Қоғам • 27 Шілде, 2022

Өңір басшылығынан көмек күтеміз

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біз, Қызылорда қаласындағы Қайнарбаев көшесінің тұрғындары көшеміздегі кір-қоқыстан айтарлықтай зардап шегіп келеміз. Оған асфальт төселмеген, әсіресе жаңбырлы күндері лай-батпақтан аяқ алып жүре алмай қаламыз.

Өңір басшылығынан көмек күтеміз

Алда-жалда біреу-міреу қатты сырқаттанып қалса, жедел жәрдем мәшинесі де үй алдына аса жақындай алмайды. Өйткені ойдым-ойдым жолдан өту мүлдем мүмкін емес. Қысқасы, осы көшені тегістеп, асфальт төсеу, тазалап тұру сияқты жұмыстарға ұзақ уақыттан бері ешкімнің тарапынан ешқандай мән берілмей келе жатыр.

Тазалыққа байланысты негізгі проблема есіктеріміздің алдындағы үлкен ойықтан туындап отыр. Ол бұрын-соңды тасталған күл-қоқысқа толы. Ішінде не жоқ дейсіз – тұрмыстық қалдықтардың бәрі бар. Жел тұрса, күл-қоқыстан, түрлі қалдықтан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тіпті жаз айларында есік алдына шығып, дамылдап отыра да алмаймыз. Кішкентай ойын балалары лас заттарды ұстайды, одан қалса, шыны кесіктеріне қолдарын жарақаттап алып та жатады. Ал жоғарыдан төменге дейін баланың денсаулығы басты назарда болуға тиіс дейміз.

Көше тұрғындары жатпай-тұрмай арызданған жағдайда тазалыққа жауапты мекеменің жұмысшылары келіп, күл-қоқыс пен түрлі қалдықты қаппен жинаған болды. Талай жылдан бері қордаланған қоқысты қаппен жинап тауысу мүмкін емес. Біздіңше, үлкен жүк көліктерімен құм, топырақ әкеліп, ойықтың бетін тегістеп жауып тас­тамай, бұл мәселе еш шешілмейді.

Осы орайда біз, Қайнарбаев атындағы көше тұрғындары қала мен облыс басшылығына жеткілікті деңгейде қаржы қарастырып, біздің проблемамызды түпкілікті шешіп берсе екен деген өтініш айтамыз және де өтінішіміз аяқсыз қалмайды деп үміттенетінімізді білдіреміз.

 

А.МАШБЕКОВА,

А.АСУБАЕВА, т.б.

Хатқа барлығы 10 адам қол қойған

 

ҚЫЗЫЛОРДА