Аймақтар • 31 Шілде, 2022

Жетісуда цифрландыру көрсеткіші жоғары

279 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Жетісу облысының халқымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ведомствоның қызметі мен жобалары туралы кеңінен баяндады.

Жетісуда цифрландыру көрсеткіші жоғары

Өңірге сапары барысында ведомство басшысы Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевпен бірге Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылындағы аудандық орталық ауруханада болды. Нысанды аралап, ондағы дәрігерлер қолданатын ақпараттық жүйелермен танысты. Медицина мамандары ақпараттық жүйелерді қолданудағы әсерлерін бөлісіп, жұмысты одан әрі жетілдіру жөніндегі өз ойларын айтты.

«Заманауи қосымшалар пациентке қамқорлық жасауға жәрдемші болуы керек, денсаулық жағдайы туралы және басқа да қажетті мәліметтерді есіне салып, оған хабарлама жолдап отыруы қажет. Қазіргі кезде самртфондарды қалай қолдану керектігін кез келген адам біледі, сондықтан қазақстандықтар үшін өз денсаулығына қатысты қажетті деген жеке мәліметтерін алып отыру үшін өз девайсын қолданған қолайлы. Денсаулық сақтау министрлігі осыны іске асыру мәселесін бақылауға алуға тиіс», деді министр.

Айта кетейік, Көксу аудандық орталық ауруханасына қанатқақты жоба ретінде енгізілген орталықтандырылған PACS жүйесі онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтауға зор ықпал етіп отыр.  Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» ЖШС компаниясы бірлесіп мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында іске асырған. ТМД аумағында теңдесі жоқ осы жүйе компьютерлік, магнитті-резонанстық томография, рентгенография, маммография сияқты бірқатар радиологиялық зерттеуді орталықтандырып, Жетісу және Алматы облыстарының 30 медициналық мекемесінің ақпараттық базасын бір жерге тоғыстырды.

Ауруханаға цифрлы жоба енгізілген соңғы 4 жылда осы жүйе арқылы 1 млн 520 мың радиологиялық зерттеу жасалған. Жүйе өңірдегі радиолог мамандардың жетіспеушілігі мәселесін реттеуге, диагностика сапасын жақсартуға, онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтауға, білікті мамандардың ой-пікірлерін қашықтан алуға, ақпаратты жылдам жинақтауға мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллектіні пайдалану өкпе мен сүт безінің сырқаттарын ерте анықтауды 20 пайыздан 82 пайызға дейін арттырды.

Одан кейін министр жергілікті ХҚО жұмысымен танысып, жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді. Халықпен кездесуі барысында Бағдат Мусин халыққа, сонымен қатар  жаңа цифрлы кеңістікте өмір сүретін болашақ ұрпаққа арналған жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

«Осы айда Мемлекет басшысы электронды құжаттарды қағаз құжаттармен тең қолдануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұдан бөлек электронды үкіметпен біріккен байланысы бар барлық компания мен мемлекеттік орган клиенттен қағаз анықтамалар сұрауға құқы жоқ», деді Б.Мусин.

Сонымен бірге ведомство басшысы ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін «Қазпошта» АҚ базасында мемлекеттік қызмет алуға болатын цифр­лы нүктелер ашылатынын да жет­кізді. Ендігі жерде компьютері немесе интер­неті жоқ ауыл тұрғындарының аудан ор­талығына немесе қалаға шықпай-ақ цифр­лы нүктелер арқылы қызмет алуға, мем­лекеттік органдарға электронды өті­ніштер жіберуге мүмкіндігі бар. Сон­дай-ақ тұрғындарға сапалы байланыс және интернет желісін беру кездесуде тал­қыланған өзекті мәселелердің бірі болды. 

Кездесуге телекоммуникация ко­ми­тетінің, байланыс операторларының өкілдері де қатысып, көпшіліктің сұрақ­тарына жауап беріп, туындаған мәсе­лелерді шешудің жолдарын қарасты­ра­тындарын жеткізді.

Сол сияқты министр өңірдегі жер ресурстарының тиімді қолданылуына  ғарыш­тан мониторинг жасаудың нәтиже­леріне қысқаша тоқталды. Мәселен, 2022 жылдың І жартысында Жетісу облысы аумағында 21 224,6 га егістік жердің пайдаланылмай жатқаны, 6 973 га егістік жердің мақсатты пайдаланылмайтыны анықталған.

