Руханият • 28 Шілде, 2022

Әзағаңның Қалбатауында

545 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әзағаң өзінің Қалбатауына қанына біткен қарапайымдылығынан да сан есе кішірейіп, аласарып, аңғалданып, сәбише арсалаңдап келіп кетуші еді-ау. Бұл жолы өзі жоқ, сандаған көзі – оқырмандары бар еді. Алматыдан әдейі келіп ата-баба рухына тағзым етіп, ас беріп Құран хатым түсірту қамын күйттеген ұлы Жаннұр, келіні Ғалия бастаған ұрпақтарының – немерелері мен шөберелерінің бұл тағзым ғұрпына сүйсінген жергілікті басшылар өз тараптарынан жөппелдемеде ойластырылған жедеғабыл ілкімді іс-шараларымен желпінтіп әкете қойғанына қалайша сүйсінбессің. Мұндай іңкәрлік сезім өздерінің тума талантына көрсетілген қошемет, ықылас екендігі сезіліп, дүйім жұрттың қолдау, қолпаштауына ұласып кете барғаны қандай жарасты еді, ауыл бірлігінің айшықты берекесі еді. 

Әзағаңның Қалбатауында

Жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ жерлес­те­рі­нің жүрек қалауымен дүбірленген дәр­кемді істер өз-өзінен қиюласып, нақ бір айлар бойы дайындық жасалғаннан бе­тер өреленіп, өркештеніп, өрісін кеңге сала берді.

Жарма ауданының орталығы Қалба­тау­да кәрі, жастың жүрегін бұлқынтпай қоймайтын, жасыл аймағына келіп саф ауа­сына тоймайтын, барельефтегі «Махаббат, қызық мол жылдар» деп алаулат­қан жазудың оң қапталындағы «Әзіл­хан Нұршайықов» қолтаңбасымен қоса тұл­ғаланған өр тұлға бейнесін жатса-тұрса да ойлайтын оқырмандардың аңсап келетін бір көрнекі орны – «Махаббат аллеясы» аталады. Ғайыптан осы жерде жас жұбайлардың ақ некесі қиылатын болып, куәлік тапсырылар сәтте бізден бата сұралғанын махаббат жыршысы Әзағаңның аманатындай сезініп, кір­пігімізге жас шыланды... Әзағаңның «Мәң­гілік махаббат қуанта да біледі, жылата да біледі» деген сөзі есімізге оралып, еліміздің жас отауына Әзағаң мен Халиманың махаббат бақытын тіледік.

ж

Халық жазушысы атындағы көшеде жүргенімізде бір қонақ кенет: «Әне, әне ұшып барады, самалмен ойнап барады, тұлымшағы желбіреп», деп дауыстап жіберген жақтан ешнәрсе көзімізге шалынбай дағдарып қалсақ, әлгі егделеу кісі «ауада қалқыған махаббатты айтамын», деп ду күлдірмесін бе, бәрімізді. Шынында да бұл көшеде болсын, орталықтың басқа жерінен де тұрғындардың бәрі махаббатпен желпінгендей, мейірімді, мейірбан жүректерін қолдарына мәпелеп ұстап бара жатқандай әсерге бөлейтінін қайтерсіз. Махаббат жыршысының ауда­нында махаббат кезіп жүр екен... Бұл ненің құдіре­ті, бәтір-ау! Жауабы көкірегіңізде сай­рап тұр ғой...

Орталық саябақтағы майдангерлер аллеясының кіреберіс сол қапталында тұғырға қондырылған сержант Әзілхан Нұршайықовтың зеңбірегі (халық сол кісіге телиді) сонау Отан үшін шайқастың дабылын қағып, бейбіт өмірдің маңызын үстемелей ұғындырып тұрғандай. Бұл жерден жұрт тебіренбей өтпейтіндей: қатулы қабақ Бауыржанның өсиет сөздері еске алынады, ақиқат пен аңыздың кезек пе кезек алмасқан қағидаттары сан тарапқа сүйрелейді... Отанның оттай ыстық екендігін әр санаға шегелей түседі.

х

Жұртшылық көп жиылып естеліктері­мен бөліскен, Құран хатым түсірілген астан соң аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кітап көрмесі тамашаланды. Одан әрі жалғасқан «Аңыз адам – нағыз адам...» атты конференцияны аудан­дық мәслихат хатшысы М.Оспанбаев ашып, жазушының жүзжылдық тойының туған жерінде бастау алғанын қанағат сезі­мімен атап өтті. Белгілі ғалым, профессор С.Қорабай халық жазушысының ақын­дық әлеміне талдау жасап, майданнан арнайы келіп «Жамбылға хат» өлеңін оқып беріп, ұлы жыраудың батасын алға­нын, есімін осындағы орта мектепке беру қажеттігіне тоқталып, Семей қаласында да мәңгілік есте қалдыру шараларының жүзеге асатынынан үміт етті. Режиссер А.Азаматов болса «Махаббат, қызық мол жылдар» пьесасының өмірге келуінен сыр тартып, «Шабыт» шығармашылық орталығының жетекшісі, жоғарғы санатты ұстаз Ж.Рахметова жазушымен кездескен сәттерінен тұшымды естелік айтып берді. Ауған соғысының ардагері Қ.Пірмашев оққа ұшқан досының қой­нындағы «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының паршаланған он сегіз бетін авторға әкеп көрсеткендегі тылсым сәттерді баяндағанда зал толы жұрттың күңіренісі жан күйзелесін тудырды. «Әзілхан Нұршайықов шығар­ма­шылығындағы эпистолярлық жанр өрісі» деген тақырыпта біз де әңгіме өрбіт­тік. Әзағаңның жарияланбай жат­қан қаншама хаттары бар, соларға көңіл бөлінсе екен.

