Қазақстан • 31 Шілде, 2022

«Баяғыда бұндайды бюролап тастайтын...»

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда менің Көкшетау қаласында біраз уақыт еңбек еткенімді ескерген ескі танысым Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне сілтеме жасалған бір сыни ақпаратты мессенджер арқылы жолдады. Ә дегенде «Ақмола облысы басшылығының беделін түсіруді көздеген фейк болар...» деген ой келіп, жалма-жан аталған мемлекеттік органның ресми сайтын ашып қарадым. Сонда жарияланған ресми мәліметтен бәрі де рас екеніне, яғни астана маңындағы өңірде бірсыпыра былық-шылықтың беті ашылғанына көзім жетіп, басымды шайқамасқа амалым қалмады...

«Баяғыда бұндайды бюролап тастайтын...»

Есеп комитеті өз отырысында биыл Ақмола облысында бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген аудит­ті қорытындылай келіп, «облыс әкім­дігі өңір экономикасына инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған, өңірді дамыту бағдарламасын іске асыру оң статистиканы қалыптастыру үшін жоспарланған іс-шаралардың түзетілуін және қайта қаралуын қамтамасыз етумен шектелген» деген тұжырым жасапты. Бұл – күлбілтелемей, турасын айтқанда, Ақмола облысының әкімдігі өз рейтингін жақсарту үшін әдейі көзбояушылықпен айналысқан деген сөз.

Есеп комитетінің мәліметіне қара­ғанда, Ақмола өңірінен сыбайлас жем­қорлықтың иісі де мүңкіп тұрған секілді. Мәселен, бюджеттік инвестициялық жобалар қолданыстағы заңнаманы өрес­кел бұза отырып іске асырылған. Нақты айтқанда, облыстың құрылыс басқармасы 15 жоба бойынша мердігерлік ұйымдарға атқарылмаған жұмыстар үшін 248,1 миллион теңге аударған. Бұған қоса, аталған басқарма мен Шортанды және Целиноград аудандарының құрылыс бөлімдері жалпы сомасы 34,4 мил­лион теңгенің орындалмаған жұмыстары бола тұра, 5 объектіні пайдалануға қа­был­дап алған. Тағы бір таңғаларлығы – облыс әкімдігі Целиноград ауданының Төңкеріс ауылында 180 оқушы орнына қажеттілік бар екеніне қарамастан, жаңа мектеп салудың орнына, былтыр «KAZPACO» ЖШС-дан 110 оқушыға арналған модульдік мектепті 1,5 миллиард теңгеге сатып алыпты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жуырда Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы 2020 жылы көктемгі-күзгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілеріне ар­зан­­да­тылған дизель отынын жеткізу жө­нін­дегі оператор болуға жәрдемдесіп, коммерциялық ұйым өкілдерінен аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады. Бірақ бұл масқара жайттан ақмолалық басшылар әлі сабақ алмаған сияқты. Себебі Есеп комитеті: «Облыста агроөнеркәсіп саласын дамыту проблемалары тиісті түрде талданбайды және субсидия алушылар арасында бөлу біркелкі жүзеге асырылмайды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қар­жылық жағдайы, мемлекеттік қол­дауға қажеттілік және дотациялық шара­лар­дың тиімділігі талданбайды. Өсім­дік шаруа­шылығы саласында қайта өңдеу және жаңа өндірістерді көбейту бо­йынша мемлекеттік қолдау шаралары іс жүзінде тиісінше ұйымдастырылмаған», деп мәлімдеп отыр.

«Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, ақмолалық шенеу­ніктер бюджет қаражаты есебінен са­лынған жалпы ұзындығы 1 509 километр электр желісін энергия беруші ұйымдарға беру мәселесін уақтылы шешпеген. Соның салдарынан Аршалы және Целиноград аудандарының жекелеген елді мекендерінің тұрғындары электрмен жабдықтау қызметтерін заңды тұлғаларға қолданылатын қымбат тарифпен төлеуге мәжбүр болған.

Бұған қоса, 3,5 миллиард теңге қаражат жұмсалғанымен, Целиноград ауданындағы тұрғындарының саны 13 мың адамнан асатын Талапкер және Қажымұқан ауылдық округтерін орталық­­тандырылған сумен жабдықтау мә­се­­ле­сі 2 жылдан астам уақыт бойы ше­ші­мін тап­паған.

Есеп комитетінің бағалауынша, Ақ­мола өңірінде медицина кадрларының тап­шы­лығы, соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарды бекіту мәселелерін шешу жұмысы нашар жолға қойылған. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының 240-ы, немесе 42,7 пайызы жалға алынған үй-жайларда орналасқан, 123-нің ғимараттары әбден тозған. Тұрғындарының саны жылдан-жылға өсіп, бүгінде 66,8 мың адамға жеткен Целиноград ауданында аурухана жоқ.

 Міне, осындай шешілмеген инфра­құры­лымдық мәселелер бар екеніне қарамастан, Ұлттық қордан сұрап алынған 1,9 миллард теңге жергілікті маңыздағы жолдарды орташа жөндеуден өткізіп, шұңқырларын бітеуге жұмсалыпты. Бұл болашақ ұрпақ игілігіне арналған Ұлт­тық қордың қаражаты тиімсіз пайда­ланылғанын көрсетеді.

Аудиторлық тексерістер нәтижесінде анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы – 2,8 миллиард теңге. Есеп комитеті 42 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша материалдарды шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жі­бе­ріпті, ал сыбайлас жемқорлықтың иісі шығып тұрған сорақы факті­лерді құқық қорғау органдарына жолдапты. Ал Ақмола облысының әкіміне жол берілген кемшіліктерді жою және қолданыстағы заңнаманы бұзған ла­уазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау тапсырылған.

«Бір кезде осындай тексерістің қо­ры­­тын­дысы билеуші партия орталық комитеті бюросының отырысында арнайы қаралып, онда барлық бұзушылық бойынша облыс басшысы жауап беретін. Оған қатаң партиялық жаза қол­данылатын. Былайша айтқанда, бая­ғыда бұндайды бюролап тастайтын...», дейді ескі танысым Есеп коми­тетінің қолданған шараларына көңі­лі онша толмай.

Шынында да, «Жаңа дегеніміз – жақсы ұмытылған ескі нәр­се» дегендей, өткен заманның уақыт сынынан өткен кейбір тиімді тәсілдерін Жаңа Қазақстанның кәдесіне жаратсақ, артықтығы жоқ-ау. Қайткенде де елі­мізде заңның үстемдігі мен басшы-қос­шының бәріне қатысты темірдей тәртіп орнатуға күш салғанымыз жөн.