Қоғам • 27 Шілде, 2022

Санитария талаптарын сақтамаған асханаларға айыппұл салынды

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында қоғамдық тамақтану нысандарынан микробиологиялық көрсеткіштерге байланысты 129 сынама алынып, сараптамаға жолданды. Тексеріс нәтижелеріне сәйкес, олардан 11 сәйкессіздік анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Санитария талаптарын сақтамаған асханаларға айыппұл салынды

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Мамандар тарапынан тағамдардан санитариялық-химиялық зерттеуге алынған 60 сынаманың 22-сі дайын тағам өнімдерінің құнарлығы талапқа сәйкес болмай шықты.

«Денсаулық сақтау ұйымдарындағы, вахталық кенттердегі, құрылыс алаңдарындағы, өнеркәсіптік нысандардың асханаларына ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізілді. Шара барысында ішек таяқшалары тобы бактерияларын анықтау үшін барлығы 170 шайынды алынып, олардың 10-ынан сәйкессіздік анықталды. Ал санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша тамақ өнімдерінің 5 сынамасы белгіленген нормаларға сай болмай шықты», делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ведомство мәліметінше, санитариялық қағидаларды бұзу бойынша жауапты азаматтарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 425-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы 25 хаттама толтырылды. Оларға қысқартылған өндіріс тәртібінде 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.