Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Хазіретпен сапарда
Хазіреттің ауылында жұмақылық (жұма күні өткізілген іс-шаралар-А.Қ.) тірлік болды. Шаршаған жолсоқтыдан арылып, кітап көтеріп, жанымыз жай тауып жатқан күндердің бірінде Алатаудың теріскейіндегі қырғыз жұртынан кісі келді. Хазіретті шақыра келді.
Сөздерінің төркіні, жаныстың (Ұлы жүздің дулат руының бір тармағы-А.Қ.) мал баққан кісілері, солардың еккен тары, бидайларына мал түсірді деп, содан жаныстың атқа мінер жігіт-желеңдері көкпарға тартқан лақ текедей бақыртып диқан, бағбаны демей сілтеген сойылдың астында қалыпты. Ендігісі бұл қазақтан құн сұрамақшы. Қырғыздың сөз ұстағандары, төрелігін, дұрысын айтар деп, өзгесіне бармай, Бекасыл хазіретке жүгінбекші. Қоқилап, киіз қалпағын милығына баса киетін қалың қырғыздың ортасына Бекасыл хазірет жалғыз барамын деп, мұндағы ағайындары жалғыз жібермейміз деп әуре-сарсаңға түсті.
Жарықтық Хазірет болса: «Уа ағайын, кінә бізден, соғылған сойылдың басы соларға тиді, сабы бізде қалды» деп айтумен болды.
Түбіне жетіп сұраса келе, қырғыздарға төбелес қылған жаныстар да, малын егіндеріне түсірген шымырлар (шымыр да дулат руының бір тармағы-А.Қ.) болып шықты.
Хазірет жарықтық алыс жолға жүрмекші болып, жылқыда жүрген, есік пен төрдей жирен төбел атын алдырып, таң асыртты. Ертеңінде түс ауа аттанбақшы. Таң атып қалған екен, далаға шықсам, Хазірет кетпенін иығына салып қалың баудан келеді екен, алдынан шығып, сәлем бердім.
Сәлемімді алған соң: «Жүсіп бауырым, мына Қасқасудың бойында, ата-бабам жатыр, соларды аттап кетіп қайда барамын. Жаныстың Жантуынан тараған Құдайбердісінің Түгелбай-Данайдан тараған игі жақсылар, басы Түгелбай-Данай болып сонда жатыр. Күніміз жеткенде барар жеріміз», деп айтқан соң, оразамызды ашып, атқа қондық. Қасқасу десе Қасқасу екен, тау бөктерінен құлаған екпіні атты адам былай тұрсын, атан түйеге қауіпті. Өткендерге мұңымызды шағып, мына елдің тірлігіне сөз қылысқан біздерді соңымыздан боталы інген қуып жетті де, бізбен қатар жүрді де отырды. Бекасыл хазірет екі алақанын жайып дұға қылды: «Уа, жаратқан мырза Құдай, босқа өткізген, өзің берген күнің болса кешіре гөр. Жолымыз болады екен», деп көз қиығымен боталы інгенді меңзеді.
Қабірстан көрінген тұста, аттарды талға байлап, ұрттасаң таңдайдан өтіп, маңдайыңды түсірер мұздай судан, жуынып-шайынып, төңіректі қарасақ, бота да жоқ, түйе де жоқ, ғайып болды.
Жарықтық Хазіреттің көзіне жас үйіріліп, қалың қорымға бет түзедік.
Заманы өтіп, тозығы жеткені бар, бүгін дүниеден өткені бар, қалың бейіттің бір шетіне тізе бүгіп, Құран Кәрімнің бетін аштық. Жатқан қалың аруаққа дұға қылып, бет сыйпасып, рұқсатын алып жанымыз бір рахат тауып еді.
Жарықтықтың әңгімесі елден ерек, санамызға үлгі. Мұндай адам іздесең табыла ма? Бүгінгінің жұртына таң боласың, қолында барына жақұт еді деп қараулары жоқ, Самарқанның сартын көрсе соның соңында шұбырып жүргендері. Бұл харекеттерін не дейсін, қазақтың игі жақсылары ажал жетіп өлгендей болса, солардың Әзіреті Сұлтаннан дәмесі болса, қожа нәсіліненбіз деп жүрген жаңағы сарттарың жүз жылқы сұрасын. Міне, дүниені көріңіз не болғанын.
