпақтары хан баба мәңгілік мекен тапқан Әйтеке би ауданына атбасын тіреп, Толыбай ауылындағы «Әбілқайыр хан» музейінде ұлы тұлға мен жарының өмірімен танысты. Соңында музейге Бопай ханымның портреті сыйға тартылды.
Рухани іс-шараның шарықтау шыңы «Хан моласы» – Әбілқайыр хан кесенесінің басында жүзеге асты. Алдымен қорым басында мал сойылып, құран бағышталды. Ақындар айтыс көрігін қыздырып, аудан өнерпаздары концерт қойса, облыстық Т.Ахтанов атындағы драма театрдың әртістері театрландырылған қойылым көрсетті. Ұлттық спорт ойындары да бұл астың көркін келтірді. Жалпы, аталған ауқымды жиынға еліміздің түпкір-түпкірінен зиялы қауым өкілдері келіп қатысса, оны 300-ге жуық аудан халқы тамашалады.
Іс-шара соңында оны ұйымдастыруға көмек қолдарын созған жомарт жүректі демеушілер мен Әйтеке би ауданының әкімдігіне бабалар ұрпақтары шынайы алғыстарын жеткізді.
А.ӘБЕНОВА
Ақтөбе облысы,
Әйтеке би ауданы