Оған қоса биыл Жетісу облысы аумағында 134 рұқсат етілмеген қоқыс нысаны бар екені, рұқсат етілген 22 қоқыс көму полигонының 14-і белгіленген шекараны бұзғаны анықталды. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды заңсыз пайдаланып отырған 44 орын белгілі болды, соның 4-еуі – аумағы өзгертілген, 40-ы – аумағы өзгертілмеген тарихи орын. Бұдан бұлай төтенше жағдайларды алдын ала ескертуге, өз бетімен басып алынған аумақтар мен орман-тоғайларды заңсыз кесу ошақтарын анықтауға мүмкіндік бар.

Осы ретте ғарыштық мониторинг жобасы іске асырылмақ. Бұл – пайда­ла­нылмаған егістік алқаптарын, ормандағы өрт қаупін, заңсыз құрылысты анықтауда таптырмас жүйе. Тіпті белгіленбеген қоқыс орындарын да көрсетіп береді. Яғни қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы карталарды әзірлеп, оны күнде­лікті бақылап отыруға мүмкіндік жасай­ды. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынба­сары Қуандық Шүленбаевтың мәлім­деуін­ше, геопорталды пайдалану тегін. Толық мағ­лұмат алуға бар жағдай қарасты­рылған.

Халықты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында OneWeb, Space X және SES компанияларымен жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ өңірді ғарыштан бақылау кездесудің маңызды тақырыптарының бірі болды. Ғарыштан мониторинг жасаудың нәтижесінде, төтенше жағдайларды алдын ала ескертуге, өз бетімен басып алынған аумақтар мен орман-тоғайларды заңсыз кесу ошақтарын  анықтауға мүмкіндік мол.

Әңгіме арасында министр Талды­қор­ғанда IT Hub құрылатынын айтып бір қуантты.  Мемлекет басшысы 2025 жыл­ға қарай кемінде 100 мың білікті IT-ма­манын даярлау міндетін қойған еді. Сон­дықтан жаңадан құрылатын технопарк заманауи құрылғылармен жабдықталып, онда тиісті мамандар әзірленеді.

Жалпы, IT-нарығының көлемі жыл сайын артып, сала мамандарына сұраныс көбейіп келеді. Алдағы уа­қытта арнайы мектептер ашу жұмысы жан­данбақ. Осылайша, кадрлық мәселе біртіндеп шешіледі. Сондай-ақ министр Талдықорғандағы полиция департаментінің жедел басқару орталығы жұмысын оң бағалады. Қауіпсіз қала негізінде бейнебақылау камераларының маңызы зор.

Ескелді ауданы Жастар ауылынан келген Еламан Бердіқожа ғалам­тордың нашарлығы оқушыларға да, оқыту­шыларға да қатты әсер етіп жатқанын, айлық есеппен алғанда шығынның да мөлшері көп екенін сөз етті. Өзі жұмыс істейтін колледждің жұмысына тоқталып, еліміздегі жалпы 700-ге жуық колледж арнасын «kundelik.kz» сияқты бір жерге тоғыстырса деген де ұсынысын білдірді. Министр бұл мәселені Оқу-ағарту министрімен өтетін жиында айтатынын мәлімдеді.

Алдағы уақытта цифрландыру жөніндегі барлық шешім бірінші кезекте азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталмақ. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметтің басым бөлігін EGov порталы МGov мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына қазірдің өзінде жеке куәлік, вакциналау төлқұжаты, туу туралы куәлік және басқалары бар, жалпы саны 18 негізгі құжат цифрлы форматта қолжетімді. Мемлекеттік қызметтердің қолайлы болуы үшін кейбір екінші деңгейлі банк­тердің қосымшасы арқылы да ақпарат
алуға болады.

Министрдің халықпен кездесуі одан әрі Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында жалғасты. Кездесуде  облыс тұрғындарының 98,6 пайызы интернет желісіне қосылғанын, ал қалған 1,4 пайызына интернет 2023 жылға қарай толық қолжетімді болатынын, оның бір бөлігі спутник арқылы берілетінін қуанышпен хабарлады.

Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт министрге жылы лебізін білдіріп, Жетісу жерінде атқарылар іске байланысты ойын ортаға салды.

 

Жетісу облысы