Кинематографиядағы дәстүрлі байланыстың тұтастығы бұзылған соң дімкастың күйін кешіп қалған салаға ғаламдану жағдайына бейімделу оңайға соққан жоқ. Бүгінгі күні өнердің ең биігі саналатын кинематография қай елде болса да өзінің ұлттық бірегейлік бейнесін сақтай отырып, әлемдік кеңістіктегі бетбұрыс көшінен сырт қалмауға тырысып бағуда. Он-он бес жыл бұрын отандық картиналардың халықаралық фестивальдерде жүлде алып, олжалы оралуы сирек оқиға болатын болса, қазір біздің картиналарымыз әр кинофестивальде кемінде бір қазылар алқасының марапатын иеленіп, сондағы көрерменнің ықыласына бөленіп, назарын аудартты деп сүйіншіленіп жатады.
Сондықтан биылғы жылы шетелдердегі Қазақстан киносы күндерін ұйымдастырушылар алдына іскерлік байланыстарды дамыту және отандық фильмдерді халықаралық шеңберде ілгерілету міндеті белгіленді. Өткен жылдың өзінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильмдер бірқатар танымал кинофестивальдің жүлдесіне ие болды. Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» туындысы Токио халықаралық фестивалінде үздік режиссура үшін жүлделі болды, ал Фархат Шәріповтің «Схемасы» Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation секциясында Гран-при иеленді. Пусан халықаралық кинофестивалінде тұсаукесері өткен Айжан Қасымбектің «От» дебюттік фильмі бірнеше марапатқа ие болды. Бұлардың ішінде Лос-Анджелес, Сочи және Сингапурда иеленген үш жүлде басты рөлді сомдаған Төлепберген Байсақаловқа тиесілі, бұдан бөлек Минскіде «От» фильміне үздік режиссура мен үздік музыка үшін тағы екі жүлде берілген. Сонымен қатар, «От» картинасы Триссурадағы (Үндістан) ХКФ-та ФИПРЕССИ сыйлығын жеңіп алып, швейцариялық Black movie кинофестивалінің шымылдығын ашты.
Сарапшылар Қазақстанның қысқаметражды фильмдерін де жоғары бағалайды. Мысалы, «Мерген» картинасы Шэньчжэньдегі (Қытай) халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» номинациясында, сондай-ақ Түркиядағы Golden Wheat Awards кинофестивалінде «Үздік режиссер» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларында жүлде алды. «Граната» және «Көше ақыны» картиналары үздік сценарий және үздік монтаж үшін VI Baiqonyr International Short Film Festival жүлделерін иеленді.
Әрине, бұл жетістіктердің бәрі де көңіл тоғайтады. Дегенмен, Киноорталық фестивальдер мен байқаулардың тек авторлық киноға қатысты ұйымдастырылатынын жақсы білуі керек. Кинематографтың шығармашылық зертханасы ретіндегі бұл фильмдердің маңызы зор, бірақ ол үлкен киноиндустрияның бір бөлігі ғана. Ал Қазақстанда бірінші кезекте кең ауқымды прокатқа және көпшілік көрерменге арналған сапалы фильмдер түсірілуі керек.
Сондықтан ҰКҚМО бірқатар жақын және алыс шетелде Қазақстан киносы күндерін өткізу туралы бастама көтерді. Биыл отандық кинематографистердің туындыларын АҚШ, Канада, Франция, Швейцария, Германия, Испания, Чехия, Корея, Үндістан, Пәкістан, Түркия, БАӘ, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан көрермендеріне көрсету жоспарлануда.
Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген жоспар бойынша биыл 15 қазақстандық фильмнің көрсетілімі көзделген, оның ішінде Алдияр Байракимов пен Венера Қайыржанованың «Паралимпиадашы» дебюттік жобасы, Серікбол Өтепбергеннің «Патриоттар уақыты», Дәурен Қамшыбаевтың «Зере» драмасы, сондай-ақ Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» мен Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» ауқымды жобалары бар. Шетелдік аудиторияға арналған әр картинаны оның авторлары – режиссерлер, продюсерлер немесе басты рөлдерді орындайтын әртістер таныстырады.
Отандық фильмдерді Қазақстан киносы күндері шеңберінде ілгерілету және таныстыру еліміздің мәдени дәстүрлері туралы қолайлы қоғамдық пікірді нығайтуға бағытталған жарнамалық науқан мен пиар-акцияның бір түрі болуы да мүмкін. Ұйымдастырушылар іс-шараға тек сыншылар мен кинотанушылар ғана емес, сонымен қатар көрермендер мен БАҚ өкілдері де қызығушылық танытады деген пікірде.
Отандық кинодесанттың көмегімен қол жеткізу көзделіп отырған тағы бір мақсат – бірлескен жобалар жасау үшін жаңа серіктестер мен инвесторларды тарту, бұл да еліміздің әлемдік киноиндустриямен сапалы интеграциялануы бағытындағы қадам болуға тиіс.
АЛМАТЫ