Сол кезде жиырмадан енді асқан Мұхтар Әуезов «Жапония» атты мақаласында күншығыс елінің 1861 жылы жүзеге асырған «Мэйдзи» реформасын талдады, білімге қатысты тұсына баса назар аударады. Ал Халел Досмұхамедов «Сенен басқа ондаған, тіпті жүздеген қазақтың баласы жоғары білім алып жатқанын ойласаң, бұл халық та еңбекке, дамуға қабілетті екенін, бәлкім болашақта әлемдегі өзінің орнын ойып тұрып алатын екінші Жапония бола алады дегенге көз жеткізесің», деген.
Бұл деректер Алаш зиялыларының Қазақ елін 20-25 жылдың ішінде жаңа дәуірдегі заманауи Алаш мемлекетіне айналдырғысы келгенін, мемлекеттің даму үлгісі мен моделін XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы артта қалған аграрлы-феодалды самурайлар елінен өте аз ғана уақыт ішінде әлемдік державаға айналған Жапониядан көргенін айтып тұр. Бірақ күні бүгінге дейін «Жапония қайда, кең байтақ қазақ жері қайда?» деген пікір басым болып келген еді. Енді бұл күмәннің көбесі сөгілді.
Басынан бастасақ: кейінгі кездері Алаш зиялылары мен Жапония арасындағы байланыстың тек болжам емес, шындық болғанын айғақтайтын деректер жариялана бастады. Нақтыласақ, 1919 жылы Райымжан Марсеков жапон үкіметіне хат жазып, Алашорда үкіметін тануды, мойындауды сұраған, жас қазақ мемлекетіне көмек беруін өтінген. Келесі бір хатта Алашорданың Париждің бейбіт конференциясына өз өкілін жолдамақ болғаны айтылыпты. Осы деректі алғаш тапқан Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Уяма Томохико Райымжан Мәрсековтің 1919 жылғы 17 қаңтардағы үндеуі жапон тіліндегі аудармасында 9 бет (5 парақ) көлемінде «Казак-киргиз халқының өкілінің петициясы (嘆願書)» деген атпен сақталғанын, орыс тілінде жазылған болуы мүмкін түпнұсқасы табылмағанын айтады. Жапондық тарихшы атап өткеніндей, Мәрсековтің Владивостокқа барғанын зерттеушілер білген, кейбіреулері оның Жапония өкілдерімен байланыста болуы мүмкін деген болжам жасағанымен, бұл туралы ешқандай дәлел жоқ. Қазір бұл құжаттар Жапония Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат тарихы мұрағатында цифрландырылып, сақтаулы тұр. https://www.jacar.go.jp /
Мамыр айында Халықаралық түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен «Әуезов, Алаш және Күншығыс елі» атты zoom-конференцияда жапон ғалымдары Рёсукэ Оно мен Уяма Томохико Райымжан Мәрсековтің 1919 жылдың қаңтарында Жапония Үкіметіне жолдаған үндеуіне талдау жүргізді. Онда Алаш қайраткерінің Жапониядан Алашорданы мойындап, көмек көрсетуін өтінгені, Алашорданың Париж бейбітшілік конференциясына қатысу жоспары бар екені айтылған. «Бұл таныстырылымда мен Райымжан Мәрсековтің Жапония үкіметіне Алашорданы мойындауды сұрап 1919 жылы жолдаған үндеуінің қысқаша мазмұнын баяндамақпын. Алашорданың сыртқы саясаты туралы мәлімет бүгінге дейін әлі там-тұм ғана болып келді. Бұл құжат Алашорданың сыртқы саясаты туралы мәліметтерді кеңірек ашып, Жапония тарапының оған деген қатынасын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл құжаттар Жапонияның Сыртқы саясат тарихының мұрағатында сақтаулы. Түпнұсқадан да құнды аударма Өкінішке қарай, бұл құжаттың жапонша аудармасы ғана сақталған. Бұл аударманың ішінде нақты тәпсірлеу қиынға соғатын кейбір тұстары бар. Әсіресе «тәуелсіздік» деген мағынада аударылған сөз жиі кездеседі. Құдды бір Алашорда сол кездің өзінде тәуелсіз елдің тәуелсіз үкіметі сияқты жазылған. Бірақ Мәрсеков ол мәтінде шынымен де «тәуелсіздік» сөзін пайдаланды ма, жоқ па, ол жағын нақты бағалау қиын. Бұл жерде жапон шенеуніктері мен офицерлері «тәуелсіздік» пен «автономия» сөздерін ажырата алмағанға көбірек ұқсайды. Содан нақты аударма жасай алмаған болуы мүмкін. Одан кейінгі құжаттан да бұл аудармада «автономия ретінде даму» және «тәуелсіздік» ұғымдары дұрыс аударылмағанын көруге болады. Бір қызығы, Мәрсеков өз сөзінде сол кезде Алашорда өкілдерінен бөлек Жапониямен келіссөз жүргізіп жатқан Колчак үкіметін бірде-бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Владивостоктағы азат ету армиясының саяси департаментінің бастығы бұл үндеуге қолдау ретінде Жапонияның сыртқы істер министріне жетекхат жазған. Сол хатта Мәрсековтің Владивостокта Жапония вице-консулымен әңгімелескені баяндалады. Осы әңгімеде Мәрсеков Алашорданың автономия жариялағанын, келешекте көршілес, діні бір халықтармен бірлесіп үлкен тәуелсіз мемлекет құруды жоспарлап отырғанын нақты атап өткен. Жапония вице-консулы қазақтардың қиын-қыстау жағдайына қынжылыс білдіре келіп, қару жеткізуде де қиындықтар бар екенін айтады. Тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындарын түсіндіреді. Ал Мәрсеков Колчак үкіметі Алашорданың тәуелсіздігін қаламайтындықтан, қару құпия түрде жеткізілуі керектігін айтады. Жапон консулы мұндайға жол жоқ екенін білдіріпті. Мәрсеков онда қаруды Қытайдың Шәуешегі арқылы айналма бағытпен жіберуді сұрайды. Бұған да жол жоқ деген жауап айтылады. Саяси департамент бастығы хатының соңында Мәрсеков сенімге лайықты тұлға ма, жоқ па, қазақ халқының атынан сөйлеуге өкілетті ме, ол жағы белгісіз болып отырғанын әрі ондайды анықтау өте қиын екенін жеткізеді. Бірақ Мәрсековтің қазақтардың өкілетті тұлғасы екені дәлелденсе, сұраған оқ-дәрі мен медикаменттерді беру жағын да ойластыру керектігін, бұл қазақтардың сеніміне ие болу үшін қажеттігін атап өтеді. Ал Жапония Сыртқы істер министрінің жауабы қысқа болған. Ол Жапония үкіметі қазақтардың пұшайман күйі мен тығырықтағы жағдайына жаны ашитынын, әзірге қару мен медикамент жеткізуден тартына тұру керектігін жазған. Бұл қысқа жауап айтарлықтай кеш жолданған. Владивостокқа жауап хат келген кезде Мәрсеков ол жақтан кетіп қалғанға ұқсайды» дейді тарихшы баяндамасында. Қысқасы, баяндамашы айтып өткендей, қазақ ұлты мен оның қайраткерлері һәм олардың нақты ұстанымы туралы мәліметтің аздығынан Алашорданы қолдауға батылы бармады. Дегенмен белгілі бір қызығушылық байқатты.
Райымжан Мәрсеков 1877 жылы Семей облысы, Өскемен уезі, Айыртау болысында туған, қайда, қашан қайтыс болғаны толық мәлім емес. Бірақ тарихи деректерде Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген ұлт ойшылы екені айтылады. Бір деректерде «Құлжа түрмесінде өлді» десе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді. Бірақ Ресейдің қиыр шығысына барып, Жапонияның консулдығының қабылдауында болғанына қарағанда өмірде осал болмағаны анық.
Иә, Алашорда мен қазақ зиялылары арасындағы байланыс, жапон тыңшысы деген айып туралы дерек көп. Бірақ «байланыс болды ма?» деген сұраққа да жауап таба алмағанбыз кезінде. Тіпті тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде де осы тақырыпты зерделеп, қолымызға нақты деректер ұсынған ғалымдар жайлы да естіген жоқпыз.
«Жапония тыңшысы» деген жалған айыппен атылған Тұрар Рысқұловтың ғұмырнамасын көркем тілмен сомдаған жазушы Шерхан Мұртаза кезінде осы тақырыпқа пікір беруін өтінгенде Тұрардың өзіне тағылған айыппен көзі жұмылғанша келіспей өткенін, Тұрар жапон зиялыларымен кездесті немесе хат алысып тұрды» деген деректерді кездестірмегенін айтқан-ды. «1937 жылдың ақиқаты әлі құпиясын толық ашқан жоқ. Талай дүние әлі «құлыптаулы» жатыр. Аққа қара жаға алмаған қанішерлер Тұрардың Моңғолияға сапарында Жапонияның мемлекеттік қызметкерлерімен кездесуін еске түсіріп, содан ілік тапқан ғой», деген еді Шер-аға.
Шер-ағамен әңгімеден соң күндердің күнінде тағдыры 8 минутта шешіліп, о дүниелік болып кеткен арыстарымыздың жапон зиялыларымен жазысқан хаттары алдымыздан шыға келуі әбден мүмкін гой деген үкілі үмітті біз де ойымызға тоқып қойғанбыз.
Өткен ғасыр басында жиырма жасында Жапония туралы жарап Мұхтар Әуезов, 1957 жылы 45 күнге Жапонияға барды, Хиросима және Нагасакиге тасталған атом бомбасына қарсы үлкен жиындарда сөз сөйледі. Бұл деректердің бәрі Мұхтар Әуезовтың 50 томдық шығармалар жинағына енген.
Жапониядағы қазақ дипломаты Батырхан Құрмансейіт Мұхтар Әуезовтің осы елге сапары кезіндегі бізге белгісіз деректерді тауып, оқырмандардың назарына ұсынды. Дипломат бізбен әңгімесінде әлі нақтыланбаған жайттар көп екенін, әркім өз саласында жаңа дүниелер табатынын, бұл бағытта соңғы сөз әлі айтылмағанын айтты.
КСРО Жапония мен Алашорданың арасында байланыс орнатуға былай да кедергі болуы әбден мүмкін еді. Алаш зиялыларының бұдан әріге бармауының себебін осыдан іздеу керек сияқты. Себебі 1905 жылы Жапония әйгілі Цусима шайқасында Ресейді тас-талқан етіп жеңді. Жалпы, жапондар ұлт ретінде 1861 жылы Мэйда реформасынан кейін қатты ілгерілегені белгілі. Ұлт ретінде қалыптасты. «Әкем аралаған, әкемнің табаны тиген Жапонияға мен де талай рет болдым. Әкемнің бұл елге деген махаббаты маған өтті. Жапон үкіметінің ресми шақыруымен саясат әлемінде әлі сырын аша қоймаған «Токио диалогына» қатысып қайттым. «Әкем армандап кеткен қасиетті парызды бір қадам болса да алға жылжыта алдым», дейді бізге Мұрат Әуезов.
1937 жылдың жаңғырығы басылмай жатып, Сталиннің көзі тірісінде арманда кеткен Алаш зиялыларының аманатын арқалаған Әуезовтің алыстағы Жапонияға барып, қазақ елі туралы дәріс оқуының өзі тарихи оқиға екені белгілі. Патшалық Ресейден де қуатты елдің бары туралы хабардан қазақ даласы құлағдар болды. ХІХ ғасырдың соңынан өткен ғасырдың басына дейін Жапония реставрация немесе Мэйдзи төңкерісі (1912 жылы өліміне дейін император билік еткен дәуір аты) деп аталатын кезеңді басынан кешіргені туралы деректер көп. Жапон жұртына қиырдағы қазақ елінің назарын аудартқан тарихи оқиға – күншығыс еліндегі «Мэйдзи» реформасынан кейін ұлт болып айрандай ұйығаны. Бірақ осы бағытты індетіп қазуға байланысты айғақтайтын тарихи деректер жоқ деген тұжырым қолбайлау болып келген-ді. Енді арадағы байланысты айғақтайтын деректердің шеті айтылып жатыр. Мұның бәрі Алаш зиялыларының өзгеге үлгі боларлық дипломатиялық жеңісі.
Ендігі сөз тарихшыларда.
Себебі Жаңа Қазақстанды құруға ниеттеніп келген қазақ даласына Жапония ұстанымы жаңа мүмкіндік.