Әлем • 28 Шілде, 2022

Иракта ереуілге шыққандар парламент ғимаратына басып кірді

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ирак астанасы Бағдадта жүздеген ереуілші парламент ғимаратына басып кіріп, саяси және дипломатиялық ғимараттар орналасқан аумаққа өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Deutsche Welle сайтына сілтеме жасап.

Иракта ереуілге шыққандар парламент ғимаратына басып кірді

Ас-Садр Муктаданың жақтастары Иранның қолшоқпары деп санайтын қарсыласы Мұхаммед ас-Суданиді елдің премьер-министрі етіп тағайындау жоспарына наразылық білдіріп отыр.

27 шілдеде Ирак өзінің антирекордын жаңартып, 290 күн толыққанды үкімет болмады. Алдыңғы рекорд - 289 күн, ол 2010 жылы болған. Ас-Садр басқаратын садристік қозғалыс тоғыз ай бұрын, өткен жылдың қазан айында өткен сайлауда салыстырмалы басым дауысқа ие болған, бірақ жаңа министрлер кабинетін құру жөніндегі келіссөз бүкіл шиит және күрд топтарының ымыраға келе алмауы себебімен әлі де билікке келе алмады.

Парламент ғимараты Бағдадтың әйгілі қатаң күзетілетін «жасыл аймақта» орналасқан. Полицейлердің көзден жас ағызатын газ бен су атқыш қолданғанына қарамастан, қауіпсіздік қызметкерлері садристік топты тоқтата алмады. Бұл кезде парламент ғимаратында бірде-бір депутат болған жоқ. Сайлаудан кейін ауыстырылуын тоғыз ай бойы күткен премьер-министрдің міндетін атқарушы Мұстафа әл-Қадими наразылық білдірушілерді ғимараттан кетуге шақырды, бірақ садристер оны тыңдамай, шу шығарып, жалау желбіретуді, ән айтуды жалғастырды.

Елде толыққанды үкіметтің болмауы Иракты биыл бекітілген бюджетсіз, ал инфрақұрылымдық жобалар мен реформаларын қаржыландырусыз қалдырды.

Муктада ас-Садрдың жақтастары 2016 жылғы тәртіпсіздік кезінде де парламентке басып кірген.

2019 жылы Иракта көпшіліктің сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық пен кедейлікке қарсы наразылық білдіруі кезінде әлдеқайда ауыр тәртіпсіздік болып, жүздеген адам қайтыс болды.