Жіктеу мақсаттары үшін метеорологиялық жағдайларды сипаттайтын кешенді көрсеткіш қолданылады. Кешенді көрсеткіштің көлеміне қарай ауа райы жағдайлары бойынша Қазақстан Республикасының ормандарындағы өрт қауіптілігінің сыныбы белгіленеді.
Қазақстан Республикасының облыстарында ауа райы жағдайларына байланысты ормандардағы өрт қауіптілігінің жергілікті сыныптары қолданылады. Осы арқылы кешенді көрсеткішті есептеу әдістемесін; өрт қауіптілігі сыныптарының шекарасын; жауын-шашынды есепке алу әдістемесін анықтайды.
Жергілікті сыныптарды қолдану туралы шешім орман шаруашылығы саласындағы аумақтық бөлімшелердің бұйрығымен ресімделеді және әртүрлі уақыт кезеңдері үшін жеке-жеке белгіленуі мүмкін.
Ауа райының жағдайлары бойынша ормандардағы өрт қауіптілігін жіктеу жөнінде айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысы үшін өрт қауіптілігінің сыныбы категорияға жіктелінеді. Олар I – жоқ, II – әлсіз, III –орташа, IV – жоғары, V – төтенше.
Осы сыныптардың IV-V сыныбы белгіленген уақытта «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында әрдайым аумақты қатаң бақылау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Тарбағатай» ұлттық паркі аумағында туристік бағыттар бойынша демалушылар мен басқа да пайдаланушыларға рұқсат қағаздары берілмейді.
Табиғат аясына серуендеу кезінде өрт қауіпсіздігін катаң бақылау, біз бен сіздің міндетіміз әрі табиғатқа төнетін қатердің болмауының кепілі.
Қуандық ШӘРІПҚАНОВ,
«Тарбағатай» ұлттық паркінің орманшылық басшысының міндетін атқарушы
Абай облысы