Бекасыл хазірет қырғыз арасында бөгелген жоқ. Болған амалдың ақ-қарасын айырды да, ауылына оралды, бос оралмады, бітімді болды. Ғәділ ісіне берген ат-шапан жолын, ағайын араз болмасын деп, шығыны шыққан жаққа тарту етті. Бұл ісі үлгі болмағанда ше, мына елге кім үлгі болар.
Есік пен төрдей күрең төбелден басқа ат алып жүре алмас, алып денелі, бойы ұзын, салалы саусақтары, еңбектеген бала түгілі жасы үлкенге көлеңке болғандай ірі. Үстінен ақ киімін тастамайтын, сұрағандар болса: «Ақта қара жоқ, қараға шара жоқ. Шырағым, ішің қандай ақ болса, сыртың да солай болсын, аққа Құдай жақ» деп отырушы еді. Сонша ірі болса да асқа, тамаққа қомағай емес. Ішетін асының түрі-сүтке қосылған жеміс талқаны, қысырақтың қымызы, ет біткеннен қойдың құйрығын турап, араластырып жатқаны. Қанағатшыл адам.
Мәшһүр Жүсіп ашығып қалмасын деп тапсырған екен. Тәуір деген қызы, ет пен қымызға мені әбден бөктірді, береке дарыған бала ма деп қалдым. Хазіреттің ауылының төңірегіндегі жерден көтерем малды көре алмадым. Міне, малға да, жанға да құт деп осыны айт. Ұрпағы көп жасағыр, шаңырағынан адам арылмайды. Ырыздығын жаратқан Тәңір Хазіреттің пейіліне берген болар. Біреуді даттап, біреуден сый аласың ба, қолыңда. Жат түгілі, туғанына қимайтын заман болған соң айтамыз да.
Хазіреттің ата-бабасы жатқан Қасқасудан Сайрамсу алыс емес, сол Сайрамсуда мың шейіттің қорымы бар. Сонау Алла Тағаланың хақ діні исламды таратқан заманда, намаз үстінде отырған бейбақтар дінсіздердің қолынан қаза болған деседі. Оны да көзбен көрдік. Жолаушының күні Ғәріптің күні деседі. Бұл жерде Сарыарқадағы туғандарының арасында жүргендей күйдесің. Жолаушының мақсаты көздеген жері. Тәшкен шәрді бетке ұстап шыққан адам жата ала ма?
Хазіретті Бекасылдар арамыздан кеткен соң біз сықылды жоқшылар кімге бармақ.
1908 жыл. Түркістан, «Тәшкен сапарым».
Бұл жазбаны Иманғали Мәкен баласы 1921 жылы Молда Мәшһүр жазбасынан көшіріп ұсынған.
Мәшһүрдің аманаты
Ұлы Отан соғысы аяқталып, елге оралғаннан кейін ұстаз-мұғалімдік кәсібіме кірістім. 1948 жылы Қарағанды облысы қазіргі Бұқар жырау ауданы (бұрынғы Ульяновка) Шалқар ауылында істеймін, бір күні аудан орталығындағы милицияға шақыртты. Ойда дәнеңе жоқ, салт атпен аудан орталығына келдім.
Милиция бастығының орынбасары Хамит деген жігіт: «Жолдас Мәненов, жоғарыдан келген нұсқау бойынша отбасы, ағайын туыстарыңыздың қайда оқып, қай жерде істегендері жөнінде анықтамалар керек. Бір айдың ішінде біздің мекемемізге тапсырасыз дейді. Ол заманда Сталиннің бар кезі, орындамасқа лажы жоқ. Өзің білесің, қарындасым Әбиданың Алматыдағы кілем фабрикасының алғашқы директоры болғанын. Өзі 1934 жылы Ташкенттегі Орта Азия университетінде жеңіл өнеркәсіп мамандығы бойынша оқығанын жақсы білесіз.
Өзің де мұрағат қопарып, жоқ дүниені іздеп бағудасың ғой. Тәшкенге хат жазсам өзбек туғандар жауап бермейді. Содан аудандық оқу бөліміне өтініш жазып, демалыс алдым да, Ташкент қайдасың деп бір-ақ тарттым. Қарағандыдан пойызға міндім де Алматыға келдім. Алматыда туыстар баршылық. Әлкей, Шапықтар қызметте. Ол жерде бір қонып, Ташкент бағытындағы пойызға отырдым, межелі уақытында әйтеуір жеттік-ау. Енді университетке барсам мені кіргізбейді. Ананы әкел, мынаны әкел деп. Енді не істеу керек, содан Алматыға телефон шалып, Шапыққа (Шокин) мыналарға хабарлас, көнбесе Қанышқа (Сәтпаев) айт, маған көмек жаса деп, әйтеуір бір парақ қағаз бергіздірді. Өзің білесің, Әбида апаң 30-жылдар соңында дүние салды. Ол заманда өліге де, тіріге де анықтама сұрататын кез. Апаңның күйеуі ҚазССР прокуратурасында жауапты қызметте болып, 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырады.
Сөйтіп, Әбида марқұмға қатысты анықтама қолыма тиген соң Шымкенттің Леңгіріне тарттым.
Ондағы ойым молда ата (Мәшhүр Жүсіп-А.Қ.) құрмет тұтқан Бекасыл хазіреттің ауылын, жатқан жерін бір көріп қайту болатын. Ол кісі қасиетті адам ғой. Леңгірге келгенше жолым ақты да отырды. Содан Леңгірде ешкімді танымаймын, көрінген адамнан сұрап, Қасқасу деген ауылға барушы едім, жөн сілтеп жіберсеңіздер деп. Ол күн ешқайда бара алмадым. Ауылдың шетінде бір ақсақал атын арқандап қойған екен, сол адамға мен құдайы қонақ едім деп, жөн сұрасып, сол кісінікіне қонып шықтым. Ол кезде жоқшылықтан арыла қоймаған заман еді ғой. Түнімен әлгі ақсақалмен әңгіме соқтық. Ақсақал: «Қасқасуда кімің бар еді? Онда кімге барасың?», деген соң, шынымды айттым. Солай да солай мен Бекасыл хазіретті іздеп келе жатыр едім. Сол кісі менің ұстазым Мәшһүр Жүсіптің сыйлас адамы болған еді деп.
Жаңағы ақсақалым Бекасыл хазіретке аталас ағайын болып шықты. Маған: «Ой, бауырым, Тәңір жарылқасын, ертең саған ол жаққа баратын көлік іздеймін. Бауырым, есіңде болсын, Қасқасу деген екеу. Орыс Қасқасуы, қазақ Қасқасуы деп аталады. Сен қазақ Қасқасуына барасың», деп, не амал қылатынымды нүктесіне дейін айтып берді. Міне, қартайғанның белгісі ғой сол ақсақалдың есімін ұмытып қалдым.
Сөйтіп, Бекасыл хазіреттің қабірінде болып, дұға бағыштап қайттым. Есімде қалғаны өзеннен өтетін ағаш көпір болатын.
Бекасыл хазіреттің ұрпақтары бар, ақсақалмен ақылдасып едім, «шырағым біреуді біреу көрсеткен заман ғой, шамаң келсе байқарсың» деп ақылын айтып еді. Содан, менің қырсығым тиер деп қорғаладым.
Мына кітап Мәшһүр Жүсіп бабаңа сол кісінің (Бекасыл хазіреттің-А.Қ.) бергені. Мына өзің көшірген әңгімелер де молда атаңнан қалды.
Алтынбек, айналайын! Заман түзелер, сен көп жүресің, кім біледі, мүмкін ұрпақтары іздер, біздің жақта өздеріңе қатысты дүниелерді, екшеп теріп алады. Бұл кісі – Оңтүстіктің Мәшһүр Жүсіп бабаң сықылды қадірменді адамы. Аруағы риза болады. Енді саған аманат. Сен өзің аңғалсың, бөтен біреудің қолында кетіп қалып жүрмесін. Саған үш қайыра айтарым, өз ұрпағынан іздеушілер болса ғана бер. Әйтпесе, үйіңде тұра берсін», деп әңгімесін аяқтады.
Әңгімені Торайғыр ауылының тұрғыны,
86 жастағы баянауылдық Иманғали ақсақалдан
1989 жылғы 7 қарашада жазып алған
Алтынбек ҚҰРМАНОВ