Екінші күні Әзағаңды қолдан «жаңа тудырып» алғандай күй кештік. Бірлік ауылындағы өзі оқыған орта мектептің шағын мұражайында болып, тың құжаттармен таныстық. Немересі Дина мен Алма атасы туралы мазмұнды деректер, суреттер жинақталған баннер сыйлады. Әлі де тосын сыйларымен бөлісетінін мәлімдеді. Осындағы жазушы көшесінің бойымен кеуде кере тыныстап жаяулап өткенімізде ауыл әкімі Н.Нұрғалиев ауыл саябағында жа­зушыға ескерткіш ашпақ талпыныстарына қолдау көрсетуді өтінді. Жарайды дедік, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулетовке жеткізейік дедік. Мүмкін, одақ ұсынысымен Абай облысының орталығында жазушы мерейтойы әрі жалғасатын шығар дедік. Біле білгенге жаңа облыстың рухани азығын еселейтін кезең енді туған шығар дедік. Біздікі, деу ғана ғой...

Әзағаңның ерекше мейіріммен жыр­лайтын Ақбұзау ауылына тақап ен­генімізде алдымыздан ел жалауын көтеріп, ауыл атын асқақтатқан жалаушаны желмен желбіретіп атқа қонған бес-алты жігіт ойнақтатып шыға келсін. Әзағаңның үлкен портретін кеуделеріне тоса ұстаған тұрғындар ән-жырға басып, шашу шашып, ақ дәмін ұсынып, құртын ащылата тіске басқызып, бал қымызын ұрттатты. Жазушыны жетпіс жасында осылайша күтісіп алған екен... Одан әрі ауылға аттылармен жарыса ендік. Атам қазақтың аш қарын, белі үзілердей жіңішкерген тазылары да ойнақты салды дейсің қуанып. Қонақ күтсе осылай, жаны қалмайтын қазағым-ай!

ж

Ақбұзаудың ежелгі атауы – Амангел­ді. Бұл кісі Әзағаңның атасы, соғыс­та ерлікпен жан тапсырған әкесі Нұр­шайықтың, оның інісі Ниғаптың әкелері екен. Ертеректе ақ бұзау жоғалып ел дүрлігіп іздеп, өлігін тауыпты, соны еске түсіретін оқиғалы ауыл өз есімін соған тәрк етіп жіберіпті. Неткен мәрттік!

Ауыл деген аты ғана, үйлері аз, әр төмпешік орны «біз де ошақ көтергенбіз» дерліктей өткенінен өрім өретін тарих тәбәрігі екен. Мұндағы асыл қазынаға – баяғыда жас Әзілхан сүйікті Халимасын жетелеп әкеп келін ғып түсірген үйдің, бүгінгі тым қораш кейпіне ақ сарай көргендей жұлқына ентелестік. Есігі жоқ үңірейген аузынан ішіне бас сұғып едім, тауық қорасындай тар бөлменің бір бұрышынан кішкене кереует көрінгендей боп, жүрегім әлде мұздады, әлде маздады, тұла бойым тітіркеніп кетті... Өмір осынысымен құнды екен ғой... Анадай жердегі жас ғашықтар шөлін қандырған шеген құдықтан су тартып іштік. «Тәтті» деді шөліркеген Халима шөбере. Сонау қиядан, Америкадан бабасының асына келген асыл тұяқ бұл. «Тәтті» деді бір кейуана: «Әзілхандардың таңдайын жібіткен су болғасын іштім», деп тастай екендігіне қарамастан сіміріп жібергесін.

Осы махаббат мекені жүдеу күйінде қала берер ме екен?! Басқа ұлт болса қалпына келтіріп, жайнатып, мұнтаздай етіп мақтанышпен ұстап, болашаққа аманаттар еді-ау, деп амалсыздан бармағымызды тістедік.

Енді бүгінгі әңгімеміздің түйініне келіп те қалған сыңайлымыз. Әзағаңның кін­дік қаны тамған жер Мұқыш ауылы­ның ескі көңдерінің орнын басып тұр­мыз. Қиыршық тасты оба секілді дө­ңес­тенген тұстарын бізді бастап жүрген ауыл ақсақалдары барлап тұрып, «міне, үйі­нің орны дәл осы жер екенін Әзіл­хан тап басып бізге көрсеткен» деп аяқ ұш­тарын қадап, тұралап тұрып алды. Ра­сында да, былай болыпты. Ертеректе бір келгенінде Әзағаң бала кезінде қиядан төмен сырғанағанда аяғы кеп дәл үйінің қабырғасына тірелетінін еске алып, соның етегіндегі үйіндіні «осы біздің үй болған» деп айқайлап жіберген екен. Бұл үйде ол жеті жасына дейін өмір сүріпті.

Табиғаты әсем, қыратты, ойпаң, еңісті, сонадайдан тау сілемдері бураның өркештеріндей жамырай андағайлаған келісті жер екен. Сонау төменде ерте заманда айнадай көл жарқырап жатқан-мыс. Қазір тартылып, тандыры кепсе де аумағын қалың көк майса жапқан жасыл бұйрат көзге қызық. Қырат үстіне, баяғы бала Әзілхан шанамен төмен сырғанайтын биікке көтеріліп, маңайыма зер салдым. Әзілханның жазушы, ақын болмасына, жанының мөлдір, көкірегі нұрға тұнған тұнық, әр нәрсеге махаббат көзімен қарамауына ешқандай хақы қалмағанына имандай сендім... Табиғат ана өз талантын бауырына осылайша басып өбектеп, ержеткізіпті-ау!..

...Дәл осы үйінің орнына бір белгі қойса артықтық етпес еді деген ауыр жүк арқалап, жолға түстік.

 

Қайсар ӘЛІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Абай облысы,

Жарма ауданы