Білім • 27 Шілде, 2022

Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Қазіргі таңда магистратураға түсуге арналған тестілеуді 20 мыңға жуық талапкер тапсырды. Шекті балды оқуға түсушілердің 50%-ға жуығы жинады. Орташа көрсеткіш – 74 балл, бұл өткен жылғы нәтижеден 6 балға жоғары.

Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 46 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мыңға көп. Магистратурада оқуға 13 мыңнан астам грант бөлінді. Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу 20 шілдеде басталды және 10 тамызға дейін жалғасады.

Тестілеуге қатысуға ниет білдірушілерді тіркеу 10 маусым мен 15 шілде аралығында ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізілген болатын. Тестілеудің бірінші аптасында 89 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. КТ кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 61 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.

Ұлттық бірыңға тестілеуге кіргізу секілді, КТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Қабылданған іс-шаралар арқасында тестілеуге кіргізу кезінде 4 бөгде тұлға анықталды. Яғни, қатысушылар өздерінің орнына басқа адамды жіберіп, тестілеуден өтпек болған. Тиісті шаралар қабылданды.

«Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді өткізудің бірінші аптасы аяқталды. Болашақ магистранттарды тестілеу ережелерін сақтап, академиялық адалдық қағидаларын ұстануға шақырамын. Face ID сәйкестендіру жүйесінің көмегімен біз басқа адамдар үшін тестілеуді тапсыруға тырысқан 4 бөгде тұлғаны анықтадық. Сонымен қатар постпрокторинг қорытындысы бойынша біз 3 адамның нәтижесін жойдық. Олар емтихан материалдарын суретке түсіріп, аудиториядан алып шығуға тырысқан», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры атап өткендей, бөгде тұлғалар туралы ақпарат өкілетті органдарға берілді.

Биыл магистратураға түсу ережелері өзгерген жоқ. Емтихан үш блоктан тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттардың бірі бар оқуға түсушілер шет тілі бойынша тестен босатылады.

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляцияға беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде оқуға түсуші бірден апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция бес күн ішінде қаралады. Тестілеу сертификаты оқуға түсушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Биыл шекті балдар өзгеріссіз қалды: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін 75 балл, бейіндік бағыт бойынша 50 балл жинау қажет.