Даниялық Novo Nordisk компаниясы құрылғаннан бері қант диабетін, семіздікті және басқа созылмалы ауруларды емдеуге арналған инсулин және «Оземпик», «Виктоза» сияқты бірқатар дәрі-дәрмекті шығаруға мамандандырылған.
Меморандумға қол қою рәсімінде министр қант диабетіне қоса, негізгі әлеуметтік маңызы бар инфекциялық емес аурулардың алдын алу мен басқаруды жетілдіру, сондай-ақ Қазақстанның фармацевтикалық саласын одан әрі дамытуда осы әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтар біздің денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді деп үміттенемін», деді А.Ғиният.
Өз кезегінде ТМД дамушы елдері өңірінің, «Ново-Нордиск Қазақстан» ЖШС бас менеджері Али Бенги жоспарланған іс-шараларды толық және сапалы жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Меморандумға сәйкес тараптар екіжақты ынтымақтастықты бірнеше бағытта дамытуды көздеп отыр. Атап айтқанда: дәрілік заттардың отандық өндірісін қолдау және дамыту; диабет және семіздік саласында үздіксіз медициналық білім беру бойынша жобаларды іске асыру арқылы сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында кадрлық әлеуетті нығайту; ғылыми және зерттеу әлеуетін арттыру; инновациялық әдістерге ертерек қол жеткізу арқылы қант диабеті және семіздікпен ауыратын науқастар үшін емдеу сапасын арттыру.
Мысалы, Novo Nordisk компаниясы семіздіктің алдын алу және емдеу мәселелерімен айналысатын қазақстандық мамандарға «Global obesity clinics programme» бағдарламасы бойынша оқуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ компания қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың адам инсулині препараттарын өндіруді одан әрі жолға қоюы үшін белсенді фармацевтикалық субстанцияны біздің нарыққа жеткізуді жүзеге асыру мүмкіндігін зерделеуді жоспарлап отыр.
Дүниежүзілік диабет федерациясының (IDF) деректері бойынша 2021 жылы қант диабетінің жаһандық таралуы 10,5%-ды (573 млн адам) құрады және 2030 жылға қарай 11,3%-ға, 2045 жылға қарай 12,2%-ға (783 млн адам) дейін ұлғаю болжанып отыр.
Қазақстанда «Қазақстан Республикасы үшін диабеттің ауыртпалығы» зерттеуіне сәйкес, осы аурумен ауыратын науқастардың саны 383 мыңды құрайды және тұрақты түрде өсуде.