Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Халық пен билікті түйістірер бір мақсат болса, ол – Қазақстанды демократиялы, дамыған, бақуатты елдер қатарында көру. БАҚ-ты үкімет пен билеуші партияның қолшоқпары, халықты бір идеяға топтастыратын үгіт-насихат құралы ретінде қолдану – ескіліктің сарқыншағы, дамымаған жабық қоғам белгілерінің бірі екені сөзсіз.
Сондықтан ашық ақпараттық кеңістік пен мықты медиа нарықтың қалыптасуы дамыған елге тезірек жетудің алғышарттарының бірі болмақ. Баспасөз еркіндігі – тәуелсіз Қазақстанның демократиялы қоғам құрудағы басты кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін» деген сөзі пікірімізді қуаттай түседі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саласының даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керегін атап өтті. Көп ұзамай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Қазіргі таңда 63 cарапшыдан құралған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп үлгерді. Министр Асқар Омаровтың айтуынша, отырыста негізінен журналистің мәртебесі, құқықтық қорғалуы, мемлекеттік тапсырыс және басқа да тақырыптар талқыланған.
Жаңа заңға қатысты қоғамда кеңінен көтерілген мәселенің бірі – әлеуметтік желіде ақпарат тарататын пабликтер мен белсенді қолданушыларға арнайы статустың берілуі. Бұл, керісінше, әлеуметтік желідегі бақылауды күшейтіп, сөз еркіндігіне кедергі болады деп алаңдайтындар бар.
Расында, әлеуметтік желілерге демократия құндылықтарын бұзбай, құқықтық жауапкершілік арту өзекті мәселе екені сөзсіз. Кей платформалардың шектен тыс күш пен ықпалға ие болуы әлем елдерін алаңдатып отыр. Әсіресе кейінгі кездегі геосаяси ахуал мен кейбір елдердің ақпараттық саясаты бұл салаға да құқықтық реттеудің керегін көрсеткендей. Бірақ сөз бостандығының дамуына айтарлықтай серпін берген әлеуметтік желілерді «бақылау» мен «заңға бағындырудың» көзге көрінбейтін шекарасы қайда?
Шартараптың түкпір-түкпірінде бұл мәселеге бас ауыртып жүргендер жетерлік. Наурыз айында Ұлыбританияның технологиялар және цифрлық экономика министрі Крис Филп интернеттегі қауіпсіздік туралы заң жобасы арқылы үкіметтің цифрлы реттеу жоспарын баяндады. Онда өркендеген демократияны қолдайтын жеңіл тәсілдер туралы қарастырылған. Бұл «Әлеуметтік желілерді демократиялы жолмен реттеудің әдістері қандай болу керек?» деген сұрақтың өзектілігі күн сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Әсіресе кейбір платформалардың Ресейдің мемлекеттік RT арнасын Еуропа аумағында бұғаттауы алпауыт технологиялық компаниялардың ақпараттық саясат пен медиа нарықтағы үлкен ойыншылардың біріне айналғанын тағы бір рет дәлелдеді.
Жалпы, демократия философиясында қоғамдық пікірталас демократиялық деп саналуы үшін негізгі екі шарт орындалуы керек. Біріншіден, оған азаматтар қатысуға тиіс. Екіншіден, пікірталас арқылы халықтың белгілі бір мәселе туралы білімінің артуы шарт, яғни, жан-жақты ақпарат алуы маңызды. Әлеуметтік желі осы екі шарттың да орындалуына мүмкіндік береді.
Алайда технологияның дамуымен онлайн әлімжеттік, жалған ақпарат, қоғамдағы поляризация, сенімнің жоғалуы және ұлттық қауіпсіздікке сырттан төнетін қауіп секілді жаңа мәселелер туындай бастады.
Әлеуметтік желінің қоғамдағы мүмкіндіктері мен мәселелерін зерттейтін ұлыбританиялық Norms for the new public sphere жобасы өз баяндамасында саясаткерлер үшін нұсқаулық бола алатын төрт негізгі ережені ұсыныпты. Ең алдымен, талқылауларға қатысуға бәріне тең заңды құқық берілуі керек делінген. Екіншіден, платформалар, реттеуші органдар және қатысушылар шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялаудан бас тартуы қажет. Үшіншіден, платформалар, реттеушілер мен қатысушылар неге осы позицияны ұстанатынын түсіндіріп, дәлелдер келтіруі керек немесе басқалар ұсынған шешімдерге құлақ асып, керек болса өз ұстанымын өзгертуге дайын болуы маңызды. Сондай-ақ бүкіл тарап айтылған пікірлерді қорытуға және ойлануға уақыт ала білуге тиіс.
Баяндама авторларының айтуынша, бұл ережелер демократиялық қоғамдық өмірде этикалық әрекеттерді айқындауға және демократияға қызмет ететін сапалы журналистиканы анықтауға көмектеседі. Әлеуметтік медиамен байланысты заңнама күшеймесе, азаймасы анық. 2021 жылы америкалық Freedom House ұйымы кем дегенде 24 ел платформалардағы контентті реттеу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Еліміздегі БАҚ саласына қатысты келесі үлкен мәселенің бірі – оның толығымен мемлекеттің иелігінде болуы. Қаржыландыру көзіне қарай кез келген медиа өнімді үшке бөлуге болады: мемлекеттік, коммерциялық және бұқаралық (public). Еліміздегі БАҚ-тың көп бөлігі мемлекеттік басқару моделімен жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, бұл модельде мемлекет қаржыландырып қана қоймай, редакциялық саясатқа ықпал етеді. Олардың мандаты көбіне мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен олардың қызметін жағымды жағынан көрсетуді талап етеді.
Мемлекеттік БАҚ-мүмкіндігі кең, табиғи апат кезінде бүкіл халықты жедел құлақтандыру секілді міндеттерді орындауға қауқарлы. Дегенмен, көп жағдайда елдегі жетекші партияның ығына жығылатыны бар. East Anglia университетінің ғалымдары медианың мұндай түрі сөз бостандығы төмен елдерде кеңінен таралатынын айтады.
Ал коммерциялық ақпарат құралдарының редакциялық саясаты бизнес үлгіге негізделген. Инвестордың, жарнама берушінің және аудиторияның сұранысын қанағаттандыруға тырысады. Жарнама нарығы жақсы дамымаған қоғамдарда табыс үшін шоу-бизнес және оқырманды елең еткізетін мағынасы «жеңіл» ақпарға басымдық беріледі. Осылайша, бизнес жобаның салмақты, сапалы журналистикадан алыстап кетуі ғажап емес.
Бұқаралық немесе қоғамдық медиа көбіне дамыған демократиялы қоғамда кездеседі. Бұл ақпарат құралдары қаржыны мемлекеттен немесе жарнама мен демеушілерден алады. Бірақ редакцияның саясаты мен мемлекеттің, жеке тұлғалардың мүддесінің арасында нақты шекара белгіленген.
Бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландырудың әлемде ең көп таралған түрі – лицензия үшін төлем. Оны Ұлыбританияда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда кездестіре аламыз. Ал Норвегия, Швеция және Финляндия секілді кейбір елдерде бұқаралық ақпарат құралдарының ақысы салық пен коммуналдық төлемдерге қосылған. Кейбір қоғамдық медиа ұйымдар аралас модельді қаржыландыруды пайдаланып, бірнеше кіріс көздеріне сүйенеді.
Ақпарат құралдары жоғарыда айтылған үш түрлі үлгіде қызмет етеді. Еліміздегі жаңа заң жобасында мемлекеттің редакциялық саясатқа ықпалын шектейтін нормалар қажет-ақ. Уақыт талабы солай дейді. Бұл қадамның демократиялық қоғам құрып қана қоймай, экономиканың өсуіне тікелей әсер ететінін көрсететін зерттеулер де бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1997-1999 жылдардағы зерттеулердің нәтижесін мысалға келтірсек. Онда баспасөзді қатаң бақылайтын елдердің нарығында компаниялардың жан басына шаққанда әлдеқайда аз тіркелгені анықталған және банк жүйесі де артта қалғаны айтылады.
Осылайша, еліміздің кеңес дәуірінен қалған ақпараттық саясатын жетілдіру арқылы Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылу процесіне айтарлықтай үлес қоса аламыз. Медиа тақырыбындағы зерттеулер мен ғылыми тұжырымдар бірауыздан тәуелсіз баспасөз бен дамыған қоғам арасында айқын байланыстың барын көрсетіп келеді. Біз үшін жалғыз таңдау – даму мен трансформация жолы.
Меруерт БҮРКІТБАЙ