Аймақтар • 29 Шілде, 2022

Көшпелі экспедиция кереметі

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баһадүр бабамыз Қаракерей Қабанбайдың биыл 330 жылдық мерейтойы. Осыған орай еліміздегі тарихшы, өлкетанушы, тағы да басқа азаматтардан құралып, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Еңсеновтің бас­тауымен «Батыр бабалар жолымен – Сырдария – Жетісу – Шығыс» атты республикалық тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды.

Көшпелі экспедиция кереметі

Бұл – жарты Қазақстанды шарлап шығатын, маңызы мен мәні зор экспедиция. Қабанбай бабамыз 60 жыл аттан түспей осы ел мен жерді қорғағаны анық. Сол жолда жоңғармен де, қазақ жеріне сұқтанған қытаймен де, ара­ағайындыққа сызат түсір­ген қырғыз бауырлармен де қақ­тығысқа барды. Мұнан бөлек, Қоқан хандығы Ташкент, Түркіс­тан, Сайрам қалаларына жасаған сұғанақтығының бетін қайтарып, сауда керуендерінің алаңсыз кәсіппен айналысуына мүмкіндік тудырды. Осы арқылы елдікті нығайтып, Қазақ елінің территория тұтастығын сақтады.

«Сапарымызды 9 шілде күні Ақмола облысы аумағында­ғы Қара­керей Қабанбай батыр ке­сенесінен бастағаннан бері тоқ­тау­сыз жүріп келеміз. Ұлытаудағы Қабанбай батыр қатысқан «Бұлан­ты – Бі­леу­ті» шайқасы өткен жер­ді қа­рап шығып, Жезқазған, Қы­зыл­орда бағытына жол тарт­тық. ­Қызылордада Тайлақ батыр ұр­пақтарымен кездестік. Жаңа­қор­ғандағы Төлегетай баба мен Қылышты ата кешеніне бардық. Кезінде Мұхаметжан Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде «Ақтабан шұбырын­ды, Алқакөл сұлама жылдары» Сау­ранды айналып өткені жайлы жазды. Осыны ескеріп, Сауран қа­ласына бұрылдық. Одан кейін қасиетті Түркістанға кел­дік. Қабанбай бабамыздың ­Түр­кістанды қорғағаны тарихтан мәлім. Қожа-Ахмет Ясауи және Арыстан баб кесенесіне тәу етіп, осы кесенеге жерленген Қабанбай батырдың замандастарына Құран бағыштадық. Сапарымыз одан әрі қарай жал­ғасып, Құлан қаласынан 30 ша­қырым жерде өткен Ойран­ды шайқасы болған жерге, Әулие­бұлақ, Сәмен төбесі, Сәмен ту тік­кен тасына, Жетісу өңіріндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен жерге, Таңбалы қорық-музейіне, Алматы қаласындағы Райымбек пен Әлмерек батыр және Кер­бұ­лақ ауданындағы Сәмен батыр­ кесенесіне, Абылай ханның сері­гі Бәсентин Малайсары Тоқ­тауыл­ұлы батыр жатқан жерге барып, тәу етіп, тарихи деректерді жинадық. Осы сапарда батыр бабамыздың бір ниет, бір тілекте болып, бір майданда соғысқан замандастарының ұрпақтарымен кездесіп, сұхбат алдық. 6 мың шақырым жолды басып өтуіміз­ге демеу көрсеткен Нұрланбек Тоқтабаев, Кәкен Тоқ­таров және Аслан Ғафуров сияқты аза­мат­тарға алғыс айтамын. Міне, бү­гін жер жаннаты Жетісу жеріне қадам басып отырмыз», дейді топ жетекшісі.

Үлкен мақсат, ұлы мұрат арқа­лап, Жетісу жеріне жеткен экспедиция мүшелерін «Нақ бірлік» қоғамдық қорының төрағасы Мақсұт Қалажанов пен Ақсу ауда­ны­ның ел ағасы Серік Серпербаев бастаған  азаматтар Арқарлы асуынан күтіп алып, тарихи орындарды аралатты. Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, қаланың қадір­менді ақсақалы Оралбек Жақиянов бас­таған зиялы қауым өкілдері Тал­дықорған қаласындағы Қабан­бай батыр ескерткішінде қарсы алып, сыр-сұхбат құрды. Сол күні Талдықорған қаласында түнеген азаматтар ертесі Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы тарихи орындарды аралауға аттанды.

Сол сапарда Ескелді ауданы­ның аумағында орналасқан Ақын Сара Тастанбекқызының ес­керткішіне Құран бағыштап, ке­лесі кезекте Жансүгіров кен­тіндегі Бөрібай батыр кесе­не­сі­не тоқтады. Оларды Ақсу ауда­ны әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов бастаған ауыл ақса­қалдары мен азаматтары қар­сы алып, Бөрібай батыр ту­ралы ес­теліктер айтылды. Ал Сарқан қала­сын­дағы Ал­дияр батыр кесенесінде Сар­қан ауданының әкімі Талғат Қай­нар­беков қарсы алып, қо­нақ­жай­лық танытты. Бұдан кейін зерттеушілер Көтен тәуіп Қо­ңыр­байұлы  кесенесіне жол тарт­ты. Кесененің  шырақшысы Тал­ғатбек Кәріпжанов әулие баба туралы тың деректермен бөліссе, Абылай ханның Көтен тәуіпті Жалаңаш әулие атағаны жайлы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жалаңаш  баба»  атты тарихи мақала жазғандығы туралы  дерек таныстырылды.  Ал Үшарал қаласына кіреберісте орналасқан Қабанбай батыр кесенесінде аудан әкімі Алмас Әбдинов пен аудандық ақсақалдар кеңесінің төр­ағасы Сатай Бекболатов бас­таған алакөлдік ағайын күтіп алып, экспедиция мүшелерін Қабанбай батыр өскен Жарбұлақ ауылына қарай шығарып салды.

Даңқты Махамбет бабамыз: «Еңку, еңку жер шалмай, ер­лердің ісі бітер ме?» деп те­гін айтпаған ғой. Ақмоладағы Қабанбай батыр кесенесінен баба­мыз туып-өскен Жарбұлақ, Ұржар, Мақаншы жеріне дейінгі 6 мың шақырымнан астам жолды басып өтті. Қол жеткізген нәтижесі де ерен. Ол туралы Тарбағатай жерінде Қабанбай бабамыздың 330 жылдығына орай өтетін ғылыми-танымдық конференцияда айтылады.

 

Жетісу облысы