Аймақтар • 27 Шілде, 2022

Өңірді өркендеуге бастайтын жобалар аз емес

241 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында өңірді дамытудың алдағы жылдарға арналған жоспары айқындалды. Өңірдің бас жоспары негізінен үш бөлімнен тұрады. Атап айтар болсақ, инвестициялық, бюджеттік инвестициялық жобалар және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері бірінші кезекте назарда болмақ. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы мәселелерді оңынан шешуді жоспарлап отыр.

Өңірді өркендеуге бастайтын жобалар аз емес

Ауыз су мәселесі толықтай шешіледі

Өңірде білім саласын өркендету үшін қолдан келген жұмыстың бәрі атқарылады. Облыс бюджетінің жартысынан астамын иеленіп отырған салада қордаланған мәселелер аз емес. Сол өзекті мәселелерді уақтылы шешудің маңызы зор. Сонда ғана саланың жұмысы жанданбақ.

Осы жылы білім саласына 244,4 млрд теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды. Биыл 22 білім нысанының құрылысына 7,6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 7-еуі пай­далануға берілді, жыл соңына дейін тағы 10 мектептегі жұмыстар толығымен аяқтал­мақ. Бұдан бөлек, 4,1 млрд теңгеге 18 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткі­зілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымда жұмыс істейтін 2 білім ордасының, оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің, тозығы жеткен 6 мектептің мәселесі шешілмек.

«Қайсыбір мәселелер жылда қай­таланбауы үшін мектептердің құрылысын 20 тамызға дейін аяқтап, жаңа оқу жылына толығымен дайын болу керегін білеміз. Сапасыз жұмыс атқарған, әрі кестеден кешіккен мердігерлер үшін қабылданатын шаралар жеңіл болмайтыны ескертілді», дейді өңір басшысы.

Н.Нұржігітовтің айтуынша, осы жылы облыста 2 197 орынды құрайтын 24 балабақша ашу көзделсе, жыл басынан бері 1 600 орындық 11 жекеменшік балабақша пайдалануға берілген. 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылған. Облыс әкімі білім ошақтарының асханаларындағы ас сапасы бақылаудан тыс қалмайды деп отыр.

Бірқатар елді мекенде ауыз су мәселесі әлі де бар екені белгілі. Ауылдардағы ағайындар бірінші кезекте ауыз су проблемасының оң шешімін тапқанын қалап отыр. Бұл мәселе алдағы бірнеше жылдың бедерінде толық шешіледі.

Н.Нұржігітовтің сөзіне сүйенсек, бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді ретімен шешуге ден қойылмақ. Өңірде ауыз су мәселесін толықтай шешудің маңызы зор. Облыс әкімі 2025 жылы өңірде аталған мәселенің туындамайтынына сенімді.

«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін сапалы ауыз су мен көгілдір отынға қол жеткізу бағытында атқарылатын жұмыс аз емес. Бүгінгі таңда облыстағы елді мекендердің 269-ы (622 мың тұрғын) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл тағы 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Сондай-ақ биыл қосымша 17 елді мекендегі 10 мың үй көгілдір отынмен қамтылады. Осылайша, даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, табиғи газды тұтынады», дейді ол.

Өзекті мәселе оңынан шешілуі үшін 62 ауылға су құбырын тартып, 40 ауылдың ауыз су жүйесін жаңғыртып, 31 ауылға су тазалау блок модулі орна­тылмақ. Бүгінгі таңда облыстағы 36 елді мекенде ауыз су кестемен беріледі десек, биыл аталған ауылдардың саны 30 пайызға дейін қысқармақ. Одан бөлек, 15 елді мекенге газ тартып, 50 елді мекенге табиғи газ жүйелерін тарту арқылы және 2 автономды газ тарату стансасының құрылысы жүргізіліп, бұл мәселе де ретімен шешіледі.

Өңір басшысы 2025 жылға дейін облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99,5 пайызға, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 94,1 пайызға дейін жеткізу көзделіп отырғанын баса айтты.

«Бір ауылда – бір жоба»

«Бірінші жартыжылдықта облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайызды құраса, өнеркәсіп (108,1%), ауыл ша­руа­шылығы (102%), құрылыс (105,7%), тұрғын үй құрылысы (103,7%), сауда (105,3%), байланыс (101,9%) салаларында оң динамика сақталған. Есепті кезеңде өңірге 155,8 млрд теңге инвестиция тартылған.

Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу» деген Н.Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын жемісті жү­зеге асыруға айрықша ден қойылып отырғанын айтады.

«Жоспар халықтың әлеуметтік игілік­тер мен мемлекеттік қызметтерге қол­же­тімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндетті шешуді көздейді. Облыстың даму жоспары 3 негізгі бөлімнен тұрады.

Алғашқы бөлім ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 трлн теңгені құрайтын 1 154 жобаны іске асыра отырып, 14,4 мың жұмыс орнын құруға бағытталды», дейді өңір басшысы.

Аталған даму жоспары арқылы агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 млрд теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отырғаны қуантады. Сәтімен іске асса, екі қолға бір күрек таппай жүрген көптеген азамат жұмыспен қамтылмақ.

Жыл қорытындысында жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге асырылмақ.

Өңір басшысының айтуынша, ауыл­дық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін түбегейлі зерделеген. Әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілін қолдану мүмкіндігі ескеріліп, жоба әзірленген.

Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір алқап таңдап алынған. Аталған жобалар кластерлік бағытта «Бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылмақ.

Облыс әкімінің айтуынша, осы жылы субсидияға бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық.

«Қолдау шараларымен әрбір ауыл, әрбір кәсіпкер, шаруалар қамтылуға тиіс. Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру – аудан, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті» дейді ол.

2021 жылы облыстың ауыл шаруа­шы­лығы саласын қолдауға барлық көз­ден 36,3 млрд теңге, оның ішінде 19,4 млрд теңге субсидия қаралған болса, биыл бұл мақсатқа 60 млрд теңге бөлініп отыр.

Н.Нұржігітовтің айтуынша, облыс­та 2019 жылы бастау алған ауыл тұр­ғын­дарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы қанатқақты жоба жалғасын табады.

«Бір ай бұрын облысқа арнайы келген Үкіметтік делегация жобаның тиім­ділігіне көз жеткізіп, бұл тәжірибені ел көлемінде тарату ісін қолға алуда.

Өздеріңізге белгілі, жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қам­тылды. Ауыз толтырып айтарлықтай нәти­жеге қол жеткіздік. Бұл мақсатқа жал­пы 9,2 млрд теңге несие қаражаты бағыт­талды.

2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен қосымша 3 ауылдық округті жоба жалғасын тапты. Қанатқақты жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округ­терді қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 млрд теңгені құрап отыр. Ұсыны­сымыз Үкіметтен қолдау тапты.

Бізде бұл жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін қажетті кадр да, тәжірибе де жеткілікті», дейді өңір басшысы.

Осы жылы қанатқақты жоба аясын­дағы жеңілдіктермен қамту үшін облыстың тағы 10 ауылдық округі айқын­­далып отыр. Бұл бағытқа 6,4 млрд тең­ге қаржы қажет. Қазіргі таңда жоба­­ның бес бағыты бойынша ауылдық округ­тер­дің жоба-есептері нақтыланып жатыр.

Өңірде кәсіпкерлік саласына қол­дау көрсету жұмыстары ілкі сәтке де дамылдаған емес. Тиісінше, қажетті гранттар бөлініп, олардың жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Осы жылдың 6 айында жам­былдық кәсіпкерлік субъектілеріне 10,5 млрд теңге шағын несие берілді. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 млрд теңге грант бөлінді. Өңір басшысының айтуынша, кәсіпкерлерге жағдай жасау, мүмкіндіктер ұсыну, мәселелерін шешу күн тәртібінен түспек емес.

«Саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділікті арттыру мақсатында 4 арнайы алаң жұмысын іске қостық.

Біріншіден, апта сайын отырысы өтетін инвестициялық штаб жұмысын бастады. Штаб жұмысына әрбір кәсіпкер қатысып, өз жобасын таныстыра алады. Екінші кезекте прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Ондағы мақсат – әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүддесін қорғау. Үшінші, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес пен палата жанындағы іскер әйелдер кеңестері де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады», дейді Н.Нұржігітов.

Өңір басшысы алдағы уақытта халықтың тұрмысын арттыру басты бағытқа айналатынын айтып отыр. Сол үшін елді мекендерде де қыруар шаруа атқарылмақ. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

 

Жамбыл